Қазақстанның географиялық аймақтары мен топонимдік атаулары
Қазақстанның географиялық аймақтары мен топонимдік атаулары
5 жыл бұрын 4899 Қымбат Слямбеков

Жер-су атауларының пайда болуы мен қалыптасуына аймақтың географиялық орналасуы мен жер бедері тікелей әсер етеді. Мұны топонимика ғылымында жер-су атауларының географиялық принцип арқылы қалыптасуы деп аталады.

Бұл тарапта massaget.kz ақпарат көзінің еліміздің географиялық және топонимдік танымдық материалын назарларыңызға ұсынамыз. 

Жер аумағы бойынша әлемде тоғызыншы орынға жайғасқан Қазақстан төрт негізгі географиялық аймаққа бөлінген: таулы аймақ, далалы аймақ және шөлейт, орманды аймақ. Одан бөлек, орманды дала аймағы, жартылай шөлейтті аймақ, тау алды жазық, таулы дала белдеуі, шалғынды белдеу, субальпілік белдеу сынды субаймақтар бар.

Аталмыш аймақтарға байланысты жер-су атауларына негіз болған терминдер мен ұғымдарды бөліп қарастырсақ болады.

1) Алдымен Қазақстанның биік, орташа, аласа таулы үстірті орналасқан аймақтарына тән географиялық терминдерді қарастырамыз. Таулы ареал Алтай, Сауыр, Тарбағатай, Жоңғар Алатауы, Алатау (Тянь-Шань), Қаратау, Ұлытау, Көкшетау, Қарқаралы, Баянауыл, Шыңғыстау өңірлерін қамтиды. Таулы зонаға мынадай географиялық терминдерді (олардың көбі орографиялық терминдер болып келеді) жатқызуға болады: ағаш, айғыр, айдар, айналма (тау жолы), айыр, айрық, алаң, аңғар, арт (көне түркі. асу), арна, асқар, асу, асы, ауыз, аша, бас, бауыр, бел, бет, беткей, биік, бөктер, бөрік, бура, даба, дабан (моңғол. «асу», «кезең»), дара, дарбаза, дөң, дулыға, дің (Қарадің), егіз, емел (моңғ. эмээл «ер»), емшек, есік, етек, ешкі, жайлау, жайпақ, жал, жалпақ, жамбас, жартас, жарық, жоғарғы, жон, жота, жуан, жылға, жыра, жырық, заңғар, ирек, кезең, кемер, кереге, күнгей, қабақ, қабырға, қайқаң(кейкең), қалқа, қапшағай(моңғ. хавцгай «шатқал»), қара(тау, төбе), қаратау, қия, қобы, қожыр, қойнау, қойын, қолат, қолтық, қорым, мұзарт, мұздық, мұзтау, мұрын, мүйіс, найза, науа, оба, ой, ола (моңғ. уул «тау»), орай (моңғ. орой «тау басы»), орқаш, орман, өр, өркеш, сай, сала, сан (парсы. Сэнг «тас»), сандық, сантас (сынтас), сарқырама, сарымсақ, саты, сауыр, сеңгір, сораң, суыр, сүмбе (моңғ. сумбэр «биік шың»), сырт, таған, тазтау, тар, тарбаған (моңғ. «суыр»), тас, тау, таулы қырат, теке, тепе (түркім., өзб. «төбе»), теріскей, толағай (моңғ. толгой «бас»), томпақ, төбе, төбешік, төр, төс, төскей, тұйық, тұмсық, тұран, түйе, түйемойнақ, түрген (моңғ. түрген «ағынды»), тік, үкек (моңғ. ухэг «кебеже»), үйдене (моңғ. уудуд «су ағып шығатын жартас»), үлкен, үңгір, хамар/хамир (моңғ. «мұрын», «мүйіс», «тұмсық»), шағыл, шажа («тау басы» диалект.), шақпақ, шаңырақ, шат, шатқал, шатыр, шоқы, шымылдық, шың, ық, ылди, ірге, т.б.

Тізімдегі географиялық терминдер көбінесе анықтауыш + географиялық термин моделі бойынша атау жасауға қатысып, соңғы позицияда тұрады: Сарыалқа, Ақбауыр, Мұзбел, Қарабөрік, Алтынемел, Қарасенгір, Қызылтас, Сұлутөр т.б. Сонымен бірге тау аттарын білдіруге анықтауыш ретінде  қатысатын терминдер мен жалпы есімдер болады. Олар әдетте алдыңғы позицияда келеді: Айыртау, Айғыржал, Егізқара, Жалпақтас, Жуантөбе т.б. Кейде бір термин екі позицияда да тұра береді: Төрқуыс, Сұлутөр, Таскезең, Керегетас, т.б.

Терминдер  қосымшалы топонимдер жасауға да қатысады: Қаратастың биігі, Қайрақты, Қалқалы, Томпақша, Қыраш, Арқалық, Тастақ, т.б. Бұл мысалдар географиялық терминдердің атау құрамындағы орны мен қызметін көрсету үшін ғана беріліп отыр, ал толық жасалым жолдары келесі тарауларда баяндалады.

