Хайызға байланысты екі сұрақ
Хайызға байланысты екі сұрақ
5 жыл бұрын 10360

- Жауап беріңізші, хайыз таңертең тоқтап бірақ толық сенімді болу үшін кешке ғұсылданса сол күнгі намаздар қаза болып қалмай ма?

- Хайызы тоқтаған әйел уақыты кірген намаздың мұстахаб уақытының ахырғы бөліміне дейін күтеді. Егер, оған дейін хайыз көрінбесе, ғұсылданып әлі уақыты шықпаған намазын оқып алады. Мәселен, таң намазында хайыз тоқтаған болса, сол таң намазының шығуына шамамен 20-30 минут қалғанға шейін күтіп, кейін хайыз көрінбесе ғұсылданып намазыңызды оқи бересіз.  

- Тағы сұрағым, хайыз 10 күнге созылып кетсе, 10-ші күні құптан уақытында ғұсылданып намаз оқи берсек бола ма, әлде 11-ші күні ме?

- Хайыздың ең аз уақыты – үш күн. Мәселен бір күн қан келіп тоқтап қалса, ол хайыз емес, дәрет алып намаз оқи бересіз. Ал, хайыздың ең көп уақыты – он тәулік, яғни 240 сағат. Сондықтан да, хайыздың келуі 10 күнге созылып кеткен жағдайда, о баста келген сәттен бастап есептегенде, 240 сағат өткен болса, ғұсыл құйынып намазыңызды оқи бересіз. Одан кейінгі көрінген қандар үзір қаны саналып, әр уақтылы намазға тек дәрет жаңартып тұру керек болады.  

Абдусамат Қасым