Сақтандыру жарнасын төлемегендерге қандай шара қолданылады?
Сақтандыру жарнасын төлемегендерге қандай шара қолданылады?
7 жыл бұрын 2880 Baq.kz Қымбат Елтайқызы

Биыл еліміздің денсаулық сақтау жүйесін елеулі өзгерістер күтіп тұр. Еуропада дамыған сақтандыру жүйесі Қазақстанда енгізіліп, азаматтарға жарна төлеу міндеттелмек. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Жоспарлау және медициналық қызметтерді сатып алу жөніндегі басқарушы директоры Ерік Байжүнісов кімнің қанша жарна төлейтіні және төлемегендерге қандай шара қолданылатыны жайлы айтып берді. 

«Қазақстан Республикасының «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңына сәйкес, елде тұратын барлық азаматтар медициналық сақтандыру жарнасын төлеуге міндетті. ҚР «Әкімшілік заң бұзушылықтар кодексінің» 92-1 бабына сәйкес, жұмыс берушілер, жеке кәсіпкерлер, жеке нотариустар, жекеменшік сот орындаушылар, адвокаттар, кәсіби медиаторлар МӘМС жарнасы мен аударымдарын төлеу жөніндегі міндеттемелерін орындамаған немесе тиісінше орындамаған жағдайда (аудармау, дер кезінде аудармау және толық төлемеу) оларға ескерту жасалады. Мұндай заң бұзушылықтар бір жыл ішінде қайталанған жағдайда әкімшілік айыппұл салу қарастырылған», - деді Байжүнісов.

Маманның айтуынша, жарна салық түрі саналатындықтан, оны қасақана төлемейтін азаматтарға салықты төлемегенде қарастырылған жауапкершілік артылады. Сақтандыру жарнасын бірден бір жылға немесе ай сайын төлеп отыруға болады.

«Бізде енгізіліп отырған медициналық сақтандыру жүйесі Еуропа елдерінде жақсы дамыған. Аталған жүйе дамыған ел ретінде Германияны мысалға келтіруге болады. Онда халық толықтай сақтандыру жүйесімен қамтылған. Олардың бәріне сапалы қызмет көрсетіледі. Сондай-ақ, Швейцарияда бар, жалпы Еуропа елдерінде бұл жүйе жақсы дамыған. Аталған ел сарапшыларының пікірлері біздің заңда ескерілген. Медициналық қызмет бағасы бізде де осы елдердегі сияқты тым жоғары. Сондықтан біз сақтандыру жүйесін енгізіп отырмыз», - деді басқарушы директор.

Сақтандыру жарнасының көлеміне келсек, жұмыс берушілер Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 2017 жылдың 1-шілдесінен бастап төмендегі мөлшерде жарна төлей бастайды:

2017 жылдың 1-шілдесінен бастап – әр жұмыскердің табысының 1%,
2018 жылдың 1-қаңтарынан бастап – 1,5%,
2020 жылдың 1-қаңтарынан бастап – 2%,
2022 жылдың 1-қаңтарынан бастап – 3% көлемінде.

Сонымен қатар, 2017 жылдың 1-шілдесінен бастап жеке кәсіпкерлер 2 ең төменгі жалақының 5 пайызы көлемінде жарна төлейді.
Халықтың экономикалық белсенділігі төмен бөлігі төлейтін ай сайынғы жарна – ең төменгі жалақының 5 пайызын құрамақ. Олар 2018 жылдың қаңтарынан бастап төлейді. Осы уақыттан бастап әлеуметтік жағынан аз қорғалған 15 санаттағы азаматтар үшін жарнаны мемлекет төлейді. Бұл санатта жұмыссыздар да бар.

Ал 2019 жылдың 1-қаңтарынан бастап жұмыскерлер жалақысынан 1%, 2020 жылдан бастап 2% көлемінде жарна төлейді.

0 пікір
Мұрағат