Сексеуіл алқаптары 20 жылда 4 есе азайған
|
«Шөл даланың падишасы» атанып кеткен сексеуіл елімізде қатты азайып кеткен және ерекше қорғауды қажет етеді. Қорғауды айтасыз, бір кездері аяусыз оталған отынның обалы ұрды ма, бүгінде қасиетті өсімдікті қайта өсіру орманшыларға да оңай болмай тұр. Жылда қаншама гектар жерге сексеуіл ұрығы себіледі, бірақ тамыр алып көктеп кеткені шамалы. Өйткені, табиғи түрде өсіп-өніп жататын дала өсімдіктері тым сиреп қалғандықтан, құла дүздегі азынаған желге қалқан бола алмай қалды. Салдарынан жаңа себілген дән жерсінбей жатып желге ұшады.
Рас, көмір қымбаттап, нарықтың нар қыспағы жағадан алған жылдары сексеуілге жаудай тигендер оны тамырымен қопарып тастады. Балтаның тісі батпайтын қатты отынды көбірек олжалағысы келгендер тракторға трос байлап, жас шыбығына дейін дымын қалдырмай отады. Күніне мыңдаған гектар жерді жайпап өтетін трактордың артынан ілескендер ірі томарларын ғана алып, қалғаны рәсуа болған күйі жайрап жатты. Соның кесірі бүгін білініп жатыр. Аяусыз оталған өсімдіктердің орны құла дүзге айналып шыға келді. Тіпті, кейбір аймақтарда құм көшкінінен арақатынас жолдар жабылып, ауылдар азынақ желден көз ашпай қалды. Әсіресе, еліміздің батыс өңірлері үшін бұл өте қауіпті болып тұр. Мысалы, Атырау облысындағы Исатай ауылы қанша жылдан бері көшпелі құмның зардабын тартып келеді. Нарын құмының шетінде орналасқан шағын ауыл тұрғындары үшін азынаған жел таңсық емес, дегенмен кейінгі жылдары, тіпті, жол жабылып, еспе құмнан есік алдына шығу мұңға айналған. Бар-жоғы 300 үйден тұратын ауылдың шет жағындағылар көшпелі құмнан қашып, ауыл орталығына қарай ойысқан. Ұйытқыған құм ұйқысын қашырған ауылдар еліміздің басқа өңірлерінде де кездеседі. Бір шеті қызылдың құмымен шектесетін Шардара ауданындағы малды ауылдар да бүгінде құла дүзде көңіл құлазытып отырған жайы бар. Жусаны жұпар шашып, жыңғылы гүл ашатын, сексеуілі ән салдырып, табиғаты тамсандыратын тамаша мекен адамдардың қатыгездігінен осылайша «ит байласа тұрмайтын» тоқырау төбеге айналып шыға келді.
Ауылдың жайы өз алдына, бүгінде екі елді байланыстыратын «Атырау-Астрахань» темір жолының кейбір тұстары қатты жел тұрған күндері жабылып қалады екен. «Жуырда ауылда емхана құрылысын бастаған компания техникасымен 151 көлік құм шығарылды» - дейді жергілікті билік өкілдері. - Бірақ, ол қауіпті бәрібір сейілтпеген. Темір жолды құм жауып қалған соң жандалбасалап айналасын шарбақтармен қоршаған болыпты. Бірақ одан шыққан нәтиже болмай, күні бойы сусылдаған еспе құм ағаш қоршауларды мүлік құрлы көрмей көміп тастаған.
Иә, бәрі де сол баяғы шөл далада құм төбелердің көшкінін кісендейтін, ұлан-ғайыр адырлардың топырағын эрозиядан сақтайтын, жанғанда көмірді жолда қалдыратын сексеуілдің тым сиреп қалғанынан болса керек. Қанша жылдан бері дабыл қағып келе жатқан экологтар ақыры далалы жерлердің өсімдіктерін қорғауға үкіметтің назарын аудартты. Сексеуілді кесуге тыйым салу туралы ҚР Үкіметінің қаулысы шыққанына да бес жылдан асты, бірақ бұл қаулы қасиетті өсімдіктің қатарын көбейтуге қауқарсыз болып тұр. Себебі, сексеуіл жағып дәніккендер әлі де айылын жияр емес. Бағалы отынды барымталап қолға түскендер жеңіл-желпі айыппұлмен құтылып кететін көрінеді. Оған орманшылардың «бармақ басты, көз қыстылығын» қосыңыз. Ең негізгісі, қыруар ақша шығындап егілген дән жаңа жоғарыда айтқанымыздай жерсінбей жатып желге ұшады. Енді мамандар сексеуілді көшет күйінде отырғызуға көшіпті. «Аумақтың басым бөлігіне сексеуіл тұқымын себу жұмыстары жалғасын тауып келеді. Әр жылдың күз айларында сексеуіл тұқымын жинау науқанын жүргіземіз. Жинап алынған тұқым Алматы қаласындағы тұқым сараптау зертханасына тексеруге жіберіледі. Сараптамадан өткеннен кейін қараша айының соңында, желтоқсан айының басында жер қатпай тұрып себіледі. Соның арқасында там-тұмдап болса да қылтиып шыққан сексеуіл түбірі көбейіп келеді. Дегенмен, сексеуілді көшет арқылы өсіру анағұрлым тиімді. Өйткені, тұқымын сепкеннен кейін оның 40 пайызы ғана өнеді. Қалғанын жел ұшырып кетеді, мал таптап тастайды дегендей түгел шықпайды. Осындай кедергілерден кейін оларды көшет түрінде отырғызу өте тиімді екені белгілі болды. Шығымдылығы да, өнімділігі де жоғары. Бірақ бір әттеген-айы, тұқым себумен салыстырғанда бес есе қымбатқа түседі. Соған қарамастан көшет арқылы өсіруге ден қойып отырмыз»-дейді Шардара орман және жануарлар әлемін қорғау мекемесінің басшысы.
