Халал сертификатына ие болған кәсіпорындар
|

ШЫМКЕНТ: КӘСІПОРЫНДАРҒА СЕРТИФИКАТ ТАБЫСТАЛДЫ
Шымкент қаласындағы «Сайрам шашлык» жартылай фабрикаттары мен «Tayiba» сүт өнімдері «QMDB Halal» стандарты талаптарына сай сертификатталды. «Халал Дамудың» жергілікті өкілі Қазбек Сарыбаев пен технолог Аружан Аралбай кәсіпорын аумағында аудит жұмыстарын жүргізіп, өндірістің халал талаптарына сәйкестігіне көз жеткізді.
Аудит барысында өндіріс орнының санитарлық жағдайы, шикізаттың қауіпсіздігі, қызметкерлердің жұмыс процесіндегі тазалық сақтау ережелері және өнімнің қапталуы мен сақталу шарттары жан-жақты тексерілді. Сондай-ақ, өндіріс барысында қолданылатын қосалқы заттар мен технологиялық құралдардың да халал талаптарына сай болуы басты назарға алынды.
«Сайрам шашлык» пен «Tayiba» кәсіпорындары барлық көрсетілген талаптарды толық орындап, тұтынушыларға адал әрі сапалы өнім ұсынуға дайын екендіктерін көрсетті. Сертификаттау барысында туындаған сұрақтарға технолог мамандар жауап беріп, халал өндірістің маңыздылығы мен артықшылықтарын түсіндірді.
СҚО: КӘСІПОРЫНДАР СЕРТИФИКАТТАЛДЫ
Солтүстік Қазақстан облысындағы «Птица фабрика Северный бройлер» ЖШС мен «Elit Doner» қоғамдық тамақтану орны «QMDB Halal» стандарты талаптарына сай сертификатталды. Сертификатты облыстық «Қызылжар» орталық мешітінің бас имамы Хамзат Қажымұратұлы табыстады.
Сертификат табыстау рәсімі барысында бас имам Хамзат Қажымұратұлы кәсіп иелеріне адал өнім өндірудің маңыздылығын атап өтті. Ол «QMDB Halal» стандартының талаптары жайлы түсіндіріп, бұл сертификаттың тұтынушыларға сенімді әрі қауіпсіз өнім ұсынудағы рөлін ерекше атап өтті.
Сондай-ақ, «Птица фабрика Северный бройлер» ЖШС мен «Elit Doner» ұжымы аталған стандартқа сай жұмыс істеу үшін өндірістік үдерістерін қайта қарап, санитарлық-гигиеналық талаптарды күшейткенін жеткізді. Ендігі кезекте бұл кәсіпорындар өнімдерін тек ішкі нарыққа ғана емес, экспортқа да шығару мүмкіндігіне ие.
Іс-шара соңында кәсіп иелеріне арнайы сертификаттар табысталып, халал стандартын ұстанудың рухани әрі экономикалық пайдасы жайлы кеңінен сөз қозғалды.
АҚТӨБЕ: «КЕРЕМЕТ ЕТ» ДҮКЕНІ СЕРТИФИКАТТАЛДЫ
Ақтөбе облысындағы «Керемет ет» ет дүкені және жартылай дайын фабрикаттары «QMDB Halal» стандарты талаптарына сай сертификатталды. Сертификатты Ақтөбе облысының бас имамы Амантай Әбілдаұлы табыстады. «Халал Дамудың» технологы Ақмаржан Ержанқызы кәсіпорын аумағында аудит жұмыстарын жүргізіп, өндірістің халал талаптарына сәйкестігін бағалады.
Аудит барысында өнімнің шикізаттан бастап дайын күйіне дейінгі барлық кезеңдері тексерілді. Тексеру кезінде шикізаттың қайдан алынатыны, сақтау және тасымалдау жағдайлары, санитарлық-гигиеналық талаптардың орындалуы, қызметкерлердің жеке тазалығы мен өндірістегі жұмыс тәртібі назарға алынды.
Нәтижесінде, «Керемет ет» дүкенінің өндірістік процесі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бекіткен халал стандартына толықтай сәйкес екені анықталды. Сертификаттау рәсімі аяқталған соң, кәсіпорынға «QMDB Halal» сертификаты табысталды.
Қызылорданың балы Жапонияға экспортталады
Қызылорда облысының Нағи Ілиясов ауылында өндірілген жантақ балы жапониялықтардың қызығушылығын тудырды, деп хабарлады 24кз
«Бір ауыл – бір өнім» жобасының Орталық Азия бойынша сарапшылары бұл табиғи өнімді экспорттауға қолдау көрсетпек. Шетелдік мамандардың көңілі неге дәл осы бал түріне түсіп отыр? Әріптесім Нұрлан Жақыпбеков осы сауалға жауап іздеді.
Эльмира Төретаева бал шаруашылығына 6 жыл бұрын ден қоя бастаған. Енді оның жантақ балы шетелде де танымал болады. Себебі, жапониялық сарапшылар табиғи өнімге жоғары бағасын берген, дейді кәсіп иесі.
Эльмира Төретаева, Нағи Ілиясов ауылының тұрғыны: - 85 пайыз дегеніміз өте таза өнім деген. Ол кісі таңқалды, кәдімгідей жан-жақтың бәріне сараптама жасаған кезде 65 пайыздан көтерілмейтін дейді. Сіздердікі 85 пайыздан жоғары көрсеткіш көрсетіп тұр. Құрамында су да жоқ, қант та жоқ деп өздері арнайы аппараттарымен келіп тексерді.
«Бір ауыл – бір өнім» байқауының жеңімпазына мемлекеттен 5 миллион теңге қайтарымсыз грант берілді. Эльмира бұл қаржыға бал тартатын бірнеше заманауи құрылғы сатып алды. Енді шағын цех ашып, өндіріс аясын кеңейтуді көздеп отыр.
Нұрлан Жақыпбеков, тілші: - Бұл бал шөл және шөлейтті жерлерде өсетін жантақ гүлінен жиналады. Оның құрамында табиғи антибиотик өте көп болғандықтан, дансаулыққа пайдалы. Қазіргі уақытта бұл өнімге шетелден сұраныс арта түскен.
Биыл Сыр елінің жантақ балы жантақ шайы Жапониядағы табиғи таза тамақ өнімдерінің халықаралық көрмесіне қойылды.
Пірмұхаммед Сыздықов, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры: - Ірі мемлекеттер қатысты. Оған 40-қа жуық мемлекет қатысқан болатын. Оның ішінде АҚШ, Жапония, Англия, Корея, Қытай бар. Сол мемлекеттер қатысып, сол жерде сауда агенттері де қатысып, біздің жантақ балын және жантақ шайын қатты ұнатып отыр. Қазіргі таңда осы екі өнім әлемдік деңгейдегі стандартқа сәйкес сараптамадан өтіп жатыр. Сұранысы бар елдерге экспортталатын болады.
1961 жылы Жапонияда басталған «Бір ауыл-бір өнім» жобасы жергілікті шикізаттан дайындалған өнімді әлемдік брендке айналдыруды мақсат етеді. Оның химиялық қоспасыз, табиғи таза болуы маңызды. Жобаның қазақстандық үлгісі – ауылдағы өндірісті дамытып, әлеуетін көтеруге жол ашады, дейді мамандар.
Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Ақан Әлиев




