Цифрлық теңге енгізуде қандай қауіп-қатер бар?
Цифрлық теңге енгізуде қандай қауіп-қатер бар?
4 жыл бұрын 2233 Құралай Құдайберген

ҚР Ұлттық банкінің дерегінше жаңа форматтағы ақшаны енгізу 5 сатыдан тұрады

Пандемия әлемде цифрлық технологиялардың қарқынды дамуына ықпал етті. Қашықтан жұмыс істеп, желі арқылы білім алумен қатар қолма қол емес төлемдер де рекордтық көрсеткішке жетті. Енді, міне, жаһан алпауыттары ұлттық валюталарының цифрлық нұсқасын жасап, сынақтан өткізуді бастады, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Қытай көш бастап тұр

Халықаралық есеп айырысу банкі сауалнамасына сәйкес, 2021 жылы сауалнамаға қатысқан 65 елдің 86%-ы цифрлық ақша енгізуді зерттеуде. Олардың 60%-ы технологиялық сынақ сатысына жетсе, 14%-ы пилоттық жобаларды іске асыруда. Нарықтық қатынастардың эволюциясы, экономикалық қажеттіліктер, ғылыми-техникалық прогрестің нәтижесінде Қытай бірінші болып 2014 жылы «цифрлық юань» жобасын қолға алған. 2020 жылы заңсыз ақша аударымдарын қадағалауға үмітті Бейжің жаңа валютаны 4 ірі қалада сынақтан өткізді. Енді 2022 жылғы қысқы Олимпиада ойындарында оны толыққанды айналымға енгізуді жоспарлап отыр.  Бұл көштен «кәрі құрлық» елдері де артта қалған жоқ. Жуырда Швеция Орталық банкі e-Krona-ны сынақтан өткізетінін мәлімдеді. Ал көрші Ресейде 2020 жылдан бері нарық қатысушыларымен бірге цифрлық рубльдің артықшылықтарын, экономикалық қауіп-қатерді жан-жақты талқылауда.  Бұл үдерістен Қазақстан да артта қалған жоқ. Жуырда ҚР Ұлттық банкі цифрлық теңге бойынша жария талқылау басталғанын хабарлады. Реттеушінің дерегінше, жаңа форматтағы қаржыны енгізу 5 сатыдан тұрады. Қазіргі кезде оның 3-і аяқталып, пилоттық жобаның зерттеу баяндамасы көпшілік назарына ұсынылды. Алда жобаның қорытынды және жүзеге асыру кезеңдері бар. 

Сандық теңгені криптовалютамен шатастырмау керек

Tickmill халықаралық брокерлік топ сарапшысы Арман Бейсембаев цифрлық теңге қолма-қол ақшаны немесе қолма-қол емес ақшаны ауыстыруға арналмағанын айтады. Ол осы екі төлем жүйесімен қатар пайдаланылады. Ал бастысы сарапшы сандық ақшаны қазіргі кезде танымал криптовалюталармен шатастырмау керек деп есептейді. «Криптовалютадан басы айырмашығы - Ұлттық банк цифрлық теңгенің эмитенті болады. Яғни, оған қатысты барлық міндеттемені реттеуші өзіне алады. Әрі әдеттегі қолма-қол ақша секілді онымен барлық жерде төлем жасауға болады. Азаматтар мен компаниялар оны заңды төлем, сондай-ақ жинақ құралдары ретінде пайдалана алады. Ішінара ұқсас технологиялық тәсілдерге қарамастан, криптовалюталар және стейблкоиндер ақша емес. Олар ақшаның қызметін толық атқара алмайды. Мәселен, тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу үшін пайдаланылмайды, сондай-ақ ресми ақшалай есеп айырысу бірліктерінде көрсетілген құнының тұрақсыз болуына байланысты толыққанды айналыс құралы ретінде қолданылмайды», – дейді сарапшы. 

