Қазақстанда терроршыны қалай сипаттайды?
Қазақстанда терроршыны қалай сипаттайды?
8 жыл бұрын 4851 azattyk.kz

Елбасымыз сақал жіберіп, балақты қысқартып жүретіндерді сынағаны мәлім. Осы орайда мынадай заңды сауал туады: елімізде радикалдардың белгілі бір әлеуметтік портреті жасалған ба? Радикалдарды тек сыртқы көрінісімен тану жеткілікті ме? Міне, осы сауалдарға жауап іздеп көрген еді сарапшылар.

Көп елдерде радикал топтар, экстремистер мен ықтимал және нақты терроршыларға қарсы күреспен құқық органдары, арнайы қызмет қана емес, интеллектуалдар да айналысады. Олар радикализм, терроризм себептерін зерттеп, қоғамның бір бөлігінің радикалдануына не түрткі болады деген сұраққа жауап іздеп, оған қалай қарсы тұруға болатыны жайлы кеңестер береді. Жуырдан бастап бұл мәселелермен қазақстандық саясаттанушылар мен заңгерлер де қарқынды түрде айналыса бастады.

Жуырда Франциядағы Орталық Азияны зерттеу институты мен Сорбонна-Қазақстан институты ұйымдастырған пікірталас алаңында қазақстандық және шетелдік сарапшылар Орталық Азия мен Еуропаға төнген ислам радикализмі қатері жайлы ойларын ортаға салды.

ҮШ КЕЗЕҢ

Саясаттанушы Болат Әуелбаев терроризм - Қазақстан қоғамындағы жаңадан пайда болған проблема деп санайды. Терроризммен күрес туралы заң 1999 жылы қабылданғанымен, ол кезде мұның практикалық емес, көбінесе теориялық негіздері болды, мемлекетте терроризм проблемасы болған жоқ. Оның пікірінше, бұл проблема Қазақстанның сыртқы шекарасы ашылған бетте пайда болған.

- Бірақ, ол жасырын жүрді немесе инкубациялық кезең болды. 1990 жылдардың басында біз радикал элементтерді өзге елдерге тән, бізге жат құбылыс ретінде қабылдадық. Олар Таяу Шығыстан келгендер немесе Қазақстанда жасырынып жүрген Ресей, Өзбекстан сияқты елдердің азаматтары деп ойладық, - дейді Шығыстану институты мен Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының (КИСИ) бұрынғы қызметкері.

Саясаттанушы Болат Әуелбаев. Алматы, 13 сәуір 2017 жыл.

Саясаттанушы Болат Әуелбаев. Алматы, 13 сәуір 2017 жыл 

Оның пікірінше, екінші кезең 20-ғасырдың басынан 2000 жылдардың орта шеніне дейін созылған, бұл кезеңде Қазақстан азаматтары шетелдік қақтығыстарға қатысқан. Ал үшінші кезеңде террорлық әрекеттер жергілікті сипат алды. 2008-2009 жылдары елде жеті терактінің беті қайтарылды. Бірақ, олар жалғыз-жарым оқиға еді. 2011-2012 жылдары Ақтөбе обылысында, Іле Алатауы ұлттық паркінде және өзге жерлерде қоғамда резонанс тудырған оқиғалар болды. Айналдырған екі жыл ішінде жергілікті қоғам терроризм деп ресми танылған тоғыз фактіге тап болды.

Радикалданудан терроризмге дейінгі жолды Қазақстан қоғамы қазір қалай қабылдайтыны жайлы айтқан Болат Әуелбаев бірнеше проблеманы бөліп көрсетеді:

- Адамның радикалдануы туралы айтқанда, бұл жерде діни сипаттан гөрі, геосаяси тренд көбірек байқалады. Бұл жерде дін пайдалануға болатын әлдебір мәдени негіз ретінде, адамзаттың озық тәжірибесі ретінде көрінеді. Бірақ, ол кімнің қолына түсетініне байланысты, оны адамзатқа қарсы да пайдалануға болады.

