Шариғат шәлісі «қара түсті» болуы керек пе?
Шариғат шәлісі «қара түсті» болуы керек пе?
11 жыл бұрын 9018

Сәлеметсіз бе! Қара түсті орамал тағудың шариғаттағы үкімі қандай? Біздің қазақта «қара жамылма» деп жатады, осыған сай қара кию дұрыс емес пе?  Нұрсәуле Әлімжан

Сәлеметсіз бе, Жасаған иеміз әйел кісілерге тән арнайы киім үлгісін бұйырғанымен[1], «қара түсті болсын» деген әмірі жоқ.

Деректерге қарасақ, шариғат шәлісіне қатысты Әхзәб сүресінің 59-аяты түскеннен кейін Мединелік сахабалардың әйелдері көшеге қара түсті киім киіп шыққандығы айтылады[2]. Дегенмен бұл  хадис қара түсті киім киюді міндеттемейді, тек өзге түстермен қатар, қара түсті де киюге рұқсат екендігін ғана көрсетеді.

Ал жалпы алғанда, дінімізде әркімнің өз талғамына сәйкес ұнаған түсін таңдауына ерікті, бұл - даусыз.

Бірақ мынаны айта кеткеніміз жөн, түс таңдар кезде салт-дәстүрді,  жергілікті менталитетті де назарға ұстаған абзал. Ертеректе қазақ халқында ері өлген әйел қара түсті киім киіп, аза тұтатын болған[3]. Осыған байланысты бірыңғай қара түсті таңдамаған жөн.

[1] Нұр – 31; Әхзәб – 59.
[2] Әбу Дәуід – 4101.
[3] Қазақ тілінің әмбебап сөздігі

Абдусамат Қасым