Өз ойымнан өзім шаршаймын. Не істесем болады?
Өз ойымнан өзім шаршаймын. Не істесем болады?
8 жыл бұрын 13278

Өз ойларыма өзім шаршаймын. Қатты қиналам. Ойлана бергендіктен басым да жиі ауырады. Тұрмыс құрғаныма 3 жыл болды баламыз жоқ.

Анон.

Құрметті сауал жолдаушы, ойлаудан, қайғырудан ешнәрсе жеңілдемейді. Бір жерден мынадай сөз оқығаным бар: «Әлдебір нәрсе ұнамаса, оны ауыстыр. Ауыстыра алмасаң оған деген көз-қарасыңды ауыстыр» - деген. Біз көп нәрсенің жақсы тұсына назар салмастан, ұнамаған жеріне айналсоқтап жатамыз. Көп нәрсенің жаман жағы да, жақсы жағы да бар. Жақсы тұсын да көре білу керек деген ойдамын.  Алла тағала Құран Кәрім, «Бақара» сүресінде былай деген:

«...Тегінде, сендерге ұнамайтын кей нәрседе өздерің үшін қайыр болуы мүмкін. Ал, жақсы көріп тұрған кей нәрседе сендер үшін зиян болуы мүмкін. Оны Алла біледі, сендер білмейсіңдер»[1].

Сондай-ақ, «Өткен - өтті. Болашақ – белгісіз. Қазіргі сәтке мән бер» дейді данагөйлер.

Құрметті сауал жолдаушы, Сіз Зәкәрия пайғамбармен тағдырлассыз. Зәкәрия пайғамбардың да жұбайы бала көтере алмай, қартайған шағына шейін балалары болмады. Қартайған шағында Зәкәрия пайғамбар Жаратушысына жалбарынып:

«Раббым, сүйегім қаусап, шашым ағарды. Саған тілеген тілектерім босқа кетпеген еді:  Шынында мен өзімнен кейінгі жақындарымнан (мұрагер бола алмайды деп) қорқамын. Және жұбайым да бала көтере алмайды. Сонда да маған өз қасыңнан бір мұрагер бере гөр!», -

- деді. Алла Оның тілеуін қабыл етіп, Яхя есімді ұл нәсіп етеді[2].

Ендеше, әр нәрсе Алланың қалауымен болатындығына сеніп, басқа түскен қайғыға сабырлық таныта отырып, болашаққа нық сеніммен қарағаныңыз абзал.  

Сөзіміңіздің соңын ардақты Пайғамбарымыздың мына бір хадисімен аяқтайық. Алла елшісі былай деген:

«Мүміннің жай-күйіне таң қаламын. Барлық жағдайда да ол үшін қайыр бар. Бұндай ерекшелік тек мүмін-мұсылмандарда ғана. Қуанышқа бөленсе, Аллаға шүкір етеді. Мұнысы сауап болады. Қайғыға дұшар болса, сабыр етеді. Онысына да сауап жазылады»[3].


[1] Бақара сүресі, 216 аят.
[2] Мәриям сүресі, 2-8 аят.
[3] Сахих Мүслім – Китабуз зүһд. № (5318) 2999

Абдусамат Қасым