Синофобия: Қытай Қазақстанға шын қауіпті ме әлде бұл саяси ойын ба
Синофобия: Қытай Қазақстанға шын қауіпті ме әлде бұл саяси ойын ба
3 жыл бұрын 4141

Қытай көші-қоны мен ықпалының кеңейіп, қатерге айналуы жайындағы пікірталастар жыл өткен сайын толастар емес. Сарапшылар осы тақырыптағы зерттеулердің аздығы мен Қазақстан қоғамына ықпалы ашып айтылмауынан синофобия ұлғайып бара жатқанын айтады. Ал мұның соңы өз кезегінде бірқатар қауіп-қатерге апаруы мүмкін. Осы ретте Ulysmedia.kz тілшісі синофобия мәселесінің шығу төркінін және Қытайдан төніп тұрған қауіп туралы ел ішінде тараған "аңыздарды" таразылап көрді. 

Халық арасындағы әңгімеге құлақ түрсеңіз, Қытайдан келетін қауіп зор. Бұл қатарға Қытайға жердің сатылуы, зауыттардың салынуы және ұлттық бірегейлікті жоғалту сынды мәселелерді жатқызуға болады. Әсіресе әлеуметтік желілерде «қытайларды қырып, жою керек» деген сыңайдағы пікірлер легі толастаған емес. Тіптен түрлі медиа ресурстар қытай тақырыбын қаралым санын арттыру мақсатында жиі қолданады. Өйткені оқырман қытайға қатысты қандай болмасын ақпарды бей-жай қалдырмайды. Мәселен, «Түркістан» республикалық басылымы сайтында жарық көрген «Алматыда Қытайдың 20 азаматын алдап кеткен әйел ұсталды» деген жаңалық желідегі топтарда қызу талқыға түскен. Пікірлер біртектес.  Қытайларды алдап кеткен қылмыскердің әрекетіне қуанып жатқандар көп. 

ҚЫТАЙЛЫҚТАРДЫҢ ҚАЗАҚСТАН ЖАЙЫНДА ХАБАРЫ АЗ

Қытай Халық Республикасының Алтай аймағында туып-өскен Мұхтар Мұратұлы жергілікті қытай мектебінде оқыған. Кейін Құлжа қаласындағы педагогикалық университетте жоғары білім алған. Ол бізге өзі өскен қытай қоғамы мен халқының мінез-құлқы, таным-түсінігі турасында әңгімелеп берді.

«Менің қытай ұлтынан достарым баршылық. Еңбекқор, қарапайым келетін ұлттық мінезі бар. Барлық халықта жақсы да, жаман да адам болғандықтан біржақты айта алмаймыз. Тек Қытай билігінің әлеуметтік желілерді қатаң бақылауы мен басқаруы, үгіт-насихаты салдарынан сырт елдермен халықаралық қатынасы барған сайын нашарлап барады. Халықты басқарудағы идеологиялық түсінігі Қытай халқына сырт елдерді жау көрсетіп, өзге елдерге теріс көзқарас қалыптастырды», - дейді ол.

Оның айтуынша, қытай орта мектебінде оқып жүргенде оқулықтарда Қазақстанға, қазақ халқына қатысты деректер мүлде енгізілмеген.

«Тарих пәні оқулығында Қазақстанның Балқаш көліне дейінгі жерін Қытайдың тарихи мекені ретінде көрсетіп, кезінде Ресей басып алған орындар деп картасын көрсететін. Оқушыларға кезінде Қытайдың ұлы мемлекет болғанын айтып, өзге елдердің шапқыншылығанан құлдырап кеткен деп ұқтырады. Олардың жалпы танымында басқа елдің ұлттарын өздерінен төмен санау басым және Қазақстанды кішкентай мемлекет деп қана біледі», – де еске алды Мұхтар.

Суретте «Ресей басып алған Қытай территориясы» деп көрсетілген. Мұхтар Мұратұлының айтуынша, өзі оқыған орта мектеп оқулығына осы карта енгізілген

Қазақстандықтар арасында қытайға деген қорқыныштың дендеп тұрғанын, ал қытайлықтардың өздерінде Қазақстанды жаулап алсақ деген ниет, қызығушылық бар ма деген сауалымызға ол былай деп жауап берді.

«Қытайда оқып жүргенімде 50 мың қолданушысы бар Weibo платформасында блог жүргіздім. Сонда байқағаным, Қытайдың 18 провиницасындағы халықтың дені Қазақстан деген ел тұрмақ, ел атауымен де таныс емес. Олар үшін Орталық Азиядағы бір бірінен айырғысыз бес мемлекеттің біреуі ғана. Құмда, шөлде орын тепкен шалғайдағы ел ретінде көреді. Қытай Қазақстанға экономикалық байланыстар үшін қызығуы мүмкін, ал жалпы халықтың хабары жоқ деуге болады», деді ол.

