Қазақстан, Қырғызстан және Татарстан халал өнімдердің бірыңғай стандартын әзірлейді
|
Қазақстан мүфтияты өз делегациясын көршілес Қырғызстанға аттандырды халал өнімдерді бақылау саласында өзара келісімге келу үшін. Қазақстан мүфтияты атынан Алатаудың ар жағына аттанған делегация құрамында Мұсылман діни басқармасының халал өнімдерді стандарттау бөлімінің меңгерушісі Бейбіт Мырзагелдиев, осы бөлімнің қызметкері Бақытжан Мұратбеков және заңгер Дәулетияр Сағитжан бар. Қазақстандық делегацияны Қырғызстан мұсыылмандар діни басқармасының мүфтиі Мақсатбек қажы Тақтамушев құшақ жая қарсы алды. Ресми сапар барысында тараптар екі жақты ынтымақтастықты одан ары тереңдетуге мүдделі екендерін жеткізді. Бұған қоса, шариғат талаптарына сай өндірілетін өнімдерге бақылауды күшейту мақсатында Қазақстан, Қырғызстан және татарстан мүфтияттарының арасындағы өзара жұмыс жөніндегі меморандумды дайындауға кірісетін болады.
«Халал» терминін «Адалмен» алмастыру туралы ұсыныс айтылды
Еліміздің мүфтияты осындай ұсыныс білдірді. Елімізде халал стандарттау бөлімі де ашылған болатын. «Халал» стандарты тек тағам өнімдеріне ғана енгізілгенін, қаржы немесе қызмет көрсету саласында аталмыш стандарттың енгізілмегенін жеткізді Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасының «Халал» стандарттау бөлімінің меңгерушісі Бейбіт Мырзагелдиев. Айта кетейік, елімізде халал ұғымы әлі заң жүзінде көрініс тапқан жоқ. Осыған байланысты дін жетекшілері мемлекеттік деңгейде реттеу шараларын қолға алмақшы. Сондай-ақ, «Халал» терминін «Адалмен» алмастыру мәселесі де қарастырылып жатыр.
Еліміздегі "халал" мекемелерге бейнебақылау орнатыла бастайды
Алдағы уақытта Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өзінің зертханасын ашуды жоспарлап отыр. Алматы діни басқармасы "халал" өнімдерін бірыңғай сертификаттаудан өткізуді қолға алды.
Айта кетейік, осыдан екі ай бұрын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жанынан "Халал өнімдерді стандарттау" бөлімі ашылған еді. Бүгінде жаңа құрылым 3 мекемені тексеруден өткізген. Соның бірі "талапқа сай" деген жаңа үлгідегі куәлікке ие болды. Енді "халал" атын жамылған мекемелерге арнайы бейне бақылау камерасы да орнатылады. Ол жұмыс негізін онлайн желіде 24 сағат бойы түсіреді екен. Бір күнде адал куәлігіне ие болған ұйым аталған құрылғыны орнатып та үлгерген. "Біз ертеңгі күні қандайда бір адамнан сұрақ келсе, мен аталған мекемеден ет аламын. Оны сойғанда шариғат талабы сақталды ма?,- деп сұрағанда, біз онлайн бейнебақылауға жазылған бейнені көрсетеміз" ,-деді ҚМДБ-ның халал өнімдерін стандарттау бөлімінің меңгерушісі Бейбіт Мырзагелдиев. Бүгінде, шаһарда "халал асаба", "халал монша" "халал қонақ үй" ұғымы көптеп кездеседі. Тіпті, көлік жөндейтін орындардың өзі халалға айналып кеткен. Осы ретте Діни басқарма "халал" өнімдерін стандарттайтын жаңа жүйе енгізді. Алдағы уақытта олар өзінің зертханасын ашпақ. Айта кетсек, елдегі өнімнің 30 пайызын "халал" тауарлар құрайтын көрінеді. Ал оны өндіретін 130 кәсіпорын бар. "Мысалы, халал қонақ үй болмайды. Шариғатқа сай қонақ үй болуы мүмкін. Осы "халал" куәлігі қандай затқа беріледі. Осының барлығы қазір ғұламалар кеңесінде талқыланып бір шешімге келді. Тағы бір жаңалық жаңа куәлікте "халал" деген сөз қолданылады, бірақ біз ана тілімізге аудардық. Сөйтіп, "адал" деген сөз енгізілді", - деді Алматы қаласы Орталық мешітінің бас имамы Нұрбек Әуезханұлы. "Халал" ұғымы араб тілінен аударғанда "рұқсат етілген" деген мағынаны білдіреді. Қазір әлемнің 150-ден астам мемлекеті халал индустрия жүйесін қалыптастырып үлгерген.