Әйел адам киім алғанда қандай талаптарды ескеру керек?
Әйел адам киім алғанда қандай талаптарды ескеру керек?
11 жыл бұрын 35117

Хижжаб киетiн кыздардың өтініші бойынша сұрап отырмын: Базарда және магазиндерде сатылатын ұзын етек пен көйлектер тырысып тұрады, ягни адамның дене-бітімін айқындап (фигураны) тұрады. Олардан басқа киiм кию үшiн бағасы қол жетiмсiз болып тұр. Амалдың жоқтығынан бұл киiмдердi киюге бола ма? Айдана Әуезхан

Қадірменді Айдана, шариғаттың талабы бойынша әйел кісінің (көшеге шыққандағы[1]) киетін киімінің үлгісі мынандай талаптарға сай келуі тиіс:

  1. Шариғатта рұқсат етілген жерлерден тыс, барлық денесі жабық болу тиіс. Құран Кәрімде: «...Сондай-ақ, зейнеттерін (шариғатта ұятты деп саналатын жерлерін) көрсетпесін. Бірақ олардың өздігінен көрінгендері басқа...»[2], - делінген.
  2. Дене көрінетіндей жұқа болмауы тиіс. Деректерге қарағанда Тәмим тайпасынан бір топ әйелдер Айша анамызға келеді. Үстеріне жұп-жұқа, қабыршықтай киім киген екен. Әзірет Айша оларға: «Егер мүмин-мұсылман болсаңдар, мына киімдерің мұсылман әйелдің киетін киімі емес»,- деп ескерту жасаған екен[3].
  3. Дене-бітімін сырт көзге қатты бедерлеп тұратындай тырысқан болмауы тиіс.  Сахаба Усама ибн Зәйдтің айтуынша Пайғамбарымыз оған (Усәмаға) мысырда жасалған қалың «құбтыя» деп аталатын киім кигізеді. Ал, Усама оны өз әйеліне береді. Кейінірек Пайғамбарымыз (с.а.у):
    - Сен неге (өткендегі киімді) Құбтыяны кимей жүрсің? - деп сұрайды. 
    - Әйеліме кигіздім, - деп жауап қайырады Усама.
    Сонда Алланың елшісі Усумаға:
    - Әйеліңе барып айт, оның ішінен ҒИЛӘЛӘ (ішінен киетін киім) киіп алсын. Құбтыяның өзін ғана киетін болса, сүйегінің көлемін (дене-бітімін)   сыртқа кескіндеп тұрады ма деп қорқамын, - деп ескертті[4].
  4. Ер кісілерге тән киім болмауы тиіс. Ер кісілердің өздеріне тән киімі, әйел кісілердің өздеріне тән киімі бар екендігі мәлім. Ендеше, ел арасында ер кісілерге тән киім ретінде танылған киімді  әйелдің киюіне болмайды.  Сахаба Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Пайғамбарымыз (с.а.у)  ер кісілердің киімін киген әйелді және әйел кісілердің киімін киген ер кісілерді лағынеттеген»[5].

Сондықтан, сауда орындарында киім сатып алғысы келген мұсылман қыз қолдан келгенше өзіне жарасымды әрі аталмыш талаптарға сайкесін таңдағаны дұрыс. Ондай киімдердің табылуы қиынға соқпас. Киген киімі дене-бітімін сырт көзге қатты айқындап, бөтен еркектердің көңілін бұзардай тыртиып тұрса, мұнысы шариғат киімін киюдегі мән-мағынаға қайшы болмақ. Ең дұрысы Аллаға мәлім.

[1] Немесе бөтен ер кісілердің алдында жабылуы тиіс жерлер
[2] Нұр-31.: өздігінен көрінетін жерлер - Жүзі, білезікке дейін қолы, тобыққа дейін аяғы.
[3] Құртуби тәпсірі – Ахзаб сүресі, 59 аят түсіндірмесі.
[4] فإني أخاف أن تصف حجم عظامهاИмам Ахмәд риуаят еткен. (Әш-Шәукәни, Нәйлуль Аутар - №588 хадис.); Әбу Дәуід – Китабул либәс – 4116 хадис. (Ъаунул маъбуд)
[5] Әл-Хәким: әл-Мүстәдрак – Китабул атъима - №3087 хадис.

Абдусамат Қасым