Қазақстанда мешітке келушілерге қойылатын жаңа 10 талап. Қадір түнін мешітте қарсы алуға бола ма?
Қазақстанда мешітке келушілерге қойылатын жаңа 10 талап. Қадір түнін мешітте қарсы алуға бола ма?
5 жыл бұрын 3291

Қазақстанда 18 мамырдан бастап мешіттерде дұға жасауға рұқсат берілмек. Десек те еліміздегі коронавирусқа байланысты дұға ету орындарында бірқатар тәртіптер орнатылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Бұл туралы Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасының сайтында жарияланды.  

Еліміздің бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы 18 наурыздан бастап мешіттерде мұсылман қауымының жеке құлшылық жасауына, Құран оқытып, неке қидыруына болатынын айтады. Барлық рәсімдер санитарлық нормаларды сақтай отырып жүзеге асырылады екен. Сөзінше, жамағатпен оқылатын намаздардың мерзімін алдағы уақытта қосымша хабарланатын болады. 

Мешіттерде жеке намаз оқуға мынадай талаптар қойылады: 

  • Тек жекелеген түрде намаз оқуға рұқсат етіледі. Мешіттерде жамағатпен (бес уақыт намаз, жұма намазы, тарауық намазы) намаздар оқылмайды;
  • Мешітке жеке құлшылыққа келген ерлер мен әйелдер ұзақ уақыт мешітте болмауы тиіс. Мешітте болу уақыт ұзақтығы – 15 минут;
  • Намаз оқушылардың арақашықтығы 1,5 метр болуы керек және арнайы белгіленген орындарда намаз оқып, намаз оқып болған соң мешіттен бірден шығып кетуі тиіс;
  • Мешітке келетін адам санын діни ғимараттың жалпы пайдалы ауданының 30 пайызынан артық толтырмауы керек;
  • Мешітте қол алыспау керек;
  • Мешіттерде ауа алмасу жүйесі жақсы жүру үшін барлық есіктерді ашып қою қажет;
  • Әр 3 сағат сайын намаз оқитын залдарды залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу қажет;
  • Намаз оқитын залдарда имамдар және намаз оқитын адамдар міндетті түрде бетперде және медициналық қолғаппен жүруі керек;
  • Жасы үлкен кісілер, денсаулығы нашар адамдар (ер және әйел) және жас балалар намаздарын үйлерінде оқығаны абзал;
  • Мешіт дәретханаларын қолдану барысында арақашықтықты және сантитарлық талаптарды сақтауы тиіс;
  • Мешіттің кіреберісінде тұрған антисептикалық құралдарды пайдалану қажет;
  • Мешітке кіру бөлек есіктен және шығу бөлек есіктер арқылы болуы тиіс. 

Мешітте Құран оқытуға қатысты талаптар: 

  • Құран оқыту бөлмесіне 10 адамнан артық кіргізбеу;
  • Құран оқытуға келушілердің араларында 1,5 метр қашықтықтың сақталуы және келушілердің арнайы белгіленген орындарға отыруы;
  • Құран оқитын бөлмелерде имамдар және келушілердің міндетті түрде бетпердемен отыруы;
  • Гигиеналық талаптарға сәйкес бата жасау (бет сипау және т.б.);
  • Әр 3 сағат сайын Құран оқитын бөлмені желдетіп отыруы;
  • Құран оқитын бөлмеге кірмес бұрын антисептикалық құралдарды пайдалануы;
  • Құран оқитын бөлмеге кіру бөлек есіктен және шығу бөлек есіктер арқылы болуы тиіс.

Бұған қоса неке қию рәсіміне келгендерге қойылатын талаптар да көрсетіліпті. Жаңа ереже бойынша неке қию бөлмесінде жас жұбайлар мен олардың куәгерлерінен басқа адамдар кіргізілмейді. Олардың арасында бір жарым метрлік арақашықтық сақталып, келушілер мен имамдар міндетті түрде маска мен қолғап киюі керек екен 

Қадір түнін мешітте қарсы алуға бола ма?

18 мамырдан бастап қазақстандықтарға мешітке кіруге рұқсат беріледі. Алайда, мұсылмандарға Қадыр түнін үйде қарсы алу ұсынылды. Бұл жайында aikyn.kz ақпарат көзі хабарлады. 

18 мамырдан бастап елдегі мешіттер барлық санитарлық норманы сақтай отырып ашылады. Жалпы алаңның 30%-ін толтыруға рұқсат берілген.

«Біздің имамдар күшейтілген жұмыс режиміне көшеді. Келушілерді кезең-кезеңмен кіргіземіз. Мысалы, Құран оқуға арналған бөлмеде бір мезгілде оннан артық адам болмауы керек. Жалпы залға имамдар адамдарды топ-тобымен кіргізетін болады»,- деп хабарлады Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Sputnik Қазақстан тілшісіне. 

Мешіттердің есігі жеке дұға жасау үшін, Құран оқу және діни неке рәсімін өткізу үшін ашылады.

«Жыл сайын Қадір түнінде мешітте адам көп жиналады. Ал биыл Қадір түнін үйде өткізуді ұсынамыз», – деді ҚМДБ.

Қадір түні мамырдың 19-нан 20-сына қараған түні кіреді.

Жамағат намазы: бесуақыт намаз, жұма намазы, тарауих намазы әзірге мешітте оқылмайды, деп нақтылады діни басқарма.

Мешіттегі неке қию рәсіміне шариғатқа сәйкес, жас жұбайлармен бірге куәгерлері ғана қатыса алады.

Бұған дейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мешітке кіреберісте орнатылған антисептиктерді пайдаланып, бетперде мен медициналық қолғап кию қажет екенін айтты.

0 пікір
Мұрағат