Қазақстанда халал өнімдер нарығы заңмен реттелуі мүмкін
Қазақстанда халал өнімдер нарығы заңмен реттелуі мүмкін
1 жыл бұрын 1099 inform.kz Есімжан Нақтыбай. Фото: MART PRODUCTION/Pexels

Әлемде халал стандарты бар өнімдерге сұраныс артып келеді. Осыған байланысты Қазақстан осы санаттағы өнім экспортын ұлғайтуға ниетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Қуаныш Елікбаев қоғам арасында «халал» белгісі бар тауардың сапасына байланысты сұрақ жиі қойылатынын айтады.

«Ашық айтайық, қазір бұл сала ерікті, заңдармен тікелей реттелмейді. Жанама түрде біздің Денсаулық сақтау министрлігіндегі әріптестеріміз мониторинг шеңберінде кейде сол шошқа етінің мәлімделмеген компоненттерін анықтайды және таңбалау бөлігінде техрегламент талаптарын бұзғаны үшін айыппұл салады. Қолданыстағы сертификаттау органдары да өндірісті бақылауды жүзеге асырады.

Жалпы, Қазақстанда халал инфрақұрылымын құру мен дамытуды ескере отырып, біз мәлімделмеген құрамдас бөліктерге ғана емес, сонымен қатар өндірістің барлық инфрақұрылымы мен процестеріне тиісті бақылау болуы үшін осы мәселелерді заңнамалық деңгейде реттеуді ұсынған жөн деп санаймыз», - деді спикер Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Осылайша тек өнім құрамын ғана емес, өндіріс процесі мен инфрақұрылымын да бақылауда ұстау ұсынылып отыр.

Ведомствоның дерегінше, Қазақстанда «халал» стандартын алуға қауқарлы 4 мыңнан астам өндіруші бар. Олар тамақ өнеркәсібі, тоқыма және басқа да салаларда еңбектенеді.

«Сарапшылардың бағалауынша, елдегі сойылған еттің 70-75 пайызы, өңделген еттің 65 пайызы халал өнім ретінде сатылып келеді», - деді Қуаныш Елікбаев.

Оның сөзінше, халал өнімдердің жаһандық нарығы қазір 3 трлн долларға жеткен. Бұл көрсеткіш 2028 жылға қарай 11 трлн долларды құрауы ықтимал.

2023 жылдың қаңтар-маусымында ғана Қазақстан 83 млн доллардың ет және ет өнімдерін экспорттаған.

Елімізде халал стандартын анықтайтын 18 ұлттық стандарт қабылданып, ТМД елдері үшін мемлекетаралық стандарттарының 11 жобасы әзірленген.

Қазақстанда барлығы тамақ өнімдеріне арналған бірыңғай техрегламент бойынша 100-ден астам зертхана аккредиттелген. Олардың 37-сі компоненттердің, оның ішінде шошқа етінің ДНҚ-сын анықтай алады.

0 пікір
Мұрағат