Ханафи мәзхабында төрт негізгі «фиқһ мәтіндерін» айтасыздар ма?
Ханафи мәзхабында төрт негізгі «фиқһ мәтіндерін» айтасыздар ма?
2 ай бұрын 2294

Жалпылама алғанда Ханафи мәзхабының «фиқһ» кітаптарын мына түрлерге бөлуге болады:

1) Іргелі негізгі асыл кітаптар. Бұларға: «Заһиру риуая» деп аталатын алты кітап жатады. Олар: «әл-Асл», «әл-Жәмиъус-Сағир», «әл-Жәмиъуль Кәбир», «әс-Сиәрус Сағир» (السِّيَرُ الصَّغِيْرُ), «әс-Сияруль Кәбир», «әз-Зиядат». Бұл кітаптарда Имам Мұхаммед (р.а.) өзінің ұстазы Имам Әбу Ханифа мен Имам Әбу Юсуфтің өз ауыздарынан естіп жазған пәтуалары мен шығарған шариғи үкімдерін, сондай-ақ, өзінің жеке тоқтамдарын топтастырған. Бұл топқа жататын кітаптар Ханафи мәзхабының өзегін құрайды.

2) Мәтіндер немесе Мұхтәсарлар. Мәтіндер – Ханафи мәзхабының фиқһи мәселелердің үкімдерін қысқа, әрі, нұсқа келтірген шағын кітапшалар. Мәтіндердің бір ерекшелігі -ауқымының шағын болғаны үшін жаттауға да, оқуға да қолайлы болуында. Мәтін кітаптары көп, бірақ соның ішінде ең көп оқылатын әрі ең көп сенім артылатын төрт мәтін кітабы бар. Олар:

  • «әл-Мұхтар лил-Фәтуә» (Авторы: Имам Маусули р.а. Оның шархы: Ихтияр);  
  • «Мәжмәъуль Бәхрайн» (Авторы: Имам Музаффаруддин Ахмед ибн Али әл-Маъруф бибнис Саъати),
  • «Кәнзуд Дәқоиқ» (Авторы: Имам Әбул Бәрәкәт Абдулла ибн Ахмед ән-Нәсәфи),
  • «Уиқоя ар-Риуая фи мәсәилиль Һидая» (авторы: Махмуд ибн Ахмед әл-Мәхбуби).   

Аталмыш мәтін кітаптарын жазған авторлардың фиқһи ілімі жоғары болғандықтан және ондағы үкімдердің «Заһиру риуая» кітаптарындағы үкімдерге көбірек жақын болғандықтан, кейінгі буын (мүтәаххир) Ханафи ғалымдары аталмыш төрт мәтін кітаптарына көбірек сенім артқан және ол кітаптарға кең түрде көптеген түсініктемелер жазған. Егер аталмыш төрт мәтін кітаптарындағы үкім мен басқа кітаптардағы үкім кереғар келіп қалса, аталмыш төрт мәтін кітаптарындағы үкім таңдалатын болған.

Бұл төртеуінен бөлек:

  • «Мұхтәсаруль Құдури»,
  • «Мұхтәсарут Тахауи»,
  • «ән-Нуқоя Мұхтәсаруль Уиқоя»,
  • «әл-Кәфи»,
  • «Нуруль Изах» сынды басқа да беделді мәтін кітаптары бар.

3) Шархтар (Түсініктемелер). Шағын фиқһ кітаптарына жазылған түсініктеме кітаптары. Шархтардың пайдасы – әлдебір фиқһ кітаптарындағы түсініксіз, екіұдай мағына беретін үкімдерді кеңінен тарқатып, автордың ойын ашып түсіндіріп беруінде жатыр. Шарх жазушы ғалымдар тек түсіндіріп қана қоймай, кітап авторының сүйенген дәлелдерін, ереже-қағидаттарын да қоса беріп отырады. Атақты шарх кітаптарына: «Бәдәиъус Санаиъ», «әл-Биная шархуль һидая», «әл-Мәбсут», «әл-Бәхрур Раиқ», «Фәтхуль Қадир», «Роддуль Мұхтәр» т.б. шарх кітаптары жатады.

4) «әл-Фәтәуә» (Пәтуалар кітабы). Беделді Ханафи фиқһ кітаптарындағы (шарх, мәтін) әртүрлі мәселелерге қатысты айтылған ғұламалардың пәтуалары мен үкімдерін теріп жазып топтастырған кітаптар. Пәтуа кітаптарында автордың өзінің де Ханафи фиқһ ереже-қағидаттарына сүйеніп шығарған жеке пәтуалары да орын алуы мүмкін. Ханафи пәтуа кітаптарына: «әл-Фәтәуә әл-Һиндия», «әл-Фәтәуә әт-Татархания», «Фәтәуә Қазыхан» т.б. жатады.

Ескерте кетелік: Ханафи мәзхабының фиқһ кітаптары жоғарыда сайып өтілгендермен шектелмейді. Бір тек «фиқһ» саласына жазылған жүздеген, мыңдаған Ханафи фиқһ кітаптары барын білуіміз тиіс. Оның бәрін бір мақала ішіне сиғызу мүмкін емес. Сол себепті, ең көп танымал кітаптардың бірнешеуін ғана мысал ретінде беріп өттік. Және де бүгінгі тақырып, тек фиқһ кітаптарына қатысты болды. Онымен қоса «фиқһ усулі» (Ханафи үкім шығару әдістемесі) саласына жазылған кітаптар да баршылық, олар өз алдына бөлек әңгіме.

Құдайға шүкір, ертеректегі дін ғалымдарымыз кейінгі ұрпақтың ілімінің таяз боларын білгендей, өз уақыттарында іргелі діни еңбектер жазып, біздерге мыңдаған қымбат мұра қалдырып үлгерген екен. Қазіргі таңда солардың қалдырған мұрасының жемісін жеудеміз. Алла баршасынан разы болғай! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!

Абдусамат Қасым