НАМАЗ УАҚЫТТАРЫ ӨЗГЕРДІ
НАМАЗ УАҚЫТТАРЫ ӨЗГЕРДІ
8 жыл бұрын 18240 muftyat.kz

Биылғы Рамазан айының қарсаңында Алматы қаласындағы В.Г.Фесенкова атындағы астрофизикалық институттың  көмегіне жүгіне отырып, ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі жаңа намаз уақыттарын жасап шығарды.

Бұған дейін Қазақстан аумағында намаз уақыттары өзге елдердің астрономиялық есептеріне сәйкес жасалып келген болатын.

Бүгінгі таңда ҚМДБ-ға қарасты барлық діни-танымдық сайттар мен порталдарда аталмыш жаңа намаз уақыттары көрсетілген. Осы ретте, намаз уақыттарын және ораза кестелерін тек ҚМДБ-ның ресми muftyat.kz сайтынан алу қажеттігін ескертеміз.

Жалпы әлемде намаз уақыттарын зерттеп, белгілеумен айналысатын танымал бірнеше мекеме бар. Олар:

1. Дүниежүзілік мұсылмандар лигасы (MWL), 18°/17°;

2. Ислам ғылымдары университеті, Карачи (UIS) 18°/18°;

3. Египет ислами зерттеулер орталығы, Каир (UGAS) 19,5°/17,5°;

4. Солтүстік Америкалық Ислам қауымдастығы (ISNA) 15°/15°;

ҚМДБ-ның Шариғат және пәтуа бөлімі және В.Г.Фесенкова атындағы астрофизикалық институты жаңа намаз уақыттарын есептеуде Солтүстік Америкалық Ислам қауымдастығының (ISNA) астрономиялық есептеуі мен жергілікті жердің «шығыс бойлығы» мен «солтүстік ендігі» координаттарын негізге алды. Себебі, аталмыш мекеменің астрономиялық есептеулері еліміздің басым көпшілік елдімекендерінің жағрафиялық белдеулік жағдайына және астрономиялық ерекшеліктеріне сай келеді.

Сондай-ақ, солтүстік ендігі 48°-тан жоғары белдеуде орналасқан еліміздің кейбір солтүстік, батыс, шығыс өңірлердегі жазғы намаз уақыттарын жасау барысында  жағрафиялық белдеулік ерекшеліктері сәйкес келетін, яғни солтүстік ендігі 48°-тан жоғары белдеуде орналасқан Ресейдің, Татарстанның озық тәжірибелері пайдаланылды.

Төменде әрбір намаз уақытына қатысты шариғи һәм астрономиялық есептеулер негізіндегі мәліметтер берілген. 

Аңдатпа

Парыз намаздармен бірге қоса оқылатын сүннеттер, үтір, тарауых және айт намаздары үшін уақыттың кіруі – шарт. Парыз намаздар: бамдат (таң), бесін, намаздыгер (асыр, екінті), ақшам (намазшам) және құптан намаздарынан тұрады. Жұма намазы бесін намазының орнына өтеді. Уақыты кірмей ешқандай намаз оқылмайды. Уақытынан кейін оқылған намаз "намаздың қазасы" болып саналады. Намаз парыз адамға намаздың уақыттарын білу аса маңызды. Оның уақыттары Құран мен сүннетте келген. 

Бамдат (таң) намазы

Екінші таңның атуынан күннің шығуына дейінгі мезгіл – бамдат намазының уақыты. Екінші таң – таңға қарай шығыс көкжиегінің бозаруы. Бұл уақытпен бамдат уақыты кіріп, құптан намазының уақыты шығады. Осы сәттен бастап ораза ұстайтындар үшін ғибадат уақыты басталады. Сол себепті бұны  «шынайы шапақ» деп атайды. Бұның алдында бірінші таң бар. Бұл – шығыс

көкжиегінің ортасында жоғарыға тікелей көтерілген, екі жағы қараңғы бейне бір созылған сымдай жайылған жарық. Бұл жарық аз уақыт ішінде жоғалып, орнын қараңғылық басады. Осыдан кейін екінші таң атады. Осы бірінші таңға, таң уақытының кіргенін көрсетпегендіктен әрі жалған жарық болғаны үшін «жалған таң» деп аталады. Бұл таң – түннің жалғасы. Бұл уақытта құптан уақыты шықпайды да, таң намазы кірмейді де. Ораза ұстайтындар осы уақытта ішіп-жеулеріне болады. Бұған мына хадис дәлел:

Алланың Елшісі (с.а.у.) былай дейді: « Таң (шапақ) екеу. Біріншісі – бамдат намазын оқуға болмайтын, бірақ ішіп-жеуге болатын жалған шапақ.  Екіншісі –ішіп-жеуді харам, таң намазын оқуды адал еткен таң шапағы». «Таң намазының уақыты – екінші таңның атуынан күннің шығуына дейінгі мезгіл»[1]. Күн шыққаннан бастап, түскі уақытқа дейінгі мезгілде – ешқандай парыз намаз міндеттелмеген аралық уақыт. Бамдат намазын айнала көрініп жарық болған кезде оқу – мұстахаб.

