Қазақстанда жасалған құрылғы электр қуатын 40 пайызға үнемдейді
|
Алматыда электр қуатының шығынын бақылауға болатын розетка жасалды. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісіне EcoSocket стартап авторларының бірі Санжар Мырзағалым айтып берді. Оның айтуынша, осы құрылғыны пайдалану арқылы электр қуатын 30-40 пайызға дейін үнемдеуге болды.
Жоба авторларының айтуынша, құрылғы қарапайым розеткаға орнатылады, ал оған тұрмыстық техникалар қосылады. Бұл схема үйдегі электр шығынын бақылап, керек кезде қуат көзін ажыратып отыруға мүмкіндік береді. Құрылғыны ұялы телефон арқылы қашықтан басқара беруге болады. Телефон арқылы басқару Wi-Fi роутері арқылы жүзеге асырылады. Өз кезегінде, үй иесі розетканы роутер арқылы телефонға жалғап, онымен үйден алыста отырып-ақ жұмыс істей алады.
Осылайша электр қуатын үнемдеу, керек емес кезде электр қуатының көзін эко-розетка арқылы ажыратып, артық шығыннан арылуға алып келеді. Мырзағалымның айтуынша, ток көзіне жай жалғанып тұрған кездің өзінде қысқа толқынды пеш 8-10 ватт, теледидар 15 ватт қуат жейді. Интелектуалды розетканы тұрақты пайдалану арқылы айына 1000 теңге үнемдеуге болады.
Әзірлеушілер розетканың бірнеше түрін жасап үлгерді. Құрылғылардың барлық түрінің негізгі мақсаты - электр қуатын үнемдеу, бірақ олар бір-бірінен габариттері мен техникалық жабдықталуы жағынан ерекшеленеді. Мырзағалым мұндай құрылғылардың алғашқы шағын топтамасы 2015 жылдың жазында шығарыла бастауы мүмкін екенін мәлімдеді.