Қазақстанның Қызыл кітабына тағы 11 жануар түрі енгізіледі. Қазақстанда жыланның 18 түрі мекендейді
|
KAZINFORM – Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Қазақстанның Қызыл кітабына өзгерістер енгізілетінін мәлім етті.
Бүгінгі таңда Қазақстандағы жануарлардың сирек кездесетiн және жойылып кету қаупi төнген түрлер тiзбесiнде (Қызыл кітап – ред.) 227 жануар түрі тіркелген, оның ішінде 131 түрі – омыртқалылар және 96-сы омыртқасыздар.
– Қазіргі уақытта министрлік Зоология институтының биологиялық негіздемесімен Халықаралық табиғатты қорғау одағының критерийлеріне сәйкес, тізбені жаңарту жұмыстарын бастады. Нәтижесінде тізімнен 21 омыртқасыз жануар түрін шығару мен 6 омыртқасыз және 5 омыртқалы жануар түрін енгізу ұсынылды, – деді министр Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.
Осылайша, үлкен көз кесіртке, әмiршi инелiк, нүктелі қанқызы, көбелек, кармин сымырлары және қоңыздың бірнеше түрін Қызыл кітаптан шығару ұсынылып отыр.
Ал керісінше, қамыс мысығы, ақбас құмай, Тазқара, Тянь-Шань және Жоңғар кесірткелерін, қысқақанатты Коранус шегірткесін, көк Зикрона қоңызын, Қандыағаш қандаласын және сарышаянның бірқатар түрін Қызыл кітапқа енгізу жоспарланған.
Сондай-ақ, елімізде биоәртүрлілікті сақтап қалу шараларының нәтижесінде, 2005-2023 жылдары сирек кездесетін тоғай бұғысы, құлан, арқар және қарақұйрық популяциясы көбейген.
Айжан Серікжанқызы
Елімізде сирек кездесетін жануарлар саны өсті
Елдегі жануарлардың 227 түріне жойылып кету қаупi төнген. Оның ішінде 131 түрі омыртқалылар болса, 96-сы омыртқасыздар. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев айтты, деп хабарлайды 24kz.
Бүгінде ведомство Зоология институтының биологиялық негіздемесі бойынша Халықаралық табиғатты қорғау одағының талабына сәйкес тізбені жаңарту жұмыстарын бастады. Нәтижесінде тізімнен 21 омыртқасыз жануар түрін шығару мен 6 омыртқасыз және 5 омыртқалы жануар түрін енгізу ұсынылды.
Тәуелсіздік жылдары Республикадағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды кеңейту жұмыстарының арқасында алаңдардың жалпы көлемі 869 мың гектардан 30,9 млн га дейін ұлғайтылды. Соңғы 18 жыл ішінде сирек кездесетін тоғай бұғысы, құлан, арқар және қарақұйрық популяциясы айтарлықтай өсті.
Қазақстанда жыланның 18 түрі мекендейді
Алда жылан жылы келе жатыр. Қазақ айыр тілді жәндік түрін балаларға тіке ататқызбай түйме деген. Өйткені, атын естісе әлдеқайдан шыға келіп, зиян тигізе ме деп сескенген. Ертегіде айтылатын Жылан Бапы елінің қайда екені белгісіз, бірақ, біздің елде де оның аз емесі анық. Тіпті, қолға үйретіп, үйде қос-қостан асырап отырғандар бар. Ел сүйкімді қоян, марғау немесе күшік асырауға асық болса, қостанайлық Дарья 5 жасынан жылан, кесірткелерге қызыққан. Қазір бір емес екі бірдей жыланы бар.
Дарья Коринкова, Қостанай қаласының тұрғыны: - Бұл жыландар мүлде улы емес, олар өздігінен ешқашан тістемейді және адамдардан қорықпайды. Егер оларға жақсы қарым-қатынас көрсете білсең, тіл табысып кетуге болады.
Жыландардың бейбіт тіршілік иесі екенін мамандар да растайды. Зоология институтының қызметкерлері бауырымен жорғалаушы жәндіктердің бұл қасиетін әлденеше рет байқаған.
Марина Чирикова, ҚР Зоология институты бас директорының орынбасары: - Жыландар өз басы қатты қауіп төндірмейді. Тек өздеріне бір қатер туып тұрғанын сезген жағдайда ғана қорғана бастайды. Оның өзінде де адамға бірден тап бермейді. Жеке бақылауымыз көрсеткендей, ол алдымен бірнеше ескерту түріндегі әрекеттер жасайды. Яғни, тістеуге асықпайды.