Ал астрономиялық есептерге сүйенсек, Күн көкжиектен төмен 15° орналасқан кезінде таң шапағының басталуымен таң намазының уақыты кіреді. Егер күннің 15° -ғы орналасқан жерінен таң ату аралығындағы уақыт 1,5 сағаттан көп болса, онда таң намазының уақыты күн шығу уақытынан 2 сағат алдын кіреді. Күннің шығуы математикалық тұрғыдағы көкжиекпен алынып, күн дискінің жоғарғы басының көріну уақытына сәйкес келеді.

 Бесін намазы

Бесін уақыты – күннің көктің ең жоғары тұсынан батысқа қарай ауа бастағанда басталып, Имам Әбу Ханифа бойынша бесіннің уақыты барлық нәрсенің көлеңкесі, екі есе ұзарғанға дейін жалғасады. Осы кезде бесін намазы шығып, аср (намаздыгер) уақыты кіреді. Бесін намазы уақытының бастауына байланысты барлық мүжтәһиттердің сүйенген дәлелі мына аят: «Күн батысқа ауғаннан, түн қараңғылығына дейін намаз оқы»[2]. 

Ал астрономиялық есептерге сүйенсек, бесін намазының уақыты Күн дискінің аспан меридианынан толығымен өту уақытына сәйкес келеді.

 Аср (Екінті)

Аср уақыты – бесін уақытының шыққан сәтінен бастап, күннің батуына дейінгі мезгіл. Бұған хадис дәлел: «Күн батпай тұрып, аср намазының бір рәкатына үлгерген адам, аср намазына үлгереді»[3]. Мүжтәһиттердің басым көпшілігі бойынша, аср намазын күннің сарғаю уақытына дейін кешіктіру – мәкрүһ. Өйткені, Алла Елшісі (с.а.у.) былай дейді:«Бұл уақытта оқылатын намаз – мұнафықтардың (екі жүзділердің) намазы. Мұнафық отырып алып, күнді күтеді. Күн шайтанның екі мүйізінің арасына кірген (бата бастаған) кезде, апыл-ғұпыл аср намазын төрт бас оқып, Алланы өте аз еске алады»[4].

Ал астрономиялық есептерге сүйенсек, аср намазы Ханафи мәзһабы бойынша кез келген заттың көлеңкесінің ұзындығы екі есе болғанда кіреді. Бұған тал түстегі көлеңкені де қосу қажет.

 Ақшам намазы

Ақшам (намазшам) намазының уақыты – күннің толық батуымен басталып, шапақтың жоғалуымен аяқталады. Әбу Ханифа бойынша, шапақ – ақшам уақытында батыстың көкжиегіндегі қызылдан кейінгі бозамық. Әбу Юсуп, Имам Мұхаммед және Ханафилардан басқа үш мәзһаб пен Әбу Ханифадан риуаят етілген басқа бір риуаят бойынша шапақ – көкжиекте пайда болған қызамық. Күннің батуы күн дискінің жоғарғы басының көкжиекке бату сәтіне сәйкес келеді.

Ал астрономиялық есеп бойынша күннің батуы күн дискісінің жоғарғы басының көкжиекке бату сәтіне сәйкес келеді. 

Құптан намазы

Құптан намазының уақыты–қызыл шапақтың жоғалған сәтінен екінші таңның атуына дейінгі мезгіл. Екінші таң атқан сәтте құптанның уақыты шығады. Бұған ибн Омардың (р.а.) бізге жеткізген мына хадисі дәлел: «Шапақ – қызамық. Шапақ жоғалған сәтте, намаз оқу парыз»[5]. Құптан намазын түннің үштен біріне дейін кешіктіру – мұстахаб. Түннің ортасына дейін кешіктіру – мубах, себепсіз екінші таңға дейін кешіктіру – мәкрүһ. Өйткені, бұл уақытта адам намаз оқып үлгермеуі ықтимал. Үтір намазының уақыты – құптан намазынан кейін басталады. Оның соңғы уақыты – екінші таңның атуына аз уақыт қалғанға дейін. Үтір намазын оянуына күмән келтірген адам ұйықтамай тұрып, ал оянатынына сенімді жан осы намазды түннің ақырына дейін кешіктірсе абзал. Тарауых намазының уақыты, таңдалған көзқарасқа қарай, құптан намазынан кейін басталып, бамдат намазының уақытына дейін жалғасады. тарауых намазы үтір намазынан бұрын оқылады. Бірақ құптан намазынан бұрын тарауых оқылса, қайта оқуға тура келеді.

Астрономиялық есеп бойынша күн көкжиектен төмен  15° батқан уақытта түнгі намаз уақытының кіргендігін білдіреді. Егер күн дискінің көкжиекке батуы мен көкжиектен төмен 15°-қа орналасу уақыт аралығы 1,5 сағаттан артық болса құтпан намазының уақыты күн батқаннан 1,5 сағат өткеннен кейін кірген болып есептеледі.

Ескерту: арнайы есеп жүргізілген нүктеден құлшылық атқарылатын орынның әр 30 шақырымға алыстауынан 1 минут қосылады. Осыны ескерген жөн. Демек, 150 шақырымға дейін алыстау – 5 минут қосу қажеттігін білдіреді.

0 пікір
Мұрағат