Терроризм туралы жалған ақпарат таратқанның жазасы қандай?
|
Біле тұра террорлық акт жайлы жалған ақпарат беру – адам өміріне қауіпті шығын алып келетін қылмыс, деп хабарлайды bag.kz ақпарат көзі Түркістан облысы прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Бұндай ақпаратты беру тәсілі әр түрлі болуы мүмкін (телефон арқылы жазбаша немесе ауызша формада беру). Қылмысты жасаудың себеп-салдары да әр түрлі болуы мүмкін: кәсіпорын немесе мекеменің жұмысын тоқтату, мектеп сабақтарын болдырмау.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 273-бабына сәйкес біле тұра дайындалып жатқан террорлық акт жайлы жалған ақпарат бергені үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту қаралған. Біле тұра дайындалып жатқан террорлық акт жайлы жалған ақпарат беру – мекеменің қалыпты жұмысын тоқтатып қана қоймай, төтенше жағдайларда ғана көмек көрсетуге жасақталған құқық қорғау қызметтері мен органдарының күшін алаңдатады және көлік қозғалысы мен сауда орталықтары жұмысының немесе өндірістің тоқтауына байланысты экономикалық нұқсан да келтіреді. Осыған байланысты жалған ақпар таратушы айыпты адамға мемлекеттік органдардың шеккен зияндарын өтеу туралы соттың шешімі шығарылады, – делінген хабарламада.
Өткен жылы мұндай жағдай Түркістан облысында орын алған екен.
Жаңа жыл қарсаңында Жетісайдағы полицияның кезекші бөліміне ауданның орталық ауруханасы ғимаратына жарылғыш құрылғы қойылғаны жайлы хабар келіп түскен. Түскен ақпарат бойынша жедел түрде шығарылған қызметтер медицина мекемесінің жұмысын тоқтатып, науқастар мен медицина қызметкерлерін қауіпсіз жерге көшірді. Іздестіру шараларының нәтижесінде жарылғыш заттар мен құрылғылар аталған мекемеден табылмады. Құқық қорқаушылар жалған ақпар берушіні анықтап, оны қамаққа алды. Ол – сол ауданның 42 жастағы тұрғыны болып шықты. Терроризм жайлы жалған ақпар беру дерегі ҚР ҚК 273-бабына сәйкес Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелген. Қазіргі таңда Сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталу сатысында, – дейді облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.
Аталған бапқа сәйкес жалған террорлық акт жасаушыға жазаның бас бостандығын шектеу немесе 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру не 5 мың АЕК көлемінде айыппұл салу түрі қолданылады.
Көп жағдайда адамдар қызықты әзілге айландыра берген жалған ақпарат әрекеттері үшін жауаптылыққа тартылатындықтарын сезіне бермейді.
Жалған террорлық акт жасаушы қылмыстық жауаптылыққа тартылумен қатар қауіп-қатер жайлы түскен ақпарды тексеру үшін жүргізілген арнайы шаралар мен оны ұйымдастыруға кеткен шығындарға байланысты материалдық төлемдерді өтеуге де тартылатынын білгені жөн.