Біздің елде жыланның 18 түрі мекендейді. Оның үшеуі – улы жылан. Түсі суық бұл тіршілік иелерінен қанша сескенсек те табиғат пен қоғам үшін олардың пайдасы ұшан-теңіз.
Марина Чирикова, ҚР Зоология институты бас директорының орынбасары: - Қасқырды орман санитары десек, жыланның да экожүйеге пайдасы орасан. Олар кеміргіштермен қоректенетіндіктен ауыл шаруашылығына әсері бар зиянкестерді жояды. Оның үстіне, бұл зиянкестер түрлі ауру да таратады. Сондықтан жыландар биологиялық реттеуші рөлін атқарады. Ал оның медицинадағы пайдасы айтпаса да белгілі.
Дегенмен, жылан асыраушылар ең алдымен сыртқы сұлулығына қызығып, қолға үйретеді. Сондай-ақ, олардың стресті басып, тыныштық сезімін сыйлайтынын байқаған.
«Ал ең қызығы қатты күтімді қажет етпейтіндігі, тіпті, күнделікті қорек іздеп шарқ ұрмайсың», - дейді Дарья Коринкова
Дарья Коринкова, Қостанай қаласының тұрғыны: - Екі аптада бір рет қана қоректенеді. Бұл жыланның үлкендігіне және түріне байланысты. Террариум немесе контейнерлерде тұрады. Ең бастысы, оларға жылу беріп тұратын құрылғы болуы керек термокілем секілді және таза су міндетті түрде. Су ішетін ыдыс жыланның көлеміне сай болуы тиіс. Кейде шомылып, суда жатқанды ұнатады.
Ең бастысы, жыланды ашық кеңістікке шығармасаңыз болды. Ондай кезде олар тым белсенді, қашып кетуі мүмкін. Бірақ, әлгі айтқандай өзің соқтықпасаң адам баласына зияны жоқ. Бірақ, сақтықта қорлық жоқ. Елде улы, қауіпті жыландарды асырауға заңды түрде тыйым салынған.
Қазақстанда ителгі азайып барады
KAZINFORM – Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев ителгі санының азаюы мәселесін көтерді.
– Ғалымдардың бағалауынша, соңғы онжылдықтарда Қазақстандағы ең ірі сұңқар өте сирек кездесетін түрге айналған, ал кейбір аймақтарда түбегейлі жойылып кеткен. Бұл құстың Қазақстандағы санын анықтауға қатысты кең ауқымды зерттеулердің болмауы – мемлекеттің табиғатты қорғау және қалпына келтіру шаралары бойынша ұстанымын қалыптастыруға мүмкіндік бермейді, – деді министр бүгінгі Үкімет отырысында.
Осыған байланысты, министрлік ителгінің қазіргі санын зерттеу және оны қоршаған ортаға жіберудің тиімділігін бағалау үшін 2025-2027 жылдарға арналған екі ғылыми-техникалық бағдарлама әзірлеген. Қазір Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның отырысында осы бағдарламалардың қаралуы күтілуде.
– Сұңқар популяциясын тиімді қалпына келтіру үшін жек-дуадақ үлгісінде сұңқар өсіру орталығын құру қажет. Қазіргі уақытта біз бұл мәселені халықаралық серіктестермен бірлесіп қарастырудамыз, – деді Экология министрі.
Айжан Серікжанқызы
Қазақстан бойынша Алакөлде ғана кездесетін реликті шағалаға GPS қондырғысы орнатылды
KAZINFORM- Биыл маусым айында алғаш рет Қызыл кітапқа енген реликті шағалаға GPS қондырғысы орнатылған еді. Зерттеушілер қазіргі уақытта Алакөлден ұшқан шағалалар тобының басқа мемлекетте жүргенін хабарлады.
«Алакөл мемлекеттік табиғи қорығының» ғылым, ақпарат және мониторинг бөлімінің мәліметіне сүйенсек, 2024 жылы «Зоология институты» қызметкерлерімен бірлесіп ұйымдастырылған далалық экспедиция барысында өгізшағала мен үш реликті шағалаға GPS қондырғысы орнатылған. Мамандар сол арқылы құстардың ұшу жолдарын анықтап, бақылап отыр.
