Қазақстанда алғаш рет БАӘ дирхамымен облигация шығарылды
|

Еуразиялық даму банкі БАӘ дирхамдарымен Қазақстанда алғашқы облигацияларды шығарды.
- Көлемі — 185 миллион дирхам,
- Бағдарлама көлемі — 700 млн дирхам,
- Мерзімі — 3 жыл,
- Купондық жылдық төлем — 6,5%.
Бұл облигацияның маңыздылығы:
- Бұл ҚР қаржы нарығы тарихындағы дирхаммен шығарылған алғашқы облигация.
- Мұндай шығарылымдар нарықты валюталық әртараптандыру үшін қажет.
AIX Басқарма төрайымы Әсел Мұқажанова атап өткендей, бұл орналастыру AIX-тің инвесторлар мен бизнестің жаңа сұраныстарына бейімделуге деген ұмтылысын көрсетеді.
«Бұл айтулы шығарылым Қазақстан аумағындағы БАӘ дирхамдарымен шығарылған алғашқы облигация, осылайша, жергілікті капитал нарығында валюталық әртараптандыруды кеңейту жолындағы маңызды қадам. Бұл шығарылым инвесторлардың жаңа валюталардағы құралдарға деген қызығушылығының артуын көрсетеді және AIX-тің инвесторлардың да, бизнестің де заманауи сұраныстарына жауап беруге бейілдігін растайды», — деді ол.
«Біз бас кеңсеміз орналасқан Қазақстанда БАӘ дирхамдарында облигациялар шығаруды бірінші болып жүзеге асырғанымызды мақтан тұтамыз. Бұл біздің қаржылық инновацияларды дамытуға және аймақтық капитал нарықтарын тереңдетуге деген ұмтылысымыздың дәлелі. Бұл мәміле инвестициялық мүмкіндіктерді кеңейтіп қана қоймай, Банктің қатысушы елдері мен негізгі әлемдік қаржы орталықтары арасындағы, әсіресе Парсы шығанағы мемлекеттерімен экономикалық байланыстарды нығайтады. Кәсіби инвесторлар тарапынан тұрақты сұраныс ЕАДБ-ның қаржылық сенімділігіне және қазақстандық нарықтың әлеуетіне деген сенімді растайды», — деді ЕАДБ Басқарма төрағасының орынбасары Данияр Иманғалиев.




