Әйел кісі махрамсыз, жалғыз өзі сапарға шыға ала ма?
Әйел кісі махрамсыз, жалғыз өзі сапарға шыға ала ма?
5 жыл бұрын 15849

Ассаляму аляйкум! Махрамсыз туысы, күйеуі жоқ әйелдің басқа қалаға жұмыс іздеуге (ол жақта ешкімі жоқ) немесе шетелген оқуға сапары қалай болады? Гүлім. 

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

«Сахих Мүслімде» орын алған хадисте, сахаба Әбу Сәғид әл-Хүдриден жеткен риуаятта Алла елшісі былай деген:

لَا يَحِلُّ لِامْرَأَةٍ تُؤْمِنُ بِاللهِ وَالْيَوْمِ الْآخِرِ، أَنْ تُسَافِرَ سَفَرًا يَكُونُ ثَلَاثَةَ أَيَّامٍ فَصَاعِدًا، إِلَّا وَمَعَهَا أَبُوهَا، أَوِ ابْنُهَا، أَوْ زَوْجُهَا، أَوْ أَخُوهَا، أَوْ ذُو مَحْرَمٍ مِنْهَا

«Аллаға және ақірет күніне иман еткен әйелдің үш күндік не одан көп күндік жерге сапарға шығуы халал емес. Бірақ, өзімен бірге әкесі немесе баласы яки күйеуі, не болмаса, бауыры т.б. махрамының бірі болса, ол басқа»[1].

Осыған орай, көпшілік ғұламалар, соның ішінде Ханафи ғалымдары үш күндік ұзақтықта орналасқан жерге әйел кісінің жалғыз өзі жолаушылап кетуін харам деп санаған. Одан аз қашықтыққа рұқсат.

Әйткенмен, Хадистегі тыйымның түпкі себебін «қауіп-қатердің алдын алу» деп түсінген кей ғалымдар: егер жол амандығы сақталған болса, әрі әйел үшін жол бойы ешқандай қауіп-қатер туындамайтын болса, жолға махрамсыз шығуына рұқсат дейді. Өйткені, Алла елшісі Ади ибн Хәтәм деген кісіге болашақта болатын жағдайларды баяндай отырып былай деген:

 فإنْ طالتْ بكَ حياةٌ لَتَرَيَنَّ الظَّعِيْنَةَ -المرأة- ترْتَحِلُ مِن الحِيرةِ حتى تطوفَ بالكعبةِ، لا تخافُ أحدًا إلا الله»

 أخرجه البخاري

«Егер ұзақ жасайтын болсаң әйел адамның Алладан басқа ешкімнен қорықпаған күйі Хирадан (Ирактағы қалашық) Кағбаны тауаф ету үшін сапар шеккенін көресің»[2].

Расында да Ади ибн Хәтәм ұзақ жасап, Алла елшісі айтып берген келешектік жəйттардың біразына куә болады. Соның ішінде әйел адамның Хирадан (Ирактан) Меккеге қарай жалғыз өзі жолаушылап шығатындығына да куә болады. «Мен әйел баласының Алладан басқа ешкімнен қорықпаған күйі Хирадан Кағбаға қарай (Мекке) тауаф етуі үшін сапар шеккенін көрдім» дейді Ади хадистің соңында[3].

Осы хадиске қарағанда, жол қауіпсіздігі сақталған жағдайда әйел кісінің жалғыз өзі жолаушылап шығуына рұқсат екендігін ұғынуға болады.

Алайда кей ғалымдар аталмыш хадистің тек «болашақтан хабар беруші» ретінде келтірілгенін, ондай хадистерден «харам» не «халал» деген үкім шығарылмайтындығын алға тартады.

Қазіргі таңдағы дін ғалымдары да әртүрлі тұжырым білдірген. Бірсыпырасы үзілді-кесілді әйел кісінің жалғыз өзі сапарға шығуына қарсы. Бірсыпырасы, егер қауіп-қатерден аман болса, рұқсат деген.

Сөзімізді білікті ғұлама Юсуф Қардауидің сөзімен қорытындылайық. Ол өзінің бір жазбасында «әйелдің қажылыққа жалғыз өзі баруы" мәселесін талқылай келе былай деп өтеді:

«Осы тұрғыда екі маңызды қағиданы қоса кеткіміз келеді:

Бірінші қағида: муамəлəт үкімдерінде негіз - үкімдердің мән-мағынасына және ондағы көзделген мақсатына үңілу. Ал, ғибадатқа қатысты үкімдерде мән-мағынасына және түпкі мақсатына үңілместен бойсыну («тааббудилік») және оны сол күйінше орындау (Имтисәл). Имам Шатыйбидің түсіндіріп, тарқатып айтып бергені секілді.

Екінші қағида: "Лизәтиһи харам" болғандар тек аса зәру жағдайларда ғана халал үкімін алады. Ал, әлдебір нәрсенің алдын алу үшін харам болғандар ("лисәддиз зариъа" харам болғандар), қажеттілік туындаған жағдайларда халал үкімін алады.

Күмәнсіз, әйел кісінің махрамсыз жолға шығуының харам болуы - әлдебір нәрсенің алдын алу үшін харам етілген жағдайлар қатарынан.

Оның үстіне, қазіргі замандағы жолаушылық, бұрынғы замандардағы жолаушылық тәрізді емес. Бұрынғы замандарда жол жүру қатерлі тұғын. Бір жаққа бару үшін жалғыз өзі шөл даланы кесіп өту керек болатын. Жол-жөнекей ұры-қарыларға ұшырасатын т.б. Ал, қазіргі таңда сапар бірнеше жолаушыларды тасымалдайтын көліктермен жүзеге асатын болды. Мысалы, парохоттар, ұшақтар, үлкенді-кішілі автокөліктер лек-легімен шығуда. Бұл толық сенімділікті тудырады, көңілде әйелдің қауіпсіздігіне деген қорқыныш сезімін жояды. Себебі, ол қай жерде болса да жалғыз өзі емес. Сол себепті, осындай кәміл сенімділік пен амандық атмосферасы сақталған жағдайда әйел кісінің махрамсыз қажылыққа аттануында ағаттық жоқ. Тәуфиқ Алладан!»

Абдусамат Қасым 


[1] Сахих Мүслім.
[2] Сахих Бұхари.
[3] قَالَ عَدِيٌّ: فَرَأَيْتُ الظَّعِينَةَ تَرْتَحِلُ مِنَ الحِيرَةِ حتَّى تَطُوفَ بالكَعْبَةِ لا تَخَافُ إلَّا اللَّهَ،