2011 жылғы мамырда дін істері агенттігін құру мен дін туралы заң қабылдау сияқты мемлекет қарастырған шараларды талдаған саясаттанушы мемлекет дін саласын реттеумен көбірек айналысты деген пікір айтады. Қазақстанда бұл мәселені шешу үшін «Қазақстан Республикасындағы діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимылдардың 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» қабылданып, оған қыруар ақша бөлінген.

Саясаттанушының пікірінше, тиісті адамдар жұмыс істеп, мәселемен айналысып жатқанымен, әлгі бағдарламада қарастырылған әдістер біраз формалды сипатта болып көрінеді. Ондағы іс-шаралар көбінесе дөңгелек үстел өткізу, баспасөз материалдарымен шектеледі.

«ТЕРРОРШЫЛАРДЫҢ» ӘЛЕУМЕТТІК ПОРТРЕТІНІҢ ПАЙДАСЫ

Кей сарапшылардың мәлімдеуінше, құқық органдарының терроризммен күрес қызметкерлері ғылыми негізсіз, долбармен әрекет етеміз деп шағынады. Сондықтан саясаттанушы Болат Әуелбаев бірнеше жыл бұрын Қазақстанда тұратын терроршының әлеуметтік портреті жасалғанын еске алады.

- Бұл - жұмыссыз, орта білімі ғана бар, арнайы діни білімі жоқ, үйленген, бірнеше баласы бар, жасы 28-дер шамасындағы жігіт. Бас прокуратура қауіпсіздік бағдарламалары орталығы талдауына сүйеніп осындай сипаттама береді. Бірақ, бұл өте үстіртін ғана портрет, - дейді ол.

Кей мамандардың айтуынша, терроршылардың портреті біртекті емес, олардың арасында жетістікке жеткен бизнесмендер де, беделді жоғары оқу орындарының студенттері де бар. «Бейнесі тұтас сомдалған портрет біздің, яғни мамандардың өзінде жоқ. Ал аймақтарда қиын жағдайда жұмыс істейтін шенеуніктер не істемек?!» дейді сарапшы.

Саясаттанушы, «International Alert Тәжікстан» халықаралық ұйымының аға кеңесшісі Парвиз Муллоджонов Азаттыққа «терроршының» әлеуметтік портретінің рөлі жайлы айтып берді.

- Көп елдерде ондай портрет жасалған, бірақ, оны түзету керек. Егер ондай портрет болмаса, қарапайым діндарлар зардап шегеді. Базасын кеңейту үшін радикалдарға кездейсоқ адамдардың көп зардап шеккені жақсы, - дейді ол.

Өзге сарапшылар «терроршының» әлеуметтік портреті ықтимал радикалдар ортасында тиімді профилактикалық жұмыс жүргізу үшін де қажет екенін айтады. Зерттеушілер (әсіресе психологтар) «терроршының» әлеуметтік портретінен бөлек, тұлғалық, психологиялық портретін де құрастырады. Радикализмнің жаратылысы туралы екі - биологиялық және әлеуметтік тұжырымдама бар, кейде екеуін ұштастырып қарауға тырысады.

Саясаттанушы Болат Әуелбаевтың радикалдар арасында өмірде табысқа жеткен адамдар да кездеседі деген пікіріне қайта оралсақ, кей адамдарға табысты бизнесмен немене беделді университеттің үздік студенті шахид белдігін тағып алып, өзін және еш жазығы жоқ жандарды өлтіруге барады дегенді түсінуі қиын. Радикалдар ортасында рөлдерге бөліну бар болуы мүмкін, яғни біреулері қаржыландырады, енді біреулері жаңа мүшелерді үгіттеумен айналысады, ал үшіншілері жарылыс жасап, адам өлтіреді. Мұндай жағдайда «терроршылардың» әлеуметтік және психологиялық портреттері экстремистік топ мүшелерінің атқаратын рөліне қарай бір-бірінен біраз өзгешеленуі тиіс.

