Қазақстанда күніне қанша нәресте өмірге келеді?
|
Жедел ақпаратқа сәйкес, 2016 жылы Қазақстанда сәбилер өлім-жітімі 11,6 пайызға, яғни 2015 жылы 1000 тірі туылғанға шаққанда 9,6-дан 2016 жылы 8,6-ға дейін төмендеді. Бұл мәліметтерді Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі таратты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Көп жағдайда сәби өліміне перинаталдық кезеңнің асқынуы себеп болады. Сонымен бірге, 1 жасқа дейінгі балалар дамуының туабітті ақаулары, тыныс алу және қан айналым органдарының сырқаттануы себепті де қайтыс болады.
«Республикада күн сайын 1 мыңнан астам, жыл сайын 400 мыңнан аса сәби дүниеге келеді. Туу көрсеткіші соңғы 5 жылда 3 пайзыға өсті. Елімізде нәресте өлімін азайтуға бағытталған шаралардың нәтижесінде салмағы 500 грамм және одан асатын шала туған балалар өмір сүруге мүмкіндік алды. 5 жылда салмағы 1500 граммға дейінгі санаттағы балалардың тіршілікке қабілеттілігі 30 пайызға өсіп, 60 пайызға жуық көрсеткішті құрап отыр»,-делінген ведомство деректерінде.
Атап айтқанда, перинаталды көмек көрсетуде бірегей тәсілдерді қолдануды қамтамасыз ету мақсатында 300-ден астам емханалық хаттамалар халықаралық стандарттарға сәйкестендіріліп, бекітілді. Сонымен бірге, медициналық қызметкерлер оқытылып, медициналық ЖОО-да оқу және жұмыс бағдарламалары өзгертілді.
Дамудың туабітті кемістіктерін уақытылы анықтау үшін генетикалық және ультрадыбыстық скрининг жасалады. Перзентхана деңгейінде нәрестелердің есту қабілеті кемістіктерін анықтау бойынша скрининг енгізілген.