Фото: Алакөл мемлекеттік табиғи қорығы
- Қазіргі таңда орнатылған GPS трекерлер арқылы бақылау жұмыстары «Зоология институты» қызметкерлері, атап айтқанда, б.ғ.к. Гаврилов А.Э. тарапынан жүргізіліп отыр. Орнатылған GPS трекердің деректері бойынша, Орта Аралтөбе аралында ұя салған реликті шағала Алакөл көлінің Ақши, Көктұма ауылдары маңында және Алакөл көлінің шығыс жағалауы бойында қоректенгені анықталған. Ал қыстауға Қытай Халық Республикасының солтүстік-батысында орналасқан Үліңгір атты көліне ұшып кеткені белгілі болды, – деді «Алакөл мемлекеттік табиғи қорығының» ғылым, ақпарат және мониторинг бөлімінің басшысы Айжан Төлебаева.
Фото: Алакөл мемлекеттік табиғи қорығы
Бірлескен далалық экспедиция барысында бұдан бөлек бұйра және қызғылт бірқазан, қарабас өгізшағала, ақбас тырна, үлкен суқұзғын, дала қыраны, тілеміш сияқты құстардан биоанализ сынамалары алынып, сақиналар тағылған.
Фото: Алакөл мемлекеттік табиғи қорығы
Айта кетейік, бұл зерттеулер 2024 жылдың 2-ші тоқсанында ҚР ЭТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетімен келісілген. Сондай-ақ, зерттеу жұмыстары ҚР ҒЖБМ Білім комитеті «әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті» ҰАҚ-ның биоалуантүрлілік және биоресурстар кафедрасы мен ҚР БҒМ Білім комитеті «Зоология институты» РМК арасындағы ғылыми ынтымақтастық туралы жасалған шарттар аясында жүргізілген.
Еске салайық осыған дейін Алтынемел ұлттық паркіне әкелінген 30 құланның саны 3600-ге жеткенін жазғанбыз.
Фото: Алакөл мемлекеттік табиғи қорығы
Айбек Құттыбек
Қазақстанда қанша ілбіс бар
KAZINFORM — Ілбіс немесе қар барысы - Қызыл Кітапқа кіргізілген көп жануардың бірі ғана емес, ол - тәуелсіз Қазақстанның ұлттық символы. Адамның көзіне көп түсе бермейтін бұл аң негізінен таулы жерлерде тұрады.
Саны мен мекендейтін ортасы
Ілбіс жойылып кету қаупі төнген жыртқыш ретінде халықаралық табиғатты қорғау одағының (IUCN) қызыл тізіміне, сондай-ақ жалпы ауданы 500 мың шаршы шақырым болатын Қазақстан, Бутан, Ресей, Қырғызстан, Непал, Өзбекстан, Моңғолия, Тәжікстан, Қытай, Үндістан, Пәкістан және Ауғанстан сияқты 12 елдің Ұлттық Қызыл кітаптарына енгізілген. Соңғы жылдары Қазақстанда жануарлар дүниесін қорғауда оң динамика байқалады.
Бұл сирек кездесетін жануардың жойылып кету мәселесін шешу үшін БҰҰ Даму Бағдарламасы Ұлттық серіктестермен бірлесіп, Қазақстандағы ілбіс пен оның мекендейтін жерлерін сақтау бойынша жұмыстар қолға алынды. Бұл жоба 2018 жылдан бастап БҰҰ ДБ мен жаһандық экологиялық қордың (ЖЭҚ) ынтымақтастығы аясында іске асырылып жатыр.
Жобаның маңызды нәтижелерінің бірі - елдегі қар барыстарының саны туралы жыл сайынғы есеп беру жүйесін құру болды. 1990 жылдың басынан бері оның санын екі есеге артты. Қазір Қазақстанда олардың саны 152-189 айналасында. Бұл - 2019 жылмен салыстырғанда 26 пайызға көп. Бұл деректер еліміздің таулы аймақтарында, соның ішінде Алтай, Жетісу, Алатау таулары мен Солтүстік және Батыс Тянь-Шаньда жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері мен камера арқылы расталады.
