Қызтекелерге мемлекеттік қызметке тұруға тыйым салынуы мүмкін
Қызтекелерге мемлекеттік қызметке тұруға тыйым салынуы мүмкін
10 жыл бұрын 3510

Алматы қаласында «Болашақ» қозғалысының және ЛГБТ-қауымдастығының өкілдері бас қосқанын хабарлады Almaty.tv.

«Өкінішке қарай, біз қазір ЛГТБ-шылардың өз ориентациясын жасырмайтын күнге жеттік. Мұндай адамдарды қала орталығындағы сауда орындарында немесе қоғамдық орындарда көптеп кездестіретін болдық – түрлі түсті шалбар киген  жастар өздерінің ориентациясын жасырмайтын болған»,- деді ашына тіл қатқан аталмыш қозғалыс жетекшісі Дәурен Бабамұратов. Сонымен қатар, ол күй атасы Құрманғазы мен Пушкинді сүйістіріп қойған жарнама постеріне қатысты тұтанған дау-дамайға, былайғы жұрттың наразылық танытқанына ел билігінің назар салмағанына қынжылыс білдірді. Дәурен Бабамұратов қозғалыс мүшелерімен бірге «Қазақстанда ЛГТБ-ны насихаттауға тыйым салу туралы» заң қабылдауды талап ететін үндеу әзірлегендерін жеткізді. Осылай дей келе ол әлемнің ондаған елінде мұндай заңның қабылданғанына жұрттың назарын аударды. «Болашақ» мүшелері ЛГТБ-шыларды мемлекеттік қызметке алмауды және Қазақстан қарулы күштерінің қатарына шақырмауды талап етпек. Осы жиынға қатысқан «Ақ жол» партиясының өкілі әрі саясаттанушы Мақсат Жақалов сөз алып, былай деді: «Біз оларды түсінуіміз керек, оларды қылмыскерлер қатарына жатқызбау қажет. Алайда, сонымен бірге, біз – мұндай қатынас ашық көрсетілмеуі тиіс қоғамбыз. Әр нәрсенің шегі барын біле жүргеніміз дұрыс. Бәлкім, заң қабылданбайтын шығар, десе де мұның бәрі дабыл қаққанымыз деп түсініңіздер». ЛГТБ өкілі өз кезегінде бүй деді: «Бұл «болашақтықтар» патриархалдық көзқараста қалып қойған. Мен қоғамда аса көкейтесті әрі өзекжарды, қордаланып қалған түйінді мәселелерді шешумен айналысуға шақырамын. Девальвациямен (ақшаның құнсыздануымен), коррупциямен (сыбайлас жемқорлықпен) күресіп, жалғызбасты әрі көп балалы аналарға қолұшын созайық. Бүгін дәстүрлі төсек қатынасынан бас тартқандарды қылмыскерлер санатына жатқызып, кемсітушілікке жол берілді. Біз өзімізді насихаттамаймыз, біз гей-шеруін өткізбейміз, сөйтсе де бізге қарсы заң қабылдау – бұл дискринимация (кемсітушілік)».

0 пікір
Мұрағат