Бұған қоса, уақыт озған сайын «терроршылар» портреті де өзгеретіні анық. Франция сыртқы істер министрлігі жанындағы дін мәселелері миссиясы басшысы Мари Дюмуленнің айтуынша, Франциядағы жаңа радикалдардың әлеуметтік бейнесі бұрынғы радикалдардан мүлде өзгеше.

- Олардың көбі - жастар. Діни білімі мен діншілдік деңгейі әлдеқайда төмен. Қазір жаңа категория – әйел радикалдар шығып жатыр, - дейді ол.

РАДИКАЛДАНУҒА НЕ ИТЕРМЕЛЕЙДІ?

Түрлі елдер құрастырған «терроршының» әлеуметтік портреттері көбінесе үгітке тез еріп, радикалдануға бейім келетін жастарға қатысты екені байқалады. Сондықтан сарапшылар мұны түсініп, Қазақстандағы жастардың радикалдануына түрткі болатын әлеуметтік себептерді зерттеуі тиіс. Осындай зерттеулердің бірін Сорбонна-Қазақстан институтының халықаралық қатынастар кафедрасы доценті Жомарт Сымтықов жүргізген.

- Бұл, әсіресе, жастардың не оқуда жоқ, не жұмыс істемейтін бөлігінде қарқынды жүріп жатқаны байқалады. Дінді мемлекеттік идеологияны алмастырушы ретінде, қоғамдағы әлеуметтік жіктелудің, адамдардың кірісіндегі алшақтықтың ұлғаюы кесірінен болатын әлеуметтік күйзелістерден арылу механизмі тетігі ретінде көреді, - дейді ол.

Сорбонна - Қазақстан институты халықаралық қатынастар кафедрасының доценті Жомарт Сымтықов (ортада). Алматы, 13 сәуір 2017 жыл.

Сорбонна - Қазақстан институты халықаралық қатынастар кафедрасының доценті Жомарт Сымтықов (ортада). Алматы, 13 сәуір 2017 жыл 

Оның дерегінше, жастар ортасындағы діншілдер үлесі 15,5 пайызға жетеді әрі алдыңғы буын өкілдерімен салыстырғанда, жастар дінге көбірек бет бұра бастаған. 

Жомарт Сымтықовтың пікірінше, жастар және конфессиялық саясатты тығыз үйлестіре жүргізу қажет. 

- Бұған мемлекеттің қоғамдағы конфессияаралық келісімді қамтамасыз етіп, мұсылмандардың радикалдануына жол бермеу мақсатымен дінді шектен тыс қадағалауға тырысатындығы себеп болып отыр. Бұл проблеманы мемлекет тарапынан бақылауды оңтайландырып, дәстүрлі ислам институттарын жаңғырту арқылы шешуге болады деп санаймыз. Ең әуелі ҚМДБ-сын бүкіл мұсылмандар қауымы қызметін орталықтан реттейтін ықпалды, беделді ұйымға айналдыру қажет, - дейді ол.

Сарапшы пікірінше, адамдардың дәстүрлі емес ислам ағымдарына кету себептері - баға қымбаттап жатқан тұста халық кірісінің азаюы, мұнай-газ салаларында жұмыс орындарының аздығы; мұнайшылар мен мұнайшы емес адамдар алатын жалақы арасындағы алшақтық; әлсіз ауыл шаруашылығы; халықтың қаржы сауаттылығының қарапайым дағдыларын меңгермеуі; несиені көп алу; қаражат жинауға дағдыланбау және ысырапшылдық (отбасын жұтататын қилы той-томалақтар); білім алуға қыруар ақша кететіндігі, ол шығын өзін мүлде ақтамайды немесе ұзақ жылдардан кейін ғана ақтайды.

0 пікір
Мұрағат