Қазақстанда қауіпті патогенді ұрлағаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіледі
Қазақстанда қауіпті патогенді ұрлағаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіледі
3 жыл бұрын 1470

Мәжіліс Қазақстанның биологиялық қауіпсіздігі туралы заң жобасы мен оған ілеспе заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша, заң жобасының басты мақсаты – биологиялық қауіп-қатерлерді ерте анықтау, оларды болдырмау және алдын алу.

"Биологиялық қауіп-қатерлердің негізгі көздері мыналар болып саналады: аса қауіпті инфекциялардың табиғи ошақтары, халық пен жануарлардың белсенді қозғалысының, тауар айналымының нәтижесінде қауіпті инфекциялардың әкелінуі", деді министр мәжіліс отырысында.

Ілеспе заң жобасында Қазақстанда биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің бірыңғай жүйесін құру мақсатында реттеушілік тетіктерді жетілдіру және талаптарды бұзғаны үшін жауапкершілік белгілеу көзделген.

Атап айтқанда, қауіпті патогендерді заңсыз қолданғаны, өткізгені және ұрлағаны үшін, сондай-ақ, ауыр зардаптарға әкеп соқтырған, олармен жұмыс істеу талаптарын бұзғаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіліп отыр.

Бұдан бөлек:

аса қауіпті биоагенттермен жұмыс істейтін ұйымдарды алдағы тексеру туралы алдын ала хабарлауды алып тастай отырып, биотәуекелдерді есепке алу, мониторингтеу және бағалау деректері негізінде нақты мемлекеттік бақылауды енгізу;

денсаулық сақтау саласында дезинфекция, дезинсекция және дератизация жөніндегі қызметтерді лицензиялауды енгізу;

жұмыс жүргізілетін патогендерді көрсете отырып, әрбір объектіге рұқсат беру бөлігінде рұқсат беру жүйесін нақтылау, сондай-ақ сол рұқсаттардан айыру (кері қайтарып алу) үшін негіздер белгілеу;

биоқауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қорғаныс министрлігінің өкілеттіктерін толыққанды іске асыру үшін тиісті реттеуді белгілеу;

биологиялық қаруды әзірлеуге, өндіруге және жинауға тыйым салу жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындау мақсатында уәкілетті органды
террористік қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимылдың бірыңғай жүйесіне енгізу;

патогендігі І топтағы патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істейтін ықтимал қауіпті объектілерді стратегиялық объектілерге жатқызу көзделген.

Министрдің айтуынша, заң жобасы қолданысқа енгізу үшін алты айлық өтпелі кезең, сондай-ақ, денсаулық сақтау саласында дезинфекция, дезинсекция және дератизация қызметтерін көрсетуге лицензияны ресімдеу үшін қосымша 6 ай қарастырылған.

Мәжіліс депутаттары қос құжатты бірінші оқылымда мақұлдады.

0 пікір
Мұрағат