Хайзға қатысты сұрақ
Хайзға қатысты сұрақ
7 жыл бұрын 6770

Әссәләмуғалейкум! Сізге, ұят болса да қояр сұрағым бар. "Етеккірім кеше кетті" деп ойлап, түсте ғұсыл құйынып, намазымды бастадым. Күн батқаннан кейін қарасам, тағы бір тамшы қан тамыпты. Бұл жағдайда не істесем болады? Қайта ғұсыл құйынам ба? Анон.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Ұлы сөздің ұяттығы жоқ, сұрағыңыз орынды. Пайғамбарымызға да (с.а.у.) аталмыш мәселе төңірегінде сауалдар қойылып жататын.

Сұрағыңызға келер болсақ: хадис кітаптарында орын алған риуаятта Пайғамбарымыздың жұбайы Айша анамыз (р.а.) былай деген:

«Егер, әйел кісі қан көрсе, әк сияқты ақ түстіні көргенше намазды қоя тұрсын[1]. Қашан ақ түстіні көрген болса, ғұсылданып, намазын оқысын. Одан соң (ақ түстен кейін) сары не бұлыңғыр[2] түс көрген болса, дәрет алып, намаз оқысын, ал қызыл сұйықтық көрсе, ғұсылданып барып намаз оқысын»[3].  

Ендеше, сіздің жағдайда уақыты кірген намаздың ақырғы сәтіне шейін аялдайсыз (яғни, намаздың мұстахаб уақыты аяқталғанға шейін). Ол уақытқа шейін тамшы көрінбесе, қайта ғұсылданып (немесе күн суықта шомылуға жағдайы жоқтар таяммум соғып), намазды оқисыз. Бұл айтқанымыз он күн ішінде орын алған жағдайға қатысты. Өйткені, хайыздың ең көп келу уақыты – он күн. Ал, он күннен кейінгі көрінген қан – үзір қаны саналатындықтан, ол үшін қайта ғұсылданудың қажеті жоқ. Дәрет жаңартса болғаны.


[1] Риуаяттың арапшасындағы «қасса - فالقَصَّة البيضاء» сөзіне түрлі мағына берілген. Кей кітаптарда «қасса» деген бас жуғыш шампунь іспетті су сабын» десе, кей кітаптарда: үй сыртын сылайтын «гипс» іспетті материал» деген. Біз оны «әк» деп аударып отырмыз.
[2] Арапша нұсқасында «кудра – كُدْرَةٌ» сөзіне "лай сумен түстес" деп анықтама берілген. Біз «бұлыңғыр түс» деп аударма беріп отырмыз.
[3] Бәдруддин Айни: Умдатуль Қари – 3/173 бет. 

Абдусамат Қасым