Шетелдік компаниялар Қазақстанға көп қарызбен келеді...
Шетелдік компаниялар Қазақстанға көп қарызбен келеді...
4 жыл бұрын 2571 inbusiness.kz Санжар Беркінбай

Бұл – көп көлемдегі салықтан жалтарудың бірден бір жолы.   2020 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша, Қазақстанның сыртқы қарызы 159,8 млрд долларға тең. Оның 7,9 %-ы немесе 12,7 млрд доллары – мемлекеттік сектордың берешегі. Ал 5,2 млрд доллары қаржы нарығының үлесіне тиесілі. Бұл – жалпы қарыздың 3,3 %-ы. Сыртқы қарыздың 25,5 %-ы немесе 40,7 млрд доллары басқа секторлардың берешегі. Қалған 101,3 млрд доллар немесе жалпы қарыздың 63,4 %-ы фирмааралық берешек саналады. Байқаған болсаңыздар, фирмааралық берешектің үлесі көп. Экономист Талғат Демесінов фирмааралық берешекке баса мән берген дұрыс дейді.

«Америкалық немесе қытайлық кәсіпорындар Қазақстан нарығына енерде саналы түрде көп көлемде қарыз алып келеді. Бұл сыртқы қарыз құрылымындағы фирмааралық берешекке жатады. Қарызды басқа емес, бас компанияларымен байланысы бар ұйымдардан алады. Сөйтіп, біздің елде өнім өндіріп, одан түскен қаржының негізгі бөлігін Қазақстанға келерде алған қарыздарын өтеуге жұмсайды. Сөйтіп, ақшаны өз компанияларына аударады. Бұл Қазақстан бюджетіне көп мөлшерде салық төлеуден жалтарудың бір жолы. Экономика үшін мұның да қауіпі зор. Өйткені, ел қазынасы қаншама қаржыдан қағылып отыр», – дейді Талғат Демесінов.

Былай қарасақ, шетелдерден қарыз алып отырған мемлекет Қазақстан ғана емес. Бәрі алады. Өйткені, бұл әлемдік тәжірибе. Тек халықаралық нормаларға сәйкес сыртқы қарыз бен ішкі жалпы өнімнің ара қатынасы сақталуы керек. Яғни, сыртқы қарыз ІЖӨ-нің белгілі бір мөлшерінен асып кетпеуі керек. Мәселен, Ұлттық банктің ресми мәліметіне сүйенсек, 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында елдің жалпы сыртқы қарызының (фирмааралық қарыз да бар) көлемі осы уақыт ішіндегі ішкі жалпы өнімнің 89,6%-ына тең болған. Ал фирмааралық қарызды алып тастасақ, көрсеткіш 32,8 %-ды құрайды. Бес жыл бұрын сыртқы қарыздың ІЖӨ-мен ара қатынасы 30 пайызға жетпейтін еді. Демек, соңғы жылдары мемлекеттік сектордың қарызы ұлғая түскен.

«Ішкі жалпы өнім – бір жыл ішінде өндірілген тауарлар мен көрсетілген қызметтердің жалпы жиынтығы, яғни, ақшалай мөлшері. Бірақ, Қазақстанның ішкі жалпы өнімінің құрылымы шикізатқа тәуелді. Шикізат қоры түбінде бір таусылады. Ал сыртқы қарыз ұзақ мерзімге алынады. Яғни, мұндай жағдайда шетелден қарыз алу қауіпті. Өйткені, шикізат қоры таусылғанда, қарызды қалай өтейміз деген мәселе алдан шығады. Ол үшін бұған дейін талай мәрте айтылғандай, экономиканы әртараптандыру керек. Мәселен, біз мұнайды шикі күйінде сатамыз. Ал Германия одан 400-ден астам өнім өндіреді. Сол себепті, технология, техникасы дамыған Германия үшін сырттан қарыз алу аса қауіпті емес. Себебі, олар арзан шикізаттан қымбат тауар жасап, бюджеттің бүйірін қампайта алады. Ал Қазақстанның мүмкіндігі әлі де шектеулі», – дейді экономист.

Оның айтуынша, 2021 жылдан бастап Қазақстан сыртқы қарыздарға қызмет көрсетуге, яғни пайыздық мөлшерлемесін төлеуге, қарызды қайтаруға көп қаржы жұмсайтын болады. Себебі, осыдан 15-20 жыл бұрын алынған берешектерді қайтаратын уақыт таяды. Ал бұл жағдай мемлекеттік бюджетке, Ұлттық қорға міндетті түрде салмақ салады.

0 пікір
Мұрағат