Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың саны кеміп келеді
|
Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың саны кеміп келеді. Бұл туралы экономика ғылымдарының кандидаты, профессор Жақсыбек Құлекеев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Соңғы жылдары Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың саны жалдамалы жұмыстардың артуына байланысты төмендеуде. 2016 жылғы деректерге сәйкес, Қазақстандағы өзін-өзі жұмыспен қамту деңгейі 25,8 пайызды құрайды. Егер салаларға бөліп қарасақ, онда бүгінде ауыл шаруашылығында өзін-өзі жұмыспен қамтығандар 42,7, көлікте шамамен - 10, құрылыста 8,4 пайызға тең», - деді ол «Жұмыспен қамту қоғам әл-ауқатының факторы ретінде» деген тақырыппен өткен конференцияда.
Осы ретте Жақсыбек Құлекеев елімізде өзін-өзі жұмыспен қамтыған халық үлесінің жылдам өскен себебіне де тоқталды.
«Бұл ел экономикасының жалпы жай-күйімен байланысты жайт. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың басым бөлігі Оңтүстік, Жамбыл, Алматы және Қызылорда облыстарында қоныстанған. Аталған өңірдің үлесі 51 пайызды құрайды. Сондықтан осы өңірлердегі ахуалға зерттеу жүргізіп көрдік. Зерттеуге 2 800 отбасы қатысты. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың сипаттамасын ұсынсам, алдымен 74 пайыз ауыл тұрғындарын зерттедік. Себебі, өзі-өзін жұмыспен қамтығандардың басым бөлігі ауылда, 26 пайызы қалада тұрады. Сауалнамаға қатысқандардың басым бөлігі орта жастағы адамдар. Мәселен, өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың 53 пайызы 35 пен 54 жас аралығында. 82 пайызының толыққанды отбасы, басым бөлігінің тұратын баспанасы бар», - деді экономика ғылымдарының кандидаты.
Оның дерегінше, өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың 43 пайызының базалық білімі бар. Қалған 57 пайызы орта немесе жоғары білім алған, арасында педагог дипломы барлардың саны басым. Сұрау салынғандардың 30 пайыздан астамының тұрақты табысы бар.