Мұхтармен әңгімеден соң, біз Қазақстандағы Қытай компаниясының бірінде инженер болып жұмыс істейтін А. есімді азаматпен де сөйлесіп көрдік. Есімін көрсетпеуді сұраған ол, мұны жұмыс шартына байланысты деп түсіндірді. Ол әуелі Қытай университетінде білім алып, елге оралған соң Қазақстандағы Қытай компаниясының біріне инженер болып жұмысқа орналасқан. Ол ұлтты жек көру мен жүйеге деген қарсылықты шатастырмау керектігін айтады.

«Жұмыста саяси мәселе айтылмайды, бәрі тек өз сферамызға байланысты дүниелер ғана. Командада әртүрлі ұлт бар, сондықтан бөлу-жару, дініне, я ұстанымына қарсылық білдіру жоқ. Бірақ ішкі Қытайда өзгешелеу болуы мүмкін. Олардан қауіп бар екені рас, бірақ қорқып қарсылық білдіргеннен пайда жоқ. Олар өзге елдің биліктегі адамдарына ақша беру арқылы ресустарын иемденеді деген деректер кезедеседі», – деген ол алаңдаушылығын жасырмады. 

СИНОФОБИЯНЫҢ ЕКІ СЕБЕБІ

Бұл ретте саясаттанушы Дос Көшім Қазақстандағы синофобияның шығу төркіні екі бағытта өрбігенін айтады. 

«Біріншіден, Ресейдің идеологтары мен саясаттанушылары Қытайды жау ретінде көрсетіп келеді. Қазақстан жан-жаққа бұрылып кете ме деген қауіппен тәуелсіздік алған жылдардан бері біржақты саясат ұстанды. Екіншіден, Қытайдан келген өзіміздің азаматтарымыз көрген қорлықтарын қауіп есебінде алға шығарды. Себебі олар кезіндегі біз сияқты Ресейдің қысымын, зорлық-зомбылығын көрген жоқ. 2016-2017 жылдардан бастап Қытайдағы аз ұлттарды қысу, оларды лагерге жабу мәселесі шыққан уақытта Қазақстанда синофобия кең қанат жайды. Ең бірінші жау Қытай сияқты көрініп, көптеген мәселелер Қытайға таңылды. Бұл жерде Қытайдың сыртқы саясатында да қателіктер болды және шындығында да көп мәселені Қытайдан көру көзқарасы Қазақстанға кең тарады», деді ол.

Саясаттанушының айтуынша, дәл сол кезеңдерде әлеуметтік желілердің шығуы да теріс пікірлердің таралуына көп әсер еткен. «Адамдар жерді сатпау керек деген ұранды «Жерді Қытайға сатпау керек» деп, «Қыздарды Қытайға бермеу керек» деген заң шығарды. Ақыры Қытайдан басқа қауіп жоқ сынды біржақты көзқарасқа жеттік», деді саясаттанушы бізге берген сұхбатында.

КЕҢЕС ҮКІМЕТІН ҚАЙТА ҚҰРУ САЯСАТЫ 100 ЕСЕ ҚАУІПТІ

Саясаттанушы ақпараттық алыс-берісте қорқынышты зорайтып көрсету жекелеген мүдделер арасындағы бәсекеден шығып отырғанын атап өтті. 

«Кез келген өзге мемлекеттерден Қазақстан сақтануы қажет деген пікірдемін. Себебі тәуелсіз мемлекеттің ішкі байлығы, қазба байлығы кімді болсын қызықтырмай қоймайды. «Қытай Қазақстанды қарамағына қосып алғысы келеді» дегенге сену қиын. Қайта Ресейдің Совет үкіметін қайта қалпына келтіру саясаты бұдан 100 есе қауіпті. Сондықтан бұлардың барлығы салыстырмалы мәселелер. Қытай экономикалық және сауда жағынан озық болуға құлшыныс білдіргенімен, ішкі саясатын АҚШ, я Ресей сияқты басқа елдерге таңып жатқан жоқ»,- деді ол. 

СИНОФОБИЯ “САЯСИ ОЙЫНҒА” АЙНАЛҒАН

Белгілі қытайтанушы Руслан Ізімов Қытайдан келетін еңбек мигранттарына қатысты шынайы деректерге қол жеткізудің қиын екенін айтады, сондай-ақ аталған тақырыпқа қатысты да зерттеулер жоқ. Сондықтан асқынып тұрған синофобия мәселесінің соңы белгілі бір деңгейде мемлекет қауіпсіздігіне де кері әсер етуі мүмкін. 

