"JAIN LABO" КОСМЕТИКАЛЫҚ ӨНІМДЕРІ МЕН ТАҒЫ ЕКІ КӘСІПОРЫН СЕРТИФИКАТТАЛДЫ
|
Отандық "Husna", "Jain laboratory" косметикалық өнімдері "QMDB HALAL" сертификатына ие болды. Сертификатты Алматы қаласының бас имамы Төлеби Оспан табыстады. Сертификаттау рәсімене "Халал Дамудың" Алматы қаласы бойынша жауапты бақылаушы өкілі Чадаев Маратхан да қатысты.
"Хусна – елімізде жасалған алғашқы отандық косметикалық өнімдердің бірі. Кәсіпорынның басты мақсаты – шариғат талаптарына сәйкес отандық өнімді шығару, ал басты міндеті - өнімнің адалдығы мен қауіпсіздігі", – дейді өндірушілер.
"Сұлулықты жаны сүйетін арулар косметикалық өнім сатып аларда сауда маркасы мен бағасына қарап жатады. Алайда, асқазанымызға түскен астың ғана емес, күнделікті қолданатын, бет, қол, дене күтіміне арналған косметикалық өнімдер мен декоративті косметикалық құралдардың құрамына да назар аударған маңызды. Себебі, косметикалық өнімдердің құрамында адам денсаулығына зиянды, шариғат бойынша қолдануға рұқсат етілмейтін, халал стандарты талаптарына сай емес қоспалар кездесуі әбден мүмкін. "Husna", "Jain laboratory" косметикалық өнімдерін дайындауда қолданылатын шикізаттар мен қоспалар лабороториялық сынақтан өткізілді. Инспектор-контролер мамандарымыз өндіріс аумағында ревизорлық бақылау шараларын жүргізді. Тексерістің оң қорытындысынан кейін "EJYM innovation group" косметикалық кәсіпорнының 27 түрлі өнімі "Халал өнімдерді өндіруге, өңдеуге, дайындауға, сақтауға, тасымалдауға және сатуға қойылатын жалпы талаптар стандартына сай деп танылды", – дейді сертификаттау жұмыстарын жүргізген "Халал Дамудың" бас сарапшы технологы Айжан Омарова.
"EJYM innovation group" косметикалық кәсіпорнына берілген "QMDB HALAL" сертификаты 10.06.2021-09.06.2022ж мерзімі аралығында жарамды екенін және "Husna", "Jain laboratory" косметикалық өнімдерінің "QMDB HALAL" стандартына сай, халал екендігін хабарлаймыз!
АЛМАТЫ Қ.: "KIKI'S" ФАСТ-ФУД ӨНІМДЕРІ СЕРТИФИКАТТАЛДЫ
Алматы қаласындағы "KIKI'S" фаст-фуд өнімдері "QMDB HALAL" сертификатына ие болды. Сертификатты Алматы қаласының бас имамы Төлеби Оспан табыстады. Сертификаттауға "Халал Дамудың" Алматы қаласы бойынша жауапты өкілі Чадаев Маратхан да қатысты. Аталған кәсіпорын "Тамақтандыру қызметтері", "Халал өнімдерді өндіруге, өңдеуге, дайындауға, сақтауға, тасымалдауға және сатуға қойылатын жалпы талаптар стандарты" бойынша сертификатталды.
"Халал мен харам Алла Тағаланың әмірімен белгіленеді. Ешбір адам өз білгенімен халалды харам, харамды халал ете алмайды. Осындай қателікке бой алдырған жандарға қатысты Ұлы Құдірет Иесі: «Өз тілдеріңнің жалғаны мен қателігін Алла Тағалаға таңып, «мынау халал, мынау харам» деп айтпаңдар. Аллаға өтірік жала жапқан боласыңдар. Шындығында Алланың атынан өтірік айтатындар құтылмайды», – деп қатал ескерту жасаған. Ал, сіздерге берілген "QMDB HALAL" сертификаты еліміздегі діни басқармаға қарасты жалғыз сертификаттау ұйымы "Халал Дамудың" тыңғылықты бақылау-тексеруінен кейін табысталуда. Ендеше, адалдық таңбасына лайықты қызмет етесіздер деп сенемін", – деген Төлеби Оспан "KIKI'S" кәсіпорны қызметіне береке тілеп, халалды дамытуға, танытуға қосқан үлестеріне алғысын білдірді.
"KIKI'S" фаст-фуд өнімдеріне берілген "QMDB HALAL" сертификаты 28.05.2021–27.05.2022 мерзімі аралығында жарамды. "QMDB HALAL" стандартына сай, халал өнімді Алматы қаласы, Төле би, 75 мекен-жайынан ала аласыздар!
ТҮРКІСТАН ОБЛ.: "DAILY FOOD" ДӘМХАНАСЫ СЕРТИФИКАТТАЛДЫ
Түркістан облысындағы ірі тамақтану орындарының бірі – "Daily food" фаст-фуд дәмханасы сертификатталды. "Халал Даму" директоры Айбек Асқарбекұлы мен облыстың бас имамы Еркебұлан Қарақұлов "Қожа Ахмет Яссауи" орталық мешітінде "Daily food" кәсіпорнына "QMDB HALAL" сертификатын табыстады. "Daily food" фаст-фуд дәмханасының төрт сауда нүктесі "Тамақтандыру қызметтері", "Халал өнімдерді өндіруге, өңдеуге, дайындауға, сақтауға, тасымалдауға және сатуға қойылатын жалпы талаптар" стандартына сай сертификатталды.
"Daily food" дәмханасына сертификат табыстаған Айбек Асқарбекұлы: "Ағыл-тегіл, көл-көсір нығметтерді құлдарына берген Раббымыз солардың адалын пайдаланып, ал арамынан аулақ болуды қатаң ескерткен. Келер ұрпақтың ары таза, рухани дүниесі бай болсын десек, бала-шағамызды, отбасымызды халал, таза аспен қамтамасыз етуіміз қажет. Сол себепті, еліміздің әр өңірінде халал кәсіпорындар санын арттыруға тырысудамыз. Түркістан тұрғындары мен қонақтарына қуанышты жаңалық – өңірдегі ірі тамақтану орындарының бірі "Daily Food" дәмханасының шариғатқа, халал стандарт талаптарына сай сертификатталуы. Адал кәсіптеріңізге Алла берекесін берсін, адалдықтың ақ туын желбіретіп, сенім таңбасына лайықты қызмет етесіздер деп сенемін!", – деді.
"Халал Даму" басшылығы мен мамандары, инспектор-контролерлерінің қатысуымен дәмхана аумағында ревизорлық бақылау-қадағалау шаралары жүргізіліп, шикізаттары мен тағамдық қоспалары толықтай тексерілді. "Daily food" фаст-фуд дәмханасына берілген "QMDB HALAL" сертификаты 02.06.2021-01.06.2022 мерзімі аралығында жарамды екендігін және "Халал Даму" бекіткен стандарт талаптарына толықтай сай, халал екендігін хабарлаймыз!