Сар далада сыңсыған сексеуіл біткенді ақша өсіп тұрған алқаптай көріп, балтасын сайлап, көлігін майлап келгендерге қарсы тосқауыл әрекеттері де күшейтілген. Бірақ бәрібір құнды отынға құмартушылар қатары азаймай отыр. «Қолға түскендерге ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 285 бөлімі бойынша орман ағаштарын заңсыз шапқаны және тасымалдағаны үшін 40 мың теңгеден бастап айыппұл салынады. Сексеуілдің бес текше метрі үшін 56 600 теңге айыппұл салынады. Бір қызығы, бір «Камаз» сексеуілді сатқанда түсетін пайда миллион теңгеге жетеқабыл. Ал салынатын айыппұл көлемі тым аз. Сондықтан да сексеуіл сатушыларға тосқауыл қою үшін жауапқа тарту шараларын қатаңдату керек», - дейді орманшылар.
Бағалы өсімдіктің өсіп-жетілуі де оңай емес. Сол себептен де қай жылдары тамырымен қоса жұлынған аймақтарды қалпына келтіру әлі де мүмкін болмай келеді. Сексеуілдің Орталық Азия мен Араб елдерiнде онға жуық түрi болса, елімізде соның ақ, қара және Зайсан сексеуiл деген үш түрі ғана өседі екен. Ақ сексеуіл құмды төбелерді таңдаса, қарасы тегіс жазықтарда жақсы өсетін көрінеді. Тамыры 10-11 метр тереңдікке дейін кететін өсімдік жиырма жылда бар болғаны 1,5 метр ғана өседі. Сол себепті де оған баяу бой көтерер кірпияздық тән. Кейде, бұтақтарының биіктігі 5 метрге дейін өсетіндері де кездеседі. Бірақ, басым бөлігі бойға емес, жанына қарай жайылып өскенді жөн көреді екен. Ал, қарасы ақ сексеуілге қарағанда жуандау, әрі ірі келеді. Биіктігі жеті метрге дейін жетеді. Тамырын тереңге жаяды. Осы екеуiне тән ерекшелiктер Зайсан сексеуiлiнде де бар. Жалпы айтқанда үшеуi де тарғылданып, иiр-иiр болып өсетіндіктен құрылыс материалдарына қолдануға қолайсыз. Қызуы жақсы, бықсу дегенді білмейтін сексеуіл кәуап жасайтындар үшін таптырмайтын отын ретінде жоғары бағаланады. Қалалы жерлерде бір құшағы пәленбай мыңға бағаланатыны да содан. Өсіп-жетілуі көп жылды керек ететін сексеуіл міне осындай қасиеттерге ие екен.
Сексеуіл жайлы сөз қозғалғанда оның амандығы үшін түн ұйқысын төрт бөліп жүрген қорықшылар жайлы сөз қозғамай кетуге болмайды. Сонымен бірге, оны күтіп-баптайтын арнайы мамандардың еңбегін де естен шығармаған жөн. Статистикалық мәліметтер дала кезіп, түзде жүретін орманшыларды айлығы аз қызметкерлердің қатарына жатқызады. Сол себепті, жастар бұл мамандықты құп көрмейді. Орманшылар мен бағбандардың басым бөлігін жасы жер ортасынан асып қалғандар құрайды. Айталық, жоғары оқу орнын бітірген жас мамандардың мұнда жұмысқа тұрмағанына он жылдан аса уақыт болыпты. Орман шаруашылығы мамандарының саны жыл өткен сайын кеміп барады. Қорықшы мамандардан бөлек, орман ағаштарының биологиялық ерекшеліктерін зерттеп, оны күтіп-баптаудың, өсірудің қыр-сырын білетін мамандар жоқтың қасы. Барының өзі шалғайдағы ауылдарға барып жұмыс істеуге құлықсыз.
Қорыта айтқанда, бір бойынан бірнеше қасиет табылып, құла дүзді құм көшкінінен сақтайтын сексеуілді қалайда бұрынғы қалпына келтіру керек-ақ. Айналдырған жиырма жылда төрт есеге дейін азайып кеткені алаңдатпай қоймайды. Мамандар мәселе көтеріп, экологтар дабыл қаққаннан кейін үкімет қаулы қабылдаған болды. Бірақ, әзірге оның да берері шамалы болып тұр.