Өрілмеген шашты ғұсылда жуу керек пе?
Өрілмеген шашты ғұсылда жуу керек пе?
9 жыл бұрын 31305

Әссәләмуғалейкум, аға! Сіздің "Əн-Нуқоя" дәрістерін тыңдап жүрген едім. Соған байланысты бір сұрақ мазалап жүр. Видео дәрістегі, «ғұсыл» тақырыбында "Айша анамыздан келген риуаят бойынша, ұзын шаш өрілген болса, тарқатпай-ақ үстінен 3 рет су құю жеткілікті делінген. Ал егер шаш өрілмеген, тарқатылған болса, толық шашты жуу керек" деп айтылган. Мешіттегі әйел ұстаздардан сұрасам олар: «шаш узын болса, мейлі өрілсін, мейлі өрілмесін, тубіне 3 рет су ағызу жеткілікті» - дейді. Яғни, əйел ұстаздардың жауабы бойынша, жүніп кезде шаштын түбіне су тигізсе жеткілікті. Ал, хайыздан кейін ғұсыл алатын әйел шашты толык жуады. Рақмет.

Майра

Уағалейкум әссәләм уа рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Ардақты Пайғамбарымыздың хадисіне қарағанда, әйел адам өріп алған өрімін ғұсыл алу барысында тарқатпаса да болады. Тек, шаштың түбіне судың тиюіне мән берілуі тиіс[1].  

Ендігі жерде, «өрілмеген жағдайда, бос жіберілген шашты толығымен жуу керек пе?» - деген сұраққа, Ханафи ғалымы Ибн Ғабидин үш түрлі тұжырымның барын айтады.

Біріншісі – шаш тарқатылған болса да түбіне судың тиюі жеткілікті, жайқалған шашты толық жуу шарт емес.

Екіншісі – тарқатылған шаш ғұсылда түгелдей жуылуы керек.

Үшіншісі – өрілген шашты сулап, сығу уәжіп[2].

Десе де, көпшілігінің тұжырымы бойынша, өрілмей, бос жіберілген шаш ғұсылда толығымен жуылғаны жөн[3].

Сондықтан да, Пайғамбарымыздың Айша анамызға (хайыз кезінде): «Шашыңды тарқатып, сосын жуын»[4], - дегендігін назарға алсақ, аталмыш мәселеде көпшілік ғұламалардың пайымын басшылыққа алғанымыз абзалырақ. Аллаһу аъләм!  

Және айта кету керек, бұрымын тарқатпай ғұсылдануға рұқсат еткен хадисті әйелдерге көрсетілген жеңілдік ретінде қарауға болады. Әсіресе, ұзын әрі қалың шашқа ие әйел адамдар әр ғұсылданған сайын бұрымдарын тарқатып, шаштарын жуып жатулары қиынға соғуы мүмкін. Ал, енді, шашы қысқа немесе шашы аса ұзын емес әйел адамдар ғұсыл құйынғанда шаштарын толықтай жуғандары жөн.


[1] Имам Мүслім: «Сахих Мүслім» - Бәбу Хукми Дафаир, №330: Хадисте Үмму Сәләмә былай деген: «Мен Алла елшісінен: Уа Расулалла! Шашымды өріп қоямын. Жүніп болған себепті ғұсылданатын болсам, тарқатуым керек пе?, – деп сұрадым. Сонда Алла елшісі: «Жоқ. Басыңа үш уыс су құйюың жеткілікті. Кейін үстіңе су құйып, тазаланасың.», - деп жауап берген. Хадистің басқа бір нұсқасында Үмму Сәләмә: «Хайыз себепті және жүніп себепті ғұсылданатын болсам, бұрымымды шешейін бе», - деп сұрайды. Пайғамбарымыз «Жоқ...» деп жауап береді. Бұл дегеніміз, хайыздан кейін де ғұсылданған адамның бұрымын шешуі шарт емес, бірақ, ұнамды әрекет.
[2] Ибн Ғабидин Мұхаммед Әмин ибн Омар ибн Абдуль Азиз: «Раддуль Мұхтар аляд дуррил Мұхтәр». 1 том. 287 бет. «Дару Алимиль Кутуб». Рияд. 2003 бет.
[3] Аләуддин әл-Кәсәни: «Бәдәиъус Санаиъу». 1 том. 269 бет; «әл-Фәтәуә әл-Һиндия», 1 том. 16 бет. Мулла Алиюль Қари: «Фатхуль Ъиная». 1 том. 57 бет.
[4] Ибн Мәжә: «Сүнән». №641 хадис.

Абдусамат Қасым