Шапағат-2016: Байқауда Алина Ахметтің «ақылды үйі» бас жүлдені жеңіп алды (видео)
Шапағат-2016: Байқауда Алина Ахметтің «ақылды үйі» бас жүлдені жеңіп алды (видео)
8 жыл бұрын 2568 khabar.kz Ә.Рахманұлы, Н.Мұсатов

Бүкіл әлемнің ғалымдары мен сәулетшілері жарыса салмақшы болып жатқан «ақылды үйдің» жобасын шымкенттік оқушы жасады. Оңтүстік Қазақстан облысының орталығындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 8 сынып оқушысы Алина Ахмет өз жобасына патент алып та қойды.  Сондай-ақ, Астанада өткен «Шапағат-2016» республикалық байқауында оның «ақылды үйі» бас жүлдені жеңіп алған.  Алина Ахметтің жобалаған үйінде тұратын болсаңыз, сіз коммуналдық төлемдерге ақшаңызды бірнеше есе аз жұмсайтын боласыз. Бұл – шындыққа айналған қиял. Енді есептеп көріңіз. Өзіңіздің үйіңіздің екінші қабатына баспалдақпен көтерілдіңіз. Ал төменге түсу үшін электр энергиясын тұтынбайтын лифтке отырасыз. Алина Ахмет, химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы:  - Міне, лифт астына түскен кезде адамның энергиясы жерасты суын алуға кетеді. Сөйтіп, біз жерасты суын ешқандай шығынсыз үйге көтере аламыз. Егер орта есеппен бұл үйде 4 адам тұрса, шамамен 280 килограммға тең су үйге жиналады.  Мұны - бір деңіз. Одан басқа, үйге тегін келген су төмен ағып кетер кезінде сіздің үйіңізге керекті электр энергиясын да өндіріп береді. Құбырмен төмен құлдилаған су қалақты айналдырады. Алина Ахмет, химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы:  - Судың жылдамдығына қарай генераторға энергия жиналып, барлық үйге ток көзін береді. Яғни, бұл үй өз-өзін сумен және электр энергиясымен қамтамасыз ете алады. Мұндай жобаның пайда болуына физика пәнінің мұғалімі Серікбек Жармұқанбетов түрткі болған екен. Оқушыларға күн сәулесінен үйге қажетті энергия алу жолдарын табуды тапсырады. Алина өзге әдісті таңдапты. Және жүлденің бәрін жинап алды. Серікбек Жармұқанбетов, химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімі:  - Бұл үлкен, терең еңбекті талап етеді. Бірінші – оқушының өзінің ізденісі. Екіншіден, сол оқушының ақыл-ойын дұрыс бағыттап отыратын мұғалімнің, мектептің негізгі еңбегі, деп есептеймін. Алина Ахметтің «ақылды үйінің» жобасы Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының байқауында  бас жүлдені жеңіп алды. Өзгелерін тізіп жатудың қажеті жоқ.  

 

0 пікір
Мұрағат