"Қазақстан халқы қартайып бара жатыр": Бұл үрдіс еліміздің болашағына қалай әсер ететінін сарапшылар айтып берді
"Қазақстан халқы қартайып бара жатыр": Бұл үрдіс еліміздің болашағына қалай әсер ететінін сарапшылар айтып берді
4 жыл бұрын 2072 Ақжігіт Қазбек

БҰҰ Қазақстандағы демография, даму және гендерлік жобалар қорының үйлестірушісі Ғазиза Молдақұлованың баяндамасында айтылғандай, елімізде қарт адамдардың үлесі артқан. 2019 жылдың басында жасы 60-тан асқан адамдар саны бүкіл халықтың 11,6 пайызын құраса, жасы 65-тен асқан адамдар 7,5 пайызға жеткен. БҰҰ классификациясы бойынша 65 жастағы және одан асқан қарт адамдар бүкіл халықтың 7 пайызына жетсе, ол ел қартая бастаған мемлекет санатына кіреді. Stan.kz тілшісі бұл процестің экономика мен еңбек нарығына әсерін таразылап көрді. 

"Мемлекет демографиялық қартаюдың бастапқы кезеңінде тұр. Бұл ретте өңірлердің тең жартысы 7 пайыздық межеге жетіп қойған", - делінеді баяндамада.    

Shanghai University of Finance and Economics университетінің магистрі, экономист Оразбек Мырзақұлдың айтуынша, халықтың қартаюы бірінші кезекте экономикалық өсімнің құлдырауына алып келмек. 

"2018 жылы елдегі жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) 9800 доллар болған. 2019 жылы ол көрсеткіш 9100-9200 доллар болған. Бұл да халықтың қартаюы салдарынан туындаған кері кетушілік болуы мүмкін. Қартаю инновацияның дамуын да тежейді. Инновацияның кенже қалуы экономикалық өсімді баяулатады. Үшіншіден, бұл жағдай мемлекеттік бюджетке ауырлық түсіреді. Яғни, қарт кісілер жұмыс істемейтіндіктен жеке табыс салығы ел қазынасына түспейді. Ал мемлекет