Қазақстандықтар әлемнің 85 елінде ЭЦҚ ала алады, 75 елде е-өтініш жұмыс істейді
Қазақстандықтар әлемнің 85 елінде ЭЦҚ ала алады, 75 елде е-өтініш жұмыс істейді
4 ай бұрын 441 inform.kz Айжан Серікжанқызы

Қазақстандықтардың шет елдерде паспорт рәсімдеу мерзімі 90 күннен 30 жұмыс күніне дейін қысқарады. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров жылдың қорытынды брифингінде баяндады, деп хабарлайды Kazinform.

Оның айтуынша, шетелде азаматтық хал актілерін тіркеу, электронды визаның жекелеген санаттарын беру, консулдық есепке қою және алу, ҚР азаматтарының ЭЦҚ алу саласындағы қызметтер бойынша электронды өтініш беру автоматтандырылды.

«ҚР Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, 32 шет елдегі ҚР мекемелерінде азаматтарымызға электрондық құжаттама енгізу пилоттық жобасы сәтті іске асуда. Бұл шет елдерде паспорттарды рәсімдеу мерзімін 90 күннен 30 жұмыс күніне дейін қысқартуға мүмкіндік берді. Болашақта осы пилоттық жобаның географиясын кеңейту жоспарлануда. Қазір бұл мемлекеттік қызмет Бельгия, БАӘ, Ресей, АҚШ, Түркия, Өзбекстан, ГФР, Оңтүстік Корея және Жапония аумағындағы ҚР азаматтары үшін қолжетімді», — деді Айбек Смадияров.

Сонымен бірге электронды үкімет порталының бүкіл қызметтері қолжетімді болуы үшін 85 елдегі мекемелерде ҚР азаматтарына ЭЦҚ беріледі.

Консулдыққа баруды ыңғайлы жоспарлау және ұзақ кезек күтпес үшін «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-мен бірлесіп, онлайн-брондау сервисі әзірленді.

Бұл сервис Қазақстанның шет елдердегі 88 мекемесінде жұмыс істейді.

«Азаматтардың өтінішін „е-өтініш“ порталы арқылы шет елдердегі мекемелерде тікелей қарауға мүмкіндік берілді, бұл өтініш берушілерге жауап дайындау уақытын қысқартады. Бүгінде 75 елдегі мекемелерде „е-өтініш“ қосылған», — дейді ҚР СІМ өкілі.

Бұған дейін Айбек Смадияров Түркиядағы табиғи апаттар мен Таяу Шығыстағы әскери-саяси қақтығыстың шиеленісуінен 400-ден астам қазақстандық отбасы мүшелерімен эвакуацияланғанын айтқан еді.

Сондай-ақ, Қазақстан визасыз елдер тізімін 82 елге дейін кеңейтті.

0 пікір
Мұрағат