– 1980 жылдардың басында Қазақстандағы қар барыстарының санын алғаш рет есептеу жүргізілген кезде олардың саны 180-200 болды. Алайда, 1990 жылдары әлеуметтік-экономикалық қиындықтар мен браконьерліктің таралуы жағдайында бұл сирек кездесетін жыртқыштың саны 100 басқа дейін азайып кетті. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар – ұлттық парктер мен қорықтардың құрылуының арқасында ғана жағдай тұрақтала бастады. Бұл шаралар барыстар үшін қауіпсіз өмір сүру жағдайларын жасауға мүмкіндік берді, бұл олардың санының біртіндеп өсуіне ықпал етті. Бүгінгі таңда елдегі барыстардың саны 189 жетті, – дейді ҚР ҒЖБМ зоология институтының өкілі, қар барысын бақылау орталығының жетекшісі, «Snow Leopard Foundation» ҚМФ атқарушы директоры Алексей Грачев.
Фото: ПРООН
Ол ілбіс Қазақстанның барлық негізгі тау экожүйесінде, соның ішінде Оңтүстік, Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Қазақстанда мекендейтінін атап өтті. Олардың таралу аймағы Түркістан, Жамбыл, Алматы, Абай, Шығыс Қазақстан облыстары және Жетісу өңірі сияқты облыстарды қамтиды.
– Іле Алатауы, Алтын-Емел, Көлсай көлдері, Катонқарағай, Сайрам-Өгем және Жоңғар Алатауы ұлттық саябағы сияқты ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға барыстар белсенді түрде қоныстана бастады. Бұл табиғи қорықтар барыстардың қауіпсіз өмір сүру жағдайларын қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта жыртқыш саны бірте-бірте 1980 жылдары тіркелген тарихи максимумға жақындап келеді, – деді.
Зоологтің айтуынша, барыстың ең көп популяциясы Жетісу өңірінде мекендейді. Бұл халықтың жоғары тығыздығына, азық-түлік қорының молдығына, қолайлы экологиялық жағдайға және қорғаныстың болуына байланысты. Бұл жыртқыштар Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи саябағында аз кездеседі. Алайда, осыған қарамастан, бұл ұлттық саябақта орнатылған камераға бірнеше рет түсіп қалған.
– Катонқарағай ұлттық табиғи саябағында бұрын барыстар әлдеқайда көп болған, бірақ уақыт өте олардың саны азайып кеткен. 2017 жылдан бері осы өңірде зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бастапқыда біз аяқ іздерін таптық, бірақ олардың нақты барысқа тиесілі екенін растай алмадық, өйткені бұл аймақта табан ізі ұқсас басқа жануарлар бар. Дегенмен, 2020-2021 жылдары камералар барыстарды түсірген кезде біз олардың бар екеніне 100% сенімді болдық. Бұл популяцияның қалпына келе жатқанын және көбею процесінің жалғасып жатқанын растайды, – деп бөлісті зоолог.
Жойылып кету қаупі
БҰҰДБ мамандары қар барысы санының азаюының негізгі қауіп-қатері тұрақсыз ауыл шаруашылығымен байланысты екенін атап өтті.
– Бізге ерекше қорғалатын аумақтарды бақылау керек. Ең бастысы адамның қатысуын барынша азайту және барлық ықтимал қауіптерді жою қажет: браконьерлік, мал жаю, туризмді дұрыс дамытпау. Қазір жұртшылық Алматының айналасындағы Медеу, Шымбұлақ секілді көрікті жерлерге жиі бара бастағанын көріп отырмыз. Бұрын бұл жерлер барыстардың мекені болған, бірақ қазір оларды өте сирек кездестіруге болады. Оның орнына аумақтарды қаңғыбас иттер басып алды. Дегенмен, қар барыстары әлі күнге дейін көрші шатқалдардың айналасын - Алматы қорығы мен Іле Алатауы ұлттық паркінің аумақтарын мекендейді. Алматы қаласының аумағын қазіргі уақытта 5-ке жуық қар барысы мекендейді, бұл - адамдардың болуына үйренген, бірақ саны шектеулі бірегей популяция, - деп атап өтті Алексей Грачев.
Барыстың азығы басқа жабайы жануарлардың популяциясының санына да маңызды рөл атқарады. Негізі азығы - сібір тау ешкісі. Сондай-ақ тұяқты жануарлар (елік, қоян, жабайық қабан және тағы басқалары) қорегіне жатады. Дегенмен, тамақ іздеуге шыққан кезде барыстар сілеусін, жолбарыс және қасқыр сияқты басқа жыртқыштармен кездесіп, ресурстар үшін төбелесіп, тіпті соңы өлімге әкелуі де мүмкін.
