Әйел адамның шашын тақырлап алып тастауының діндегі үкімі қандай?
Әйел адамның шашын тақырлап алып тастауының діндегі үкімі қандай?
3 жыл бұрын 3031

Ассаляму’алейкум! Осы қыз баласы шашын қысқартып, басын тақырлап алып тастауына бола ма? Исламда бұның үкімі қандай?

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Ислам дінінде әйел кісінің шашын қысқартуына рұқсат етілген, бірақ тықырлап алып тастауына рұқсат жоқ. Қандай да бір үзірсіз тақырлап алып тастауы харам саналған. Өйткені, сахаба Әзіреті Әлиден (р.а.) жеткен хадисте былай делінеді: «Пайғамбарымыз (с.а.у.) әйел кісінің шашын тақырлап алып тастауын тыйды»[1].

Тағы бір хадисте: «Әйелдер шаштарын тақырлап алмайды. Әйелдер шаштарын қысқартады» - делінеді[2].

Төрт мәзхабтың төртеуінде де әйел кісінің шашын жайдан-жай тақырлап алып тастауы құпталмайтын, күнә іс[2]. Бірақ әлдебір сырқаттық себепті немесе басына шыққан жараларды емдеу мақсатында немесе ота жасау сияқты зәру жағдайларда тақырлап алуына рұқсат. Бұл жайында кітаптарда былай делінген:

«Әйел кісі шашын әлдебір үзір себепті немесе әлдебір сырқаттық себепті тықырлап алып тастайтын болса, Ханафи мәзхабында және Хәнбәли мәзхабтарында әбес емес»[4].


[1] Имам  Тирмизи: «Сүнәнә». №914 хадис; Нәсәи: №5049 хадис.
[2] Әбу Дәуід: «Сүнән». №1984 хадис.
[3] Ханәфи мен Мәлики мәзхабтарында және Хәнбәли мәзхабындағы екі тұжырымның бірінде - әйелдің шашын алып тастауы харам, ал Шәфиғи мәзхабында мәкруһ, дегенмен "харам" де кесіп айтқан Шәфиғи ғалымдары бар.
[4] «Әл-Мәусуъатуль Фиқһиятуль Куәйтия». 18/96 бет.

Абдусамат Қасым