Танымал экономист, «DAMU Capital Management» ЖШС бас директоры Мұрат Қастаев теңгенің баламасын енгізуді мәжбүрлі шара деп есептейді. Оның пікірінше бүгінде халықтың криптовалюталарға қызығушылығы артқан.  «Орталық банктер мемлекеттің бақылауына алынбаған ақша форматтарының еркін айналымына жол бермеу тәсілдерін зерттеп жатыр. Ал сандық теңге жасау криптовалюталардың барлық артықшылықтарын пайдаланып, оның кемшіліктерін алдын алуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда әлемдегі 50-ге жуық орталық банктер өздерінің осындай ақшасын әзірлеуде. Қазақстан үшін цифрлық теңге қаржы жүйесі мен төлем технологиялары эволюциясындағы жаңа қадам болады. Реттеушінің дерегінше, ол криптовалюталарға қарағанда қауіпсіз, әрі дәстүрлі төлем жүйелерінен тыс аударым сынды артықшылықтарға ие», – дейді экономист.  Сонымен қатар, экономист теңгенің сандық баламасы интернет-банкингтерден де бөлек болатынын айтады.  «Интернет-банкингтерден түбегейлі айырмашылық - банктердегі және төлем жүйелері шоттардағы ақша тек осы жүйенің шоттарындағы жазбалар. Цифрлық қаржы - әрбір жеке теңгенің бірегей цифрлық коды және оның қолдану аясы да кең», – дейді Мұрат Қастаев.

Артықшылықтары мен кемшіліктері 

Реттеуші әзірлеген жаңашылдықтың маңызды ерекшеліктерінің бірі - төлемдер мен аударымдарды интернетке қосылусыз жүзеге асыру. Бұл интернетке қол жетімділік төмен немесе байланыс жоқ шалғай елдімекендер үшін өте маңызды.  «Болашақта жаңа форматтағы қаржы қолма-қол ақшадан бас тартуды ынталандыруы ықтимал. Сондай-ақ, ол мемлекеттік шығыстардың бір бөлігін қосымша қадағалу тұрғысынан маңызды. Бұл сыбайлас жемқорлықты азайтуға көмектеседі. Менің ойымша, сандық теңге ақша-несие реттеушілері үшін оң қадам саналады және орталық банктердің жаңа форматтығы қаржыны енгізген кезде, қазіргі уақытта танымал криптовалюталардың жұмысы күрделенеді және мемлекет оларды бақылауға алады», – деп атап өтті танымал экономист Мұрат Қастаев. 

Цифрлық ашқа ұрланбай ма?

Халықаралық брокерлік топ сарапшысы қолма қол қаржының баламасы енгізілгеннен кейін кибершабуылдар сынды түрлі қауіп-қатерлердің орын алатыны заңды деп есептейді.  Сондықтан ол Ұлттық банк жүйенің қауіпсіздігіне баса назар аударады деп үміттенеді.  «Әмиянда ақша болса оны ұрлап кету қаупі бар. Сол сияқты шоттағы ақшаны ұрлауға тырысу әрекеттері, түрлі кибершабуылдар болуы мүмкін. Мұны жоққа шығаруға болмайды. Реттеуші аталмыш жүйенің қауіпсіздігіне күш салады деп ойлаймын. Бұған қоса, жалған цифрлық теңге жасаушылар да пайда болуы ықтимал. Оны да жоққа шығаруға болмайды. Яғни, қандай да өзгеріс орын алған кезде соған сай қауіп-қатерлер болады. Оған халық, жүйені жасаушылар да дайын болуы керек», – деп түйіндеді Арман Бейсембаев.

Жаңа жүйені ұсынған Бағдат Мусин болатын

Былтыр сол кездегі Президент кеңесшісі, қазіргі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин теңгені цифрлық форматқа ауыстыру туралы ұсыныс жасаған еді. Тіпті, сол арқылы мемлекеттік бюджетте қаржы қозғалысын қадағалап, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің ең тиімді тәсілі ретінде қолдануға болатынын мәлімдеді.  «Әрбір теңге цифрландырылады және оның қайда жұмсалғанын көруге болады. Егер мұндай құрал ұсынылса, бүгінде болып жатқан көп жағдайдан аулақ болуға болады. Адамдар жүйені алдау мүмкін емес екенін түсініп, оған бағынып, заң бойынша жұмыс істей бастайды», - деген Бағдат Мусин. 

0 пікір
Мұрағат