Қазақстан түрмелерінде намаз оқитын бөлмелер неге қарастырылмаған
|

KAZINFORM – Ішкі істер министрлігінен Kazinform сауалына жолдаған жауапта түзету мекемелерінде діни рәсімдерді орындауға қалай жағдай жасалып жатқанын айтты.
- ІІМ-нің 2014 жылғы 14 тамыздағы бұйрығымен бекітілген «Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың діни жораларды орындауы үшін жағдайлар жасау жөніндегі нұсқаулық» талаптарына сәйкес сотталғандарға өздерінің әртүрлі діни сенімдеріне қатысты салт-жораларды мекеменің күн тәртібімен көзделген жеке уақытта өзінің ұйықтайтын орнының жанында жеке орындауға рұқсат етіледі. Бұл мақсатқа арнайы орын-жай бөлінбейді, - деп жазады министрліктегілер.
Бұл мәселе Қылмыстық-атқару кодексінің арнайы бабымен де реттелген.
- Қылмыстық-атқару кодексінің 97-бабына сәйкес, сотталғандардың діни жораларды орындауы мекеме қызметіне кедергі келтірмеуі, ішкі тәртіпті бұзбауы, сондай-ақ жазаларын өтеп жатқан басқа адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін шектемеуі тиіс, - деп жазылған министрлік жауабында.
Бұған дейін Қазақстан түрмелеріндегі 1 мыңнан астам әйел рақымшылыққа ілінуі мүмкін екенін жазған едік.
Қазақстан түрмелеріндегі 39 мың адамның 6,4 мыңы дін ұстанады
KAZINFORM – Ішкі істер министрлігі Kazinform сауалына жолдаған жауапта Қазақстан түрмелеріндегі дін ұстанатындар санын атады.
- ІІМ мүдделі мемлекеттік органдармен (Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Бас прокуратура, Мәдениет және ақпарат министрлігі) бірлесіп қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің арнайы контингенті арасында радикалды діни идеологияның таралуына жол бермеу, террористік қызметтің деструктивті діни ағымдарын жақтаушылардың терроризмді және өзге де құқыққа қайшы әрекеттерді насихаттау фактілерін анықтау және жолын кесу бойынша жүйелі шаралар қабылдап отырады.
Бүгінгі таңда, пенитенциарлық мекемелерде 39 мыңнан астам сотталғандар мен тергеу мақсатымен қамауға алынғандар отыр. Оның ішінде дінге сенушілер - 6 383, - деп жазылған ресми мәліметте.
Министрлік келтірген анықтама мәліметіне сенсек, түрмеде дін ұстанушылардың саны:
2024 жылы 6 464 адам болса,
2023 жылы 5 121
2022 жылы 4 230 адам болған.
Бұған дейін Қазақстан түрмелеріндегі 1 мыңнан астам әйел рақымшылыққа ілінуі мүмкін екенін жазған едік.
Сотталғандардың діни ұстанымы олар бостандыққа шыққанда назардан тыс қалады – ІІМ
- Радикалды көзқарастан арылту бағдарламаларында идеологиялық және психологиялық факторлар ғана емес, сонымен бірге олардың «өзара әсері» де ескерілуі қажет.
Егер бас бостандығынан айыру орындарында тәрбие, психологиялық, теологиялық жұмыстар жүргізілсе, бостандыққа шыққан кезде сотталғандардың бұл санаты жеткілікті назардан тыс қалатынын атап өту маңызды.
Түзелу жолына түскен сотталғандарды ақпараттық-түсіндіру топтарының құрамына тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр.
Экстремистік идеялардан бас тартқан сотталғандар - қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінде терроризмнің алдын алуда және қарсы насихаттауда ең тиімді адамдардың бірі, - деп жазылған жауапта.
Сондай-ақ министрлік мәліметінде түрмелерге діни сараптамадан өткен әдебиет қана енгізілетіні айтылған.
- Бұл ретте, мекемедегі адамдардың өмірі мен денсаулығына қауiп төндіретін діни мақсаттағы заттарды кіргізуге жол берілмейді. Камералық және қатаң жағдайда жазаны өтеп жатқан азаматтарға діни әдебиет және діни мазмұндағы өзге материалдар мекеменің күн тәртібімен көзделген жеке уақытта ұсынылады, - деп жазылған ІІМ мәліметінде.
Түзету мекемелеріндегі 92 адам дәстүрлі исламға қайтты
KAZINFORM – Ішкі істер министрлігіндегілер Kazinform сауалына жолдаған жауапта деструктивті діни ағым жетегіндегілерді дәстүрлі исламға қайтару жұмыстары қалай жүріп жатқанын мәлім етті.
- Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен бірлесіп сотталғандармен жұмыс істеуге, анағұрлым тәжірибелі 107 ресми діни өкіл іріктеліп, мекемелерге бекітілді.
ҚМДБ және Қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінің теологиялық оңалту жұмысын ұйымдастыру инспекторларының бірлескен іс-қимыл жасасу алгоритмі әзірленді.
Өткізілген іс-шаралардың нәтижесінде 2024 жылы діни экстремизм идеяларынан дәстүрлі исламға 92 адам ауысты, - деп жазылған министрлік мәліметінде.
Жалпы 2024 жылы сотталғандарға 43 мыңнан астам психологиялық консультация көрсетілген.
- Сотталғандарға туыстарымен ұзақ мерзімді кездесулер беру кезінде сотталғандардың амнестикалық деректерімен және қамауға алынғанға дейінгі өмірімен танысу, отбасылық қатынастарды қолдау, отбасы ішіндегі жанжалдарды шешу үшін психологиялық консультация жүргізіледі.
2024 жылы 43 054 консультация өткізілді. Барлық сотталғандарға мекемеге келген күннен бастап психологиялық көмек көрсетіледі (ұстау режиміне бейімделу кезіндегі қолдау, дағдарыстық жағдайларды жеңу, тұлғааралық қатынастарды оңтайландыру үшін түзету және алдын алу жұмыстары), - деп жазады ІІМ мамандары.
Түрмеде салафизмді ұстанушыларға 25 мың ақпараттық-түсіндіру іс-шарасын өткіздік – ІІМ
KAZINFORM – Ішкі істер министрлігіндегілер Kazinform сауалына жолдаған жауапта түрмедегі діни контингенттің қай санаты ерекше назарда екенін айтты.
- Жыл басынан бері қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінде жергілікті атқарушы органдардың мамандары, Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері 15 мың сотталғанды қамти отырып, оның ішінде радикалды көзқарасы жоқ «салафизмді» ұстанушылармен 25 мың ақпараттық-түсіндіру іс-шараларын өткізді, - деп жазылған министрлік жауабында.
Айта кету керек, елімізде сотталғандарды радикалды көзқарастан арылтудың бірыңғай бағдарламасы бар.
- 2025 жылғы 2 ай ішінде 5 мыңнан астам сотталған адамды қамтитын 6 мыңға жуық ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары өткізілді.
Деструктивті діни ағым ұстанушыларды оңалтудың жеке бағдарламалары әзірленді, діни білім деңгейіне, радикалдылық дәрежесіне, оған тартылудың себептеріне талдау жүргізіледі, - делінген ресми мәліметте.
Есімжан Нақтыбай