– Мұндай жағдайды тауда зерттеу жұмыстарын жүргізіп жүргенде кездестірдік. Камералардың көмегімен біз екі кішкентай аланын ерткен барысты түсіріп алдық. Біз қасқырлардың олардың ізіне түскенін байқадық. Қасқырлар барыстың қас жауы деген қорытындыға келдік. Бұл азық тапшы кезде, қыста болды, – деді А. Грачев.
Ол жаңа туған барыстардың өлім-жітімінің айтарлықтай жоғары екенін айтты. Қазақстанда жыл сайын 30-50 барыс дүниеге келеді, бірақ популяциясы жылына 2-3 дара ғана көбейеді.
– Ұлттық парктер сияқты ерекше қорғалатын аймақтарда қар барыстары белсенді түрде қоныстанған. Әрбір ілбістің, әсіресе еркектерінің қорғайтын жеке аймағы бар. Жастары, әдетте, бұл аумақтарды тастап кетуге мәжбүр. Жаңа қорғалатын аумақтар құрылмаса, олардың барар жері қалмайды. Бұл жағдайда барыстар көрші елдерге – Қытай мен Ресейге қоныс аударуы немесе ұлттық парктер мен қорықтардың шекарасынан шығып кетуі мүмкін, бұл жергілікті мал шаруашылығымен айналысатын фермерлерге қауіп төндіреді. Барыстар қорек іздеп, малға шабуы мүмкін немесе аштықтан қырылып қалады, – деп атап өтті спикер.
Қандай шаралар қабылданып жатыр
Қазақстанда Қызыл кітапқа енген жануарлар мен құстар мекендейтін 10 қорық, 15 ұлттық парк, 7 қорық және 3 аймақтық парк бар.
Елдегі барыс популяциясының шамамен 70%-ы ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда кездеседі. Осы бірегей түрдің жойылу қаупіне жауап ретінде мемлекет маңызды шаралар қабылдады. Атап айтқанда, ғалымдар мен инспекторлардың жалақысы көтеріліп, ормандарды өрттен және браконьерліктен қорғау жұмыстары күшейтіліп, фото тұзақ құрылғылары сатып алынды. Сондай-ақ Қазақстандағы ілбістің жағдайын жүйелі түрде бағалайтын мониторинг орталығы белсенді жұмыс істейді.
2021 жылдың қараша айында Қазақстанда алғаш рет барыстың спутниктік телеметриясы өткізілді. Спутниктік телеметрия – әлемнің көптеген елдерінде кеңінен қолданылатын қауіпсіз және тиімді әдіс. Ол ғалымдарға жануарлардың орналасуы, ықтимал қауіптері, жем-шөп базасы туралы ең сенімді деректерді алуға мүмкіндік береді. Алғаш рет «Алтын Емел» ұлттық паркінде халықаралық және отандық мамандардың қатысуымен навигациялық жабдықтармен белгі салынды. 2021-2023 жылдар аралығында Солтүстік және Орталық Тянь-Шань тауларында барлығы 11 барысқа спутниктік телеметрия жүргізілді.
Алынған мәліметтер ғалымдарға барыстардың Қазақстанның ішінде де, шекара арқылы да көрші мемлекеттерге қозғалу жолдарын анықтауға мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта оның Қытай мен Қырғызстанға қарай миграция карталарында тіркелген сенімді бағыты бар. Жыртқыштың жылыстау жолдары туралы ақпарат ЕҚТА-ны жетілдіру және жыртқыш аңды қорғаудың одан әрі шаралары үшін маңызды практикалық мәнге ие.
Жамбыл облысында қар барысының болуы сирек кездесетін аңды қорғауды қамтамасыз ететін «Мерке» өңірлік табиғи паркін құруға негіз болды. Жалпы алғанда, БҰҰДБ ауданы 1,6 млн гектардан асатын алты жаңа ЕҚТА құру және қолданыстағы үш алаңды 214.000 гектардан астам аймаққа кеңейту бойынша жаратылыстану-ғылыми және техникалық-экономикалық негіздемелерді аяқтады.
— Қазақстан – ілбіс санын қалпына келтіруге болатынын бүкіл әлемге дәлелдеген бірден-бір мемлекет. Көптеген елде бұл жыртқыштардың популяциясы азайып келеді немесе тұрақты төмен деңгейде қалады. Сондықтан бұл біз үшін үлкен жетістік. Бұл нәтижелерді халықаралық табиғатты қорғау қауымдастығы жоғары бағалады. Қазақстанда қар барыстарын сақтай отырып, біз осы бірегей түрдің ғаламдық популяциясын қолдаймыз, — деді зоолог.
