Тәуелсіздік жылдары елімізде қанша бала өмірге келді?
Тәуелсіздік жылдары елімізде қанша бала өмірге келді?
8 жыл бұрын 5259

1992-2016 жылдары аралығында Қазақстанда 7 373 671 нәресте дүниеге келді, - деп хабарлайды «Tengrinews.kz» ақпарат көзінің тілшісі.

ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің мәліметінше, 1992 жылдың қаңтарынан 2016 жылдың наурызы аралығында елімізде 3 597 820 қыз бала және 3 775 851 ер бала туылған. Оның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысында 1 502 632, Алматы облысында 826 196, Жамбыл облысында - 556 168, сонымен қатар, Қарағанды облысында 524 559 нәресте дүниеге келген екен.

Тәуелсіздік жылдары ішінде туу көрсеткішінің жоғарылауы 2014 жылы ғана байқалыпты. Ал нәрестелердің өмірге келу көрсеткіші 2008 жылы өскен. 1992-2002 жылдары аралығында бала туу көрсеткіші жыл сайын шамамен 6 пайызға кеміп отырса, 2002 жылдан кейін, керісінше, 5 пайызға өсіп келеді.

Соңғы 15 жылда бала туу көрсеткіші жағынан Маңғыстау облысы (1000 адамға шаққандағы орташа туу саты - 27,84) және Оңтүстік Қазақстан облысы (27,78) көш бастап келеді. Сонымен қатар, Қызылорда (24,83) мен Атырау (24,66) облыстарында өмірге келген нәрестелер саны артып жатыр.

Статистика комитеті мамандарының айтуынша, 1991 жылы 353 174 бала дүниеге келген. Дегенмен ол кезде туу көрсеткіші ай сайын есептеліп отырмаған. Яғни, комитеттің мұрағатында 1991 жылы 16 қараша мен 31 желтоқсан аралығындағы демографиялық мәліметтер жоқ болып шықты.

Өткен жылы елімізде қыз балаларға қарағанда 12 мың ұл бала артық туды

2015 жылы Азаматтық Хал Актілерін Тіркеу органдары елімізде 397 634 жаңа туған нәрестені тіркеді, оның ішінде қалалық жерлерде – 225 383, ауылдарда – 172 251 адам. Туғандардың 51,5%-ы (204 868) ұл және 48,5%-ы (192 766) қыз бала. Ұлдар мен қыздардың арақатынасы – 100 қыз балаға 106,3 ұлдан келеді, деп хабарлайды "BNews.kz" ақпарат көзі. 

2005 жылмен салыстырғанда туғандар саны – 42,5% (ұл бала – 42,7%, қыз бала – 42,3%), қалаларда – 37,5%, ауылдарда – 49,7% артты.

Қазақстан өңірлерінің ішінде туудың ең жоғары деңгейі Маңғыстау (1 000 тұрғынға шаққанда 31,25 туғандар), Оңтүстік Қазақстан (29,00) облыстарында және Астана қаласында (30,23) байқалды. Ең төменгі көрсеткіш Солтүстік Қазақстан (14,23), Қостанай (14,44) және Шығыс Қазақстан (16,37) облыстарында тіркелді.

2015 жылы босанатын әйелдердің орташа жасы 28,2 жасқа жетіп, 10 жылда 0,5 жасқа (2005 жылы – 27,7 жас) ұлғайды. Қалалық жерлерде – 0,9 жасқа, ауылдарда – 0,1 жасқа ұлғайды.

2030 жылға қарай Қазақстан халқы 20 млн-ға жетеді

2030 жылға қарай Қазақстан халқы 20 миллионға жетеді. Бұл туралы Астана экономикалық форумы аясындағы Өсудің жаңа үлгісін іздеу жолында тақырыбындағы сессияда ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Біржан Нұрымбетов айтты. 

«Демографиялық болжамдарға сәйкес, Қазақстан еңбекке қабілеттегі жастағы халқының жыл сайынғы табиғи өсімі 2017-2018 жылдары 10 мың адамға дейін төмендеп, тек 2019 жылдан өсім көрсете бастайды. 2020 жылы өсім шамамен 25 мың адамды құрайды және 2050 жылға қарай жыл сайынғы өсім 100 мың адамнан асады. Бұл бір жағынан еңбек нарығындағы күрделі жайтты төмендетеді. Дегенмен, екінші жағынан экономикалық өсім қарқынына ықпал ететін болады», - деді ол.

Вице-министрдің атап өтуінше, таяу болашақта табиғи өсім мен адамдардың өмір сүру ұзақтығының артуына байланысты ел халқының жалпы саны да көбейетін болады. Осы ретте ол БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік істер департаментінің болжамды мәліметтерін алға тартты. Аталған деректерге қарағанда, 2030 жылға қарай Қазақстан халқы 14 пайызға өсіп, 20,1 млн. адамға жететін болады.

«Уақыттың осынау сынына жауап беру үшін біз ішкі еңбек ресурстарын өндірістің жұмысқа тартуды жоспарлаудамыз. Бүгінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасын жүзеге асырудамыз», - деді Б.Нұрымбетов.  

0 пікір
Мұрағат