Қазақстанда биоыдырағыш пакеттер пластик пакеттерден үш есе қымбат (фото)
Қазақстанда биоыдырағыш пакеттер пластик пакеттерден үш есе қымбат (фото)
7 жыл бұрын 5316

Астанада биоыдырағыш пакеттер өндіретін Қазақстандағы жалғыз компания өз өнімдерін таныстырып, олардың пластик сөмкелерден айырмашылықтары мен артықшылықтары жайлы әңгімеледі, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі. 

«Биопак» компаниясы 2016 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Биоыдырайтын пакеттерді өндірумен айналысатын кәсіпорын аз уақытта Қазақстан нарығына шығып үлгерген.

«Біздің экопакеттердің қарапайым пакеттерден артықшылығы, олар органикалық шикізаттан жасалған. Жүгері крахмалынан жасалады және біршама уақыт өткен соң ыдырап, тыңайтқышқа айналып кетеді. Бүгінде Қазақстан бойынша осындай өндімді шығаратын жалғыз компания біз. Кәсіпорынның жобалық қуаттылығы айына 5 млн пакет. Алайда, біз толық қуаттылықта жұмыс істеп жатқан жоқпыз», - дейді кәсіпорын директоры Батырхан Жұманов.

Оның айтуынша, компания үш түрлі өлшемдегі биопакеттерді өндіреді: биоыдырағыш қоқыс салғыш пакеттер, кішігірім пакеттер және өнімді бөлшектеп салуға арналған қалташалар.

«Қалташаларға тоқталатын болсақ, бұлар экологиялық тұрғыда таза және адамға, айналаға ешқандай зиян келтірмейді. Аталған саладағы қолданыстағы пакеттер көптеген зиянды химиялық заттарды бөліп шығарады. Олар тамақ арқылы сізге беріледі. Бірақ біздің өнім қымбаттау. Себебі, біз шикізатты Еуропадан алдырамыз, яғни шығыны көп. Егер пластик пакеттер он теңгеден сатылса, біздің пакеттер дің орташа бағасы 25 теңге», - деді Батырхан Жұманов.

Сонымен қатар, компания басшысы алдағы жоспарларымен бөлісті.

«Бүгінде біз Қазақстанда шикізат өндірісін жолға қоюды жоспарлап отырмыз. Сонда біз импортқа тәуелді болмаймыз және болашақта экспортқа да шыға алатын боламыз. Жалпы шикізаттың өндіріс формуласы қолжетімсіз, яғни ол үшін қосымша инвестиция мен өндірісті кеңейту, технологиялар трансферті қажет. Бүгінде біз БАҚ арқылы биоыдырағыш пакеттердің тиімділігін барынша насихаттауға тырысып жатырмыз. Себебі, ол балаларымыздың болашағы. Менің ойымша, болашағын ойлайтындар 30 теңге тұратынына қарамастан, қоршаған ортаға зиянсыз пакетті сатып алады. Әрине, өзі пластик, өзі тегін пакетті алғысы келетіндер де бар. Ол түсінікті де. Жаппай биоыдырағыш пакет қолданатын кезге біз бір күнде келмейміз, ол үшін біраз уақыт қажет, өзімізді дайындауымыз керек», - деп түйіндеді Батырхан Жұманов.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін Астанада «Бүгіннен баста, полиэтиленді таста» экологиялық акциясы өткізілді. Қаладағы гипермаркеттердің бірінде күнделікті қолданыстағы полиэтилен пакеттердің зияны түсіндіріліп, биоыдырағыш пакеттер тегін таратылды.

Пластик қоқыс – қазіргі уақыттағы ғаламдық проблемалардың бірі. Мамандардың айтуынша, пластик қоқыстар арықтарды бітеп, су тасқындарына себеп болады. Сонымен қатар жабайы және үй аңдары жейтіндіктен, олар табиғатқа және ауыл шаруашылығына зиян келтіреді. Осыған орай халықаралық қауымдастық пластик бөтелке, пластик пакеттерді қолдануды шектеуге шақырады.

Бүгін БҰҰ пластик қоқыстармен күресті әртүрлі деңгейде жүргізіп жатқан 50 елдің тізімін жариялады. Мәселен, көптеген дамушы елдер пластик пакеттерге, пенопластқа тыйым салу, пластик қоқысты қабылдап, әр килосына ақша төлеу немесе пластик қолданғаны үшін салық салу сияқты шаралар қолданып отыр. Олардың ішінде Шри-Ланка, Галапагос, Камерун сияқты елдер бар. Қытай өкіметі де биологиялық бұзылатын материалдарды қолдануды талап ете бастаған.

0 пікір
Мұрағат