Бас мүфти биыл пітір садақа неге ұнмен есептелгенін түсіндірді. Рамазан айында ауызашар ұйымдастыруға рұқсат беріледі
Бас мүфти биыл пітір садақа неге ұнмен есептелгенін түсіндірді. Рамазан айында ауызашар ұйымдастыруға рұқсат беріледі
4 жыл бұрын 2968 Аягөз Құрмаш. Қанат Махамбет

Бұл туралы baq.kz Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының "Antikorlive" жобасында айтқан сөзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. 

Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы Әлемдік мүфтияттармен тығыз байланыста. Өкінішке қарай, Рамазан айына дейін осындай мәселелер көтеріліп жатады. Садақаны мүмкіндігі бар адамдар береді. Мүмкіндігі жоқтар пітір садақа бермейді. Бізде шариғат және пәтуа бөлімі бар. Онда осы саланың оқуын бітірген мамандар отыр. Олар осы мәселені талқылады. Аймақтар бойынша ұн мен бидайдың бағасын есептеп барып, бір бағаны шығарады. Себебі шариғатта бірнеше өнімнен алуға рұқсат берілген. Қазір бізде дүкендер бір жүйелік. Сауда орталықтарындағы бір бағаны алып, шариғат негізіне сүйеніп жасалады. 420 теңгенің бекітілуі , 2 келі ұнның құнымен алынды, - деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Бас мүфти айтқандай, пәтуа бөлімі өнімдерді сататын орталықтарға ресми хат алған соң, ортақ құн шығарады. 

Пітір садақаны жағдайы жоқ адам ғана беретінін қайталап айтқым келеді. Ислам дінін дұрыс білмейтін немесе мүфтиятқа сын көзбен қарайтындар болады. Әсіресе, ораза жақындаған кезде осындай әңгімелерді көп туындатып жатады. Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы - халыққа көмектесетін ұйым. Мүфтиятта отырған әрбір адам осы шешімдері үшін Алланың алдында жауапты. Сондықтан ешбір маман шариғатқа сүйенбей, пәтуа шығармайды, - деді ол. 
Бас мүфти айтқандай, қазір халыққа таратылып жатқан пітір садақаның құны 2 келі ұн, 420 теңгені құрайды. 
 
Рамазан айында ауызашар ұйымдастыруға рұқсат беріледі  
 
Биыл Рамазан айы 13 сәуірде басталып, 12 мамырда аяқталады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) кеңейтілген төралқа мәжілісінде Рамазан айы қашан басталып, қашан аяқталатыны, Ораза айт қай күні өтетіні, Қадір түні қай түні болатыны мәлімделіп, биылғы пітір садақаның мөлшері жарияланды. Сондай-ақ қандай жағдайда ауызашар өткізуге болатыны баяндалды.  Пітір садақа 2 келі ұнның орташа бағасымен есептеліп, 420 теңгені құрады  деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми сайтына сілтеме жасап.
 
Нақтылай кетейік, ұнның бағасы ҚМДБ-ның өңірлердегі өкілдіктерінің мәліметі негізінде анықталды. Біле жүріңіз, биыл Рамазан айы 13 сәуірде басталып, 12 мамырда аяқталады. Рамазан айы 30 күн болады. 13 мамыр – Ораза айт күні. 8 мамырдан 9 мамырға қараған түн – Қадір түні.
 
«Санаулы күндерден соң, қасиетті Рамазан айы кіреді. Мұсылман үмбеті үшін Рамазан – сондай бір ерекше ай. Еліміздегі қаншама бауырларымыз осы айды күтеді, оразасын ұстайды. Мейірім мен кешірімге, сауапқа толы айды әдеттегідей өз деңгейінде өткізуді Алла нәсіп етсін! Қазіргі жағдайды ескере отырып, ең бастысы тазалық пен тәртіп жағына көңіл бөлсек. Осы айда мейлінше қайырымды істерді көбірек атқаруға шақырамын. Жамағаттың ыңғайына қарай уақытын белгілеп онлайн дәріс, құран үйрету сабақтарын өткізуді жалғастыруымыз керек. Халыққа пайдалы уағыз тарату мақсатында тікелей эфир ұйымдастырып, мүмкіндігі жоқ жандарға ауызашар пакеттерін жеткізу жағын қолға алуды тапсырамын», – деді бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы. 
 
ҚМДБ уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Мансұров тарауық намазында санитарлық талапты сақтауға басымдық берілетінін баяндап, ауа райы қолайлы аймақтарда намаз мешіт ауласында өткізілетінін, Рамазан айында Құран хатым жасайтын топ құрылатынын айтты.  ҚМДБ ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Марат Бектазинов бір ай бойы «Рамазан – ұлық ай» атты тікелей эфир ұйымдастырылып, әлеуметтік желілерде, өңірлердегі орталық мешіттердің  парақшаларында танымал тұлғалармен «Рамазан – он екі айдың сұлтаны» атты күнделікті онлайн сұхбат өткізілетінін жеткізді. 
 
Атап көрсетерлігі, Рамазан айында санитарлық талапты сақтай отырып ауызашар ұйымдастыруға рұқсат беріледі. Бұл туралы ҚМДБ мешіт істері бөлімінің меңгерушісі Марат Жаппасбаев: «Рамазан айында санитарлық талаптарды сақтай отырып ауызашар  ұйымдастыру, Ораза айт мерекесіне орай мешіт ауласына киіз үй тігіп, ұлттық ойын өткізу, Ораза айт күндері қарттар мен балалар үйінің тәрбиеленушілеріне мерекелік көңіл сыйлау секілді іс-шаралар атқарылады. Пандемияға байланысты бұл жұмыстар барынша сақтықпен өткізіледі», – деді.
 
Бұл сөзді бас мүфти қостады. Ол «Жасыл аймақтарда» орналасқан өңірлер Рамазан айын мүмкіндігінше қалыптасқан дәстүрге сай өткізу қажеттігін екенін мәлімдеді.  
 
0 пікір
Мұрағат