Қазақстандықтардың төрттен бірі артық салмақтан арыла алмай келеді
Қазақстандықтардың төрттен бірі артық салмақтан арыла алмай келеді
9 жыл бұрын 3246 Baq.kz

Бұл жайында бүгін семіздік дертін емдеудегі xалықаралық тәжірибе тақырыбында өткен ОКҚ брифингінде медицина ғылымының докторы, профессор Орал Оспанов мәлім етті.

«Бүгінде қазақстандықтардың төрттен бірі артық салмақтан арыла алмай келеді. Олардың басым бөлігі балалар арасында кең етек жаюы алаңдататын жағдай. Балалар семіздігі көбінесе жүрек-қантамыр ауруларын, диабет, ортопедиялық мəселелер мен психикалық бұзылыстар дамуының қауіпті ықпалын құрайды. Мектептегі төмен үлгерім мен өзін-өзі бағалау төмендігі де көбінесе осыған байланысты. Балалық жəне жасөспірім шақтағы артық салмақ дене жəне психикалық-əлеуметтік денсаулық үшін қысқа немесе ұзақ мерзімді жағымсыз салдарлар туындатады. Балалық шақтағы семіздік – ересек жастағы семіздіктің маңызды болжамды факторы. Себебі, балалық шақта пайда болған метаболикалық жəне жүрек-қантамыр қаупінің ықпалдары ересек өмірде де сақталып, денсаулық жағдайының нашар болуы мен мезгілсіз өлім-жітім қаупін арттыруы мүмкін»,деді ол өз сөзінде.

Барлық əлемде семіздік эпидемиясының тез өсуі тағам өнімдеріне қол жетімдіктің артуымен жəне дене белсенділігі мүмкіндіктерінің азаюымен байланысты.

«Тағам өнімдерінің қазіргі кезеңде қол жетімдігі ерекше. Май мен қант мөлшері жоғары,семіздік дамуына ықпал ететін өнімдер арзан санаттағылар қатарында. Осылайша, тағам өнімдерін шамадан тыс тұтыну жəне аз қимылды өмір салты қалыптасқан заманауи қоғамды семіздіктің ықпалы ретінде сипаттауға болады. Ал, балалар семіздігіне жол бермес үшін ата-аналар фастфудтер жүйесінен бас тартуға назар аудару тиіс. Көптеген дамыған елдерде артық салмақтан арылу үшін ота жасату жағдайлары өте көп кездеседі. Соған байланысты науқастарымыздың басым бөлігі шет мемлекетке баруды жөн санайды. Бүгінгі медициналық туризмнің қарқынды дамуын ескере отырып бұл жағдайға көндігіп отыра беруге болмайды, себебі отандық медицинамыз елімізде өте жоғары деңгейде дамып келеді», деді ғалым.

Дана САҒЫНБЕК

0 пікір
Мұрағат