2024 жылы БҰҰДБ бастамасымен Қазақстан мен Қырғызстанның табиғи аумақтары арасында қар барысын сақтау мәселелері бойынша қол қойылды. Меморандум жыртқышты және оның солтүстік Тянь-Шань тауларында мекендейтін жерлерін зерттеу, сақтау үшін бірлескен іс-қимылдарды төрт ЕҚТА арқылы үйлестіруге мүмкіндік береді: «Көлсай көлдері» ұлттық паркі, Алматы мемлекеттік табиғи қорығы, Қазақстан Республикасының Іле Алатауы ұлттық паркі және Қырғыз Республикасының «Чон Кемин» мемлекеттік табиғи паркі аумақтары шегінде.
Осыған дейін Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев елдегі қар барысының саны туралы айтқан болатын.
Сондай-ақ Қазақстанның табиғи ұлттық парктерінде 400-ге жуық фототұзақ орнатылғаны туралы жазған едік.
Биыл күзде Іле-Балқаш резерватында арнайы торлы қоршауда өсіру үшін Нидерландыдан 2 жолбарыс әкелінді.
Алма Мұқанова
Қазақстанда қанша қар барысы тіршілік етеді
KAZINFORM – Қазақстанда қар барысы мекендейтін жерлердің 70% – ерекше қорғалатын аумақтар. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев айтып берді.
Елімізде қар барысының негізгі тіршілік ету учаскелерінде 3,6 млн гектар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құрылды.
Атап айтқанда, Іле Алатауы, Көлсай көлдері, Алтынемел, Сайрам-Өгем, Жоңғар Алатауы, Шарын, Тарбағатай, Қатонқарағай, Қаратау және Батыс Алтай аумақтары бар.
– Барыстарды есепке алу және заманауи мониторинг жүргізу әдістері, фототұзақтар мен спутниктік телеметрия белсенді қолданылады. 11 барыс спутниктік арнайы мойын қарғысымен таңбаланды, алдағы уақытта ерекше қорғалатын табиғи аумақтар желісін жетілдіру жоспарланып отыр, – деді министр Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.
Өткен ғасырда 80-жылдардың басында Қазақстандағы барыстар саны 180-200 деп белгіленсе, 90-шы жылдары 80-100 басқа дейін азайған еді.
– Қабылданған шаралардың нәтижесінде олардың саны 90-шы жылдардағы ең төменгі деңгейден екі есеге артып, 180-ге дейін жетті. Жануардың бұл түрін сақтап қалу жұмыстары жалғасуда, трансшекаралық және халықаралық ынтымақтастық белсенді дамып келеді, – деді Е. Нысанбаев.
Бұған дейін Ерлан Нысанбаев Қазақстанға Нидерландыдан жеткізілген жолбарыстардың алғашқы қысы қалай өтіп жатқанын айтып берді.
Сондай-ақ, 1 қаңтардан бастап, Қазақстанда көшпелі цирктер мен зообақтарға тыйым салынады.
Айжан Серікжанқызы
«Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватында жолбарыстар алғаш рет қыстап жатыр
KAZINFORM – ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетімен бірлесіп, «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватында жолбарыстар алғаш қыстап жатқанын хабарлады.
Жануарлар дәрігерінің карантинінен кейін жолбарыстарға үлкен вольерлер ашылды, олардың әрқайсысының ауданы 0,5 гектардан астам. Бұл кешен жыртқыштардың барлық қажеттіліктерін ескере отырып мұқият жобаланған, олардың еркін қозғалуына және табиғи инстинкттерін көрсетуге мүмкіндік береді. Кең орта олардың жаңа мекенжайға бейімделуіне ықпал етеді. Жолбарыстар тіпті өздерінің «тамақтану» аймағында қарға мен торғайларға аңшылық жасауда.
Қыстың басынан бастап еттің күнделікті нормасы көбейтілді, бірақ вольерде ұсталған жыртқыштарға аптасына бір күн «аштық» сақталды, бұл жыртқыштарға тән тәртіп.
«Біз Іле-Балқаш табиғи резерватында жолбарыстардың алғашқы қысын қалай өткеріп жатқаны туралы сирек түсірілген бейнемазмұнды жариялап отырмыз. Бұл табиғи ортаға бейімделіп, Қазақстанда алғаш рет қыстап жатқан жыртқыштардың өміріне үңілуге тамаша мүмкіндік»,-делінген хабарламада.
Айдар Оспаналиев
Қостанай жылқы тұқымы жойылып кетудің сәл алдында тұр
Мемлекет тарапынан қаржыландыру тоқтағалы бері Қостанай жылқы зауытының жағдайы құлдырай бастады, деп хабарлайды 24KZ.
Біраз жыл жүргізілген жаңғырту жұмыстары да тұралап қалды. Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты кәсіпорында кезінде 300-ден астам жылқы болған. Бүгінде үштен бірі қалды.
Қостанайдағы «Қазақ тұлпары» жылқы зауытының іргетасы 1880 жылдары қаланған. Сол кездері де мұнда асылтұқымды жылқы алу жұмыстары жүргізілген. Салт-жегінді Қостанай тұқымын бекіту туралы қаулы да бар.
2000 жылдан зауытта спорттық бағыттағы қазақ қазанатын жетілдіру жұмыстары басталды. Іріктеліп, сұрыпталып, ағылшын, араб және жергілікті жылқыны будандастыру арқылы қыл құйрықты тұлпардың жаңа түрі алынды.
Серік Смағұлов, шабандоз: - Негізі Қостанай жылқы күрең қасқа болып келеді осылай. Олар алысқа шыдамды. Аяқтары мықты. Сіңірлері жуандау болып келеді. Сосын тұяқтары да мықты болып келеді бұлардың. Бұл жүріске де жақсы. Алысқа да барады. 120-ға шабады бұлар негізі.
10 жыл бұрын жылқы зауытын мемлекет тарапынан қаржыландыру тоқтады. Содан бері селекциялық жұмыс жөнді жүрмеді. Кәсіпорын базасында елімізде бірегей иммуногенетикалық, биотехникалық зертханалар мен жасанды ұрықтандыруға арналған қондырғылар бар. Осының бәрі бүгінде қаңырап тұр. Жұмысшылар да бірнеше айдан бері жалақы алмаған. Жалпы осы жылдар ішінде Қостанай жылқы тұқымы өз ісіне шын берілген жандардың ынта-жігерінің арқасында сақталып қалды. Қазір қалған 92 бас жылқыны қыстан аман алып шықсақ игі деп отыр.
Виталий Гофман, «Қазақ тұлпары» жылқы зауытының зоотехнигі: - Отандық бірегей жылқы тұқымын сақтап қалуды ұрпақ алдында парызымыз деп білемін. Жоқтан бар жасап, соған тырысып жатырмыз. Өз күшімізбен жемшөбін дайынап, қора-қопсыны жамап-жасқап алдық. Спорттық бағыттағы бір жылқының күтім-бағымына жылына бір миллион тенгеден астам қаржы қажет. Мемлекет қолдауынсыз оны іске асыру мүмкін емес.
Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің форуымында Мемлекет басшысы Қостанай жылқысы жойылып кетудің сәл алдында тұрғанын айтып, оның саны мен сапасын арттыруды міндеттеген болатын. Заңға енгізілген өзгерістерге байланысты енді жылқыны асылдандыру бағытындағы селекция, күтіп-бағу шығындары субсидияланады.
Аслан Молдаш, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы: - Ғылыми институттар соның нормативін, сосын анау критерий дейді, соны бізге ұсыну керек. Рекомендация ретінде, соны әзірлеу бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Селекциялық жұмыстар мен Қазақстан бойынша Қостанай тұқымы қанша бар, соны санау жұмыстары. Кезінде 300 басқа дейін болған дейді ғой. Соған жақындасақ, дұрыс болар еді енді.
Ел Президенті, сондай-ақ, Үкіметке жылқы шараушылығы инстиутын құруды тапсырды. Алдағы бес жылдың ішінде асылтұқымды жылқы үлесін 6-7%-ке көбейту жоспарланып отыр.
Елде құланмен қоса бұлан да көбейіп келеді
Елде құланмен қоса бұлан да көбейіп келеді. Баянауыл ұлттық паркінің инспекторлары жануардың бірін камераға түсіріп алған. Видеода бұланның жол ортасында бейқам тұрғаны анық көрінеді. Қазір Баянауыл ұлттық паркінде жүргізілген санақ бойынша бұлан саны 80-ге жеткен. Сегіз жүзге тарта арқар, 115 қабан, 70 қасқыр және 30 сілеусін бар. Қызыл кітапқа тек қана арқар енген. Ерекше қорғалатын Баянауыл ұлттық мемлекеттік табиғи паркінде аңшылықтың барлық түріне тыйым салынған. Түз тағыларының саны жылдан жылға артып келеді.
Алпыстан астам құлан «Іле-Балқаш», «Алтын дала» резерваттарына көшірілді
KAZINFORM – Құландар популяциясын қалпына келтіру бағдарламасы аясында 66 құлан «Іле-Балқаш» және «Алтын Дала» резерваттарына көшірілді. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев айтып берді.
– Жануарларды көшіру және олардың бейімделуі үшін қолайлы жағдай жасау – түрді сақтап қалуға және Қазақстанның жазық далалы экожүйесінде табиғи тепе-теңдікті қалпына келтіруге ықпал етеді. Қазақстан аумағында толығымен жойылып кеткен құландар 1950-60 жылдары Түркіменстаннан әкелінген 14 құланның көмегімен қайта жанданып, 4493-ке жетті, – деді министр Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.
Сонымен қатар Президент тапсырмасын орындау мақсатында каспий итбалығының популяциясын сақтау үшін биылғы қазан айында Үкімет қаулысымен «Каспий итбалығы» табиғи резерваты құрылды.
Бұдан басқа, жек дуадақ популяциясын сақтап қалу және табиғи тіршілік ету ортасына жіберу мақсатында Біріккен Араб Әмірліктерімен келісім аясында Түркістан облысында Жек дуадақты қайта өсіру орталығы салынды. 2009-2024 жылдар аралығында 73 мыңнан астам жек дуадақ табиғатқа жіберілді.
Бұған дейін Ерлан Нысанбаев Қазақстанға Нидерландыдан жеткізілген жолбарыстардың алғашқы қысы қалай өтіп жатқанын айтып берді.
Алдағы бес жылда Еуропадан Қазақстанға 40 Пржевальский жылқысы әкелінеді
KAZINFORM – Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев елімізде Пржевальский жылқысын қайта жерсіндіру жұмыстары қалай жүріп жатқанын баяндады.
Бұрын бұл жылқылар еліміздің 9 облысын (Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды, Ақмола, Шығыс Қазақстан, ішінара Алматы, Қызылорда, Жамбыл және Түркістан) мекен еткен.
«Пржевальский жылқысы әлемдік жабайы табиғаттан 1960-жылдардың соңына қарай жойылып кеткен болатын. Алайда, министрліктің халықаралық ұйымдармен ынтымақтастығының арқасында биыл Қостанай облысындағы «Алтын Дала» резерватына Прага хайуанаттар бағынан алғаш рет 7 Пржевальский жылқысы (6 бие, 1 айғыр) әкелінді. Жалпы 2029 жылға дейін (Чехиядан немесе Мажарстаннан – ред.) 40 жылқы әкелу жоспарланып отыр», - деді министр Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ, 1 қаңтардан бастап, Қазақстанда көшпелі цирктер мен зообақтарға тыйым салынады.
Қазақстанда жабайы аң-құс өсіруге рұқсат берілуі мүмкін
KAZINFORM – Мәжіліс депутаттарымен бірге аң өсіру әлеуетін іске асыруды көздейтін заң жобасына бастама жасалды. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев айтып берді.
– Шет елдердің аң-құс өсіру тәжірибесі көрсеткендей, жабайы жануарларды қолдан өсіру олардың санының артуына, табиғаттағы жануарларға түсетін қысымды азайтуға, түрлерді сақтап қалуға және табиғаттағы тепе-теңдік пен әртүрлілікті қорғауға көмектеседі. Мәселен, Батыс Еуропада шамамен 10 мың фермада 700 мыңнан астам тұяқты жануар өсіріледі, Жаңа Зеландияда марал мен бұғылардың 800 мыңнан астамы торлы қоршауда, ал Намибияда 35 млн гектарға жететін 5 мың ранчосында 500 мыңнан астам түрлі тұяқты жануар өсірілуде, – деді Ерлан Нысанбаев.
Осылайша, елімізде аң-құс өсіру өнімдерін ауылшаруашылық өнімдеріне теңестіру ұсынылып отыр. Бұл ауыл шаруашылығы саласын қолдау шараларын пайдалануға, торлы қоршауда өсірілетін жабайы жануарларға ветеринариялық бақылауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, жабайы аң-құсты өсіруге рұқсат алу тәртібін жеңілдету, фермерлік аңшылық шаруашылықтарға мемлекеттік табиғи қорықшаларда жабайы жануар өсіруге рұқсат беру ұсынылған.