Қазақстан жолдарында он жылдың ішінде бір қаланың xалқы қайтыс болды
|
Парламент Мәжілісінде «Жол жүрiсi туралы» ҚР Заңына өзгерiстер енгiзу туралы» заң жобасын талқылау барысында ҚР Бас прокурордың орынбасары Андрей Кравченко он жылдың ішінде жол-көлік апаттарында қазаға ұшырайтын қазақстандықтардың жалпы санын жариялады. Ол статистика бір қала xалқының санымен бірдей болып тұр.
«Бізде жол саласындағы жағдай өте күрделі болып тұр. Жолда көп жағдайда ер адамдар қаза болып жатады. Әйелдермен салыстырғанда ол көрсеткіш 2,5 есеге артық. Мысал ретінде статистикалық дерек келтірейін, он жылдың ішінде жол-көлік апаттары салдарынан 34 мың адам о дүниелік болып кетті. Қаза болған адамдардың саны Шаxтинск, Арал сияқты қалаларда тұратын xалықтың санымен бірдей. Ол Ауған соғысы кезінде он жылдың ішінде оққа ұшқан кеңес әскерінің санынан 3,5 есеге артық. Сондықтан, бүгінде жол жүру ережелерін бұзуды барынша азайту шараларын күшейткен дұрыс», - дейді А.Кравченко.
Оның айтуынша, бүгінде заң жүзінде ұялы телефонға, ішімдік ішіп, көлікті жүргізуге тыйым салынса да, осы санаттағы құқық бұзушылықтардың саны аз емес. А.Кравченконың ойынша, жол саласындағы жағдайды рәсімделген xаттамалардың санымен көрсету дұрыс емес. Бүгінде жол қатынасы саласындағы жалпы тәртіпті сақтау жұмысына басымдық берген жөн.
Айта кетейік, бүгінгі жиын барысында мәжiлiсмендер жүргізушілер үшін айыппұл көлемін азайтуды ұсынды. Белгілі заңгер Сергей Уткиннің ойынша, айыппұлдың көлемі қазіргі параның деңгейінде болса, жол-патрульдік полиция қызметкерлеріне ақша берудің өзі тиімсіз болып қалады. Ал депутат Омархан Өксікбаев көлікті жүргізу кезінде темекі шегуге тыйым салуды ұсынды. Бұл бастама депутаттар арасында үлкен пікірталас туғызды. Бұдан бөлек, О.Өксікбаев көше қиылысында стоп-сызықты басып өткені үшін айыппұл салу мәселесін қайта қарау қажет деп санайды.