«Мәселен, әр кәсіпорын мен ондағы шетелдік жұмыс күшіне қатысты сақталуы тиіс квоталар бар. Десе де бұл норма сақтала бермейді. Белгілі бір деңгейде сыбайлас жемқорлық жүйесі болғандықтан, көрсеткіштен артық қоныс аударушылар саны артып келеді. Қолымда нақты деректер болмағандықтан, нақты ештеңе айта алмаймын. Бірақ бұл тақырыпты, әсіресе шетелдегі оппозициялық күштер өте белсенді қолданады. Олар билікті, Үкіметті сынау үшін деректерді өз пайдасына жаратады»,-дейді сарапшы. 

Оның айтуынша, коронавирус дауы Қытайға деген күдікті одан ары ұлғайта отырып, беделі мен иммиджіне айтарлықтай нұқсан келтірген. Бұл Қазақстанмен бірге, Орталық Азияның бірқатар елдерінде Қытайға деген қауіп-қатерді күшейте түскен. 

«Өкінішке орай, Қазақстанда синофобияның аса қауіпті түрі бар. Қытайдан қорқу және алдымызда тұрған кейбір нақты мәселелер біздің қорқынышымыздан да асып түседі. Ауқымы өте үлкен. Синофобияның бұл деңгейін белгілі бір күштер қоғамды жұмылдыра отырып, үкіметке қарсы әрекеттерді жүзеге асыру үшін қолдануы мүмкін. Сондықтан мұны жауапты ұйымдар тарапынан қадағалай отырып, ақпараттық саясатты бақылауға алу өте маңызды. Яғни, бүкіл процесті ашық түрде жария ету қажет. Қытаймен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан жобалар турасында, өзге де зауыт, кәсіпорын, сауда дәліздеріне қатысты ақпараттар барынша ашық берілуі тиіс. Бұл арқылы Қытай туралы, оның азаматтары туралы сабырлы, конструктивті түсінікке қол жеткіземіз. Мұндай қауесеттерге жол берілмеу тиіс, оған Қазақстан да, Қытай тарапы да мүдделі емес»,-  дейді Руслан Ізімов. 

Сарапшының айтуынша, толық ауқымды жаһандық соғыс болғандықтан, бұқаралық ақпарат құралдарында да антиқытайлық риторика жиі-жиі көтеріледі. Бұл Қытайдың Қазақстандағы рөлін шектей отырып, өз ықпалын кеңейтуді көздеген сырт мүдделер тарапынан туындап отыр.  

ЕЛШІ НЕ ДЕЙДІ

Біз Қазақстандағы Қытай елшілігіне синофобия мәселесімен қаншалықты таныс екендігін сұрап сауал жолдағанымызбен, нақты жауап алу мүмкін болмады. Әйтсе де Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяоның жуырда баспасөзге берген сұхбатында аталған мәселенің белең алуына ашық ақпараттың жоқтығы себеп деген уәж айтады. Ол негізсіз қорқыныштардың туындауын үшінші күштермен байланыстырады.

«Мұндай мәселе екі елдің ынтымақтастық жағдайы турасындағы шынайы ақпараттың жеткіліксіздігінен туындап отыр. Сонымен қатар күн сайын жалған ақпарат тарататын, біздің ынтымақтастығымызды қаралауға тырысатын кейбір деструктивті күштер жұртшылыққа жала жауып, қорқытады. Өкінішке орай, үшінші күштер нақты мысал келтіре алмады. Олар бос айқайлап жүр», – дейді елші Чжан Сяо. 

Елшінің пікіріне сүйенсек, Қазақстан аумағында мыңға жуық Қытай кәсіпорындары жұмыс істейді. Пандемия кедергілеріне қарамастан іскерлік қарым-қатынас да айтарлықтай ілгеріліген. 

«Негізгі қызмет сауда, тау-кен, өңдеу және қаржы секторларына бағытталған. 2017 жылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемдегі үлесі 33 пайызға, 2018 жылы 39 пайызға, 2019 жылы 41 пайызға өсті. Бұл саладағы ынтымақтастықтың кеңеюі, Қазақстандағы кең ауқымды ауыл шаруашылығы нарығын ашу миллиондаған қазақстандықтар үшін пайдалы», – деп атап өтті елші.

ЕҢБЕК МИГРАНТТАРЫ АРАСЫНДА ҚЫТАЙ КӨШ БАСТАП ТҰР 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегіне сүйенсек, 2021 жылы еңбек мигранттары келетін елдер арасында Қытай көш бастап тұр. Яғни жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен Қазақстан аумағында 3 837 қытай азаматы жұмыс істеп жатыр. Одан кейінгі орында Түркиядан 1 965 адам, Өзбекстаннан 1 949 адам, Үндістаннан 1 024 адам, Ұлыбританиядан 949 адам келіп еңбек етіп жүр.

Жалғасы бар...

0 пікір
Мұрағат