Әйел кісі махрамсыз умраға бара ала ма?
Әйел кісі махрамсыз умраға бара ала ма?
6 жыл бұрын 20426

Әссәләмуғалейкум! Әйел адам умраға махрам ретінде бір топ әйелдермен кетуге бола ма? Міндетті түрде қасында жақыны болуы керек пе? Алла разы болсын! Дина.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Ханафи мәзхабы мен Ханбали мәзхабы бойынша, кіші қажылық болсын, үлкен қажылық болсын, қашықтағы (ең аз үш күндік) әйел адам қасында ері не махрамы болмай (әкесі, інісі, ағасы, баласы, қайын атасы т.б.) өз бетінше бара алмайды. Барған жағдайда, ұмрасы не қажылығы саналғанымен, махрамсыз барғаны үшін күнә жасаған болады.

Шафиғи мәзхабы мен Мәлики мәзхабынша, өмірінде бір рет қажылық парызын өтеу үшін әйел адам махрамсыз-ақ өз бетінше сапар шегуіне құқылы. Ең бастысы – жол қауіпсіздігі әрі жанында бір топ сенімді әйел жамағатының болғаны дұрыс. Бұл айтқанымыз парыз болған қажылық үшін.

Ал, қажылық парызын бұрын өтеп, сонда да қосымша нәпіл қажылыққа немесе Имам Мәлик бойынша умраға барғысы келген әйелдер тек махраммен ғана бара алады. Оларсыз баруларына болмайды.  

Бұл мәселеде Шафиғи мәзхабының Мәлики мәзхабынан бір айырмашылығы – Шафиғи мәзхабында әйел адам өмірінде бір рет умра қажылығына да махрамсыз баруына құқылы. Себебі, бұл мәзхабта өмірде бір мәрте умра қажылығын жасау – парыз саналады. Ал, Мәлики мәзхабында умра сүннет амалына жатады, әйел кісіге оны өтемесе де болады, махрамсыз болса да умра қажылығын өтеуіне зәрулік жоқ.  

Қорытындылай келе, қажылыққа не умраға мүмкіндігінше жақын еркек туысымен немесе жарымен бірге еріп барғаны абзал. Ондай мүмкіндікке ие емес әйел кісілер Шафиғи мәзхабына сүйене отырып, ата-аналарының не күйеулерінің рұқсатымен сенімді әйелдер жамағатына ілесіп, өмірінде бір рет умраны не қажылық парызын өтеп келуіне болады деуге негіз бар. Ең дұрысы - Аллаға мәлім! 

Ескерту: Сауд Арабиясының заңына сәйкес 45 жасқа толмаған әйел кісілер махрамсыз қажылыққа бара алмайды.

Абдусамат Қасым