Хайыз-нифас кезінде тырнақ алуға болмайды екен. Осы рас па?
Хайыз-нифас кезінде тырнақ алуға болмайды екен. Осы рас па?
5 жыл бұрын 8170

Жүніп, хайыз не нифас кезінде тырнақ алуға бола ма? Естігенім бойынша, оларды Жүніп халде алсақ, олар қияметте "Бізді сен лас күйде болған кезде денеңнен ажыраттың" деп шагым айтады екен. Рас па?  Нұрлыбек.

Кейбір Ханафи фиқһ кітаптарында бір мұсылманның жүніп кезінде шаш пен тырнақтарын алуы мәкруһ саналған[1]. Осыған салыстыра отырып, хайыз-нифас халінде де шаш-тырнақ алмауды абзал деп есептеген ғалымдар бар.  

Алайда, бұған негіз боларлықтай нақты дәлел кездеспеген[2]. Керісінше, табиғин ғұлама Ата ибн Әби Рабах: «Жүніп адам дәрет алмаса да хижама жасайды, тырнағын алады, шашын қысқартады» дей келе, жүніп кезінде бұл істерді жасаудың мәкруһ еместігін баса айтқан[3].

Оның үстіне дінімізде жүніп адам таза саналады. Бір күні сахаба Хузайфа (р.а.) жүніп халінде Пайғамбарымызбен ұшырасып қалады. Сол сәтте Хузайфа кейін қайтып, ғұсыл құйынып келеді де Алла елшісіне: «Мен жүніп етінмін» деп, жүніп бола тұра Онымен кездесуді дұрыс көрмегенін айтады. Сонда Алла елшісі оған: «Шынында Мұсылман нәжіс болмайды» деп, ғұсылсыз кезде де болмысының таза күйінше қала беретіндігін білдірген[4].

Ендеше, жүніп кезінде немесе хайыз-нифас кезінде алынған тырнағының қиямет күні «бізді лас күйінде денеңнен ажыраттың деп шағымданады» деген сөздің шындыққа жанаспайтындығын ұғынуға болады. 

Демек, жүніп және хайыз-нифас кездерде шаш-тырнағын немесе артық түктерін алуының күнәсі жоқ. Ең дұрысы – Аллаға мәлім! 


[1] «Әл-Фәтәуә әл-Һиндия» - 5/438 бет.
[2] Тым әлсіз саналған бір риуаятта: «Ешқайсысың таза емес кезінде тырнағын алып, шашын қысқартпасын. Оны тек таза кезінде істесін... Өйткені, шашты  тек таза болған кезінде денесінен алып тастауы тиіс», - делінген. Бұл хадиске хадисші ғұлама Ибн Ражаб әл-Бәғдәди «Сахих Бұхариға» жазған түсіндірмесінде «жалған хадис» деп баға берген. (Зәйнуддин Әбуль Фәрәж ибн Ражаб әл-Хәнбәли: «Фәтхуль Бәри Шарху Сахихиль Бұхари». 24 тарау).
[3] Имам Бұхари: «Сахих Бұхари». 24 баб.
[4] Имам Мүслім: «Сахих Мүслім».

Абдусамат Қасым