Әйел адам басындағы орамалына мәсих тартса бола ма?
Әйел адам басындағы орамалына мәсих тартса бола ма?
11 жыл бұрын 24645

Бір кісіден естуім бойынша дәрет алған кезде бастағы орамалға мәсих тартса болады екен, сол рас па? Орамалдың үстінен мәсих тартса бола ма? Айнұр.

Қадірменді Айнұр, әйел кісі де ерлер секілді, дәрет алғанда басының кем дегенде төрттен біріне[1] мәсих тартады[2]. Орамалдың үстінен тартылған мәсих - жарамсыз. Өйткені Алла тағала дәретте жуылуы керек жерлерді баяндау барысында: «Бастарыңа мәсих тартыңдар», - деу арқылы, орамалға яки сәлдеге емес, бастың өзіне мәсих тарту керек екендігін ашық бұйырып тұр. Жасағанның әмірі әмәнда бұйырылғандай орындалуы тиіс. 

Бұл - Ханафи, Мәлики және Шафиғи мәзхабтары[3] бойынша. Деректерге сүйенсек,  Имам Ахмед ибн Ханбәлдің де «әйел кісі орамалының үстінен емес, оның астынан басына мәсих тартады» деген көзқарасы бар[4].

Орамалға мәсих тартпайды дегенге қосымша дәлел келтірер болсақ, Хадисші Әбу Бәкір әл-Бәйхақи (қ.ж.: Х.458 ж) келтірген риуаятта: «Әзірет Айша анамыз дәрет алғанда, басындағы орамалының астына қолын кіргізіп, басына мәсих тартқандығы айтылады[5]».

Сондай-ақ, сахаба Абдулла ибн Омардың жұбайы Сафия бинт Әби Ъубайд деген кісі дәрет алу барысында орамалын шешіп, сулы қолымен басына мәсих тартатын болған[6].

Әбу Дәуідттің хадистер жинағында келтірілген риуаятта сахаба Әнәс ибн Сәбит «Алла елшісі дәрет алғанда, басындағы сәлдесінің астынан қолын сұғып, басының алдыңғы бөлігіне мәсих тартқандығын, бірақ сәлдесін шешпегендігін» айтады[7].

Ендеше, әйел кісінің орамал үстінен мәсих тартумен шектелуі - басқа масих тартқан болып саналмайды.

[1] «Төрттен бірі» деуіміздің себебі, Пайғамбарымыз   бастың жоғары жағының алдыңғы бөлігіне –مقدم الراس -мәсих тартқандығы Әбу Дәуідттің хадистер жинағында келтірілген («Бәбул Мәсхи ъалял Ъамама» - №147 хадис).  Муслимнің хадистер жинағында ( №274 хадис) Алла елшісінің маңдайға (бастың жоғары жағының алдыңғы бөлігіне) мәсих тартқандығы айтылады. Осыған қарап мәсих етілетін жердің мөлшері ең кемі маңдайдың көлеміндей болуы тиіс,  яғни бұл бастың төрттен біріне сай деген ғалымдар (Хидая: Китабут Тахарат. Әл-Биная).
[2] Маида – 6 аят.
[3] Әс-Сәрахси, әл-Мәбсүт: «Мәсху ъалал-Хаффәйни» - 1/101 бет; 
     Әл-Қирафи әл-Мәлики, әз-Зухайра: «Китабут Таһарат» – 1/267 бет.;   
[4] Ибн Құдама, әл-Муғни: «Китабут Тахарат» - 1/313 бет.
[5] Әл-Байхақи: «Бәбу ижәбил мәсх бир-ра’си» - №283 хадис. 1/101 бет.
[6] Әл-Байхақи: «Бәбу ижәбил мәсх бир-ра’си» - №286 хадис. 1/101 бет.
[7] Әбу Дәуід: Китабут Тахарат – 147.

Абдусамат Қасым