2) Дала және орманды дала зонасына Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарының  солтүстігі, Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан  облыстары, Павлодар және Семей қалаларының маңы жатады. Бұл аймаққа тән жер бедерін білдіретін мынандай географиялық терминдер мен жалпы есім сөздер бар: ағаш, ақбайтал («боран» диалект.), ақсай, аңғар, арна, ашық, ащы, әупілдек, байтақ, байыр («жатаған төбелер» диалект.), бақа, бақанас, балқаш, балық, бастау, батпақ, бидайық, боз, бор (орыс. «орман»), боралдай (моңғол. «жусан»), боран, бұйрат, бұта, былқылдақ, дала, дауыл, дешт (парсы. «дала»), диқан, диірмен, домбақ, доңғал, дөң, дөңгелек, егін, егіндік, еспе, жаға, жазық, жайдақ, жайқын, жайма, жайық, жайылма, жал, жалаңаш, жалтыр, жар, жарма, жасылкөл, жел, жер жиде, жиек, жоса, жусан, жылға, жылым, жыңғыл, жыра, изен, иірім, кебір, кемер, кендір, кең, кешу, кит (моңғол. «монастрь, пұтхана»), киік, көгал, көкпек, көл, көлтабан, көмей, көтерме, күп, қағыл, қайың, қайыр, қақ, қайрақ, қамыс, қаңбақ, қараша, қараағаш, карағай, қараған, қарасу, қарасуық, қоға, қопа, қорыс, қотан, құба, құлан, құрақ, қырқа, қырман, майдан, мола, мұқыр, нұра, ой, ойпаң, ойпат, ойыл, ойыс, ор, орман, өзен, өлең, өңір, өткел, сабыр (моңғол. шабыр «батпақ»), саға, саз, сайын дала, саралжын, сары, сарыарқа,  сарыдала, сарысу, сахара, сор, сораң, сортаң, суат, тақыр, тал, там, тарам, татыр, тегіс, тегістік, тоғай, томар, томпақ, төбешік, тұз, тыңжер, ұсақшоқы, үйік, үстірт, худзыр/қожыр (моңғол. «қақ»), шабарты, шағыр, шалғын, шалқар, шалшық, шаң, шет, ши, шоқ, шоқалақ, шоқат, шортан, шұбар, шұқанақ, шым т.б.

3) Шөлейт және шөлді зона. Шөлейт зонасы Зайсан ойпатынан бастап, Сарыарқаны (Орталық Қазақстан) қоса отырып, Ақтөбе, Орал облыстарының оңтүстігін қамтиды. Аталған аймақтардан оңтүстікке қарай жылжыған сайын шөл зонасына ауыса береді. Атап айтқанда, Алакөл, Балқаш бассейндері, Талдықорған, Алматы қалаларына дейінгі далалы аймақтар, Шу, Сырдария аңғарлары мен Арал теңізін айналып, Маңғыстау түбегі енеді. Шөлейт және шөлді табиғат зоналарына, көбінесе мынадай географиялық терминдер мен жалпы есімдер тән болып келеді: айтақыр, аққұм, апан, арна, арық, ауыт (әуіт «кішкене тоған», диалект.), ащы, барқан, бөген, бұйрат (құм), дауыл, еспе (құм), жазық, жайдақ, жалаңаш, жел, жыңғыл, кебір, келте, көтерме («дамба»), қайыр, қақ, қарақұм, қауға, қобы, қу, құба, құдық, құлақ, құлан, құм, құмайт, құмақ, құмдақ, құмдауыт, құмдасын, құмқайыр, құры, құрық, құю («құдық» диалект. ), қызылқұм, лай, мақта, орпа, сахара, сексеуіл, соқыр, сор, сораң, сортаң, суат, сүтті құдық, тақыр, татыр, татырау, тоған,  тұз, үрме (көшпелі құм төбелер), шағыл (құм), шағыр, шақат, шалшық, шаң, шеген, шеңгел, ши, шоқат, шөл, шөлейт, шұрат, шығыр, шыңырау (құдық), ыстық, т.б.

Қазақстанның жер бедерін үлкен үш типке бөліп қарағанымызбен, географиялық терминдер қатаң үш топқа бөліне қоймайды. Жоғарғы топтастыруда да шарттылық бар. Өйткені, бір табиғи зонаның ішінде басқа зонаның да белгілері кездесіп отырады. Мәселен, Шығыс Қазақстанда  құмды, сортаң, далалы, шоқылы, таулы рельефтер кездеседі. 

Алайда, географиялық терминдердің басым көпшілігі жер бедеріне қарай шоғырланатыны айқын байқалады. Мәселен, В.А. Жучкевич ол туралы былай дейді: «Орта Азия мен Қазақстан суға кедей. Қай жерде су болса, сол жерде өмір және елді мекен бар. Керісінше сулы Балтық бойында су мол. Бірақ, дәл Орта Азия мен Қазақстанда көптеген жер-су аттары сумен байланысты болып келеді; Балтық бойында мұндай атаулар аз. Бұл Орта Азияда су – ерекше белгі екендігімен түсіндіріледі». 

Қорыта келгенде, жалпы есімдер географиялық атаулар жасауда аса маңызды рөл атқаратындықтан, оларды әр аймаққа тән ерекшеліктерін ескере отырып, атауларды реттеуге, ауыстыруға, жаңғыртуға, жаңадан жасауға орынды пайдалана білу қажет демекпіз.

Материалды дайындауда Б.Бияровтың еңбектері пайдаланылды

0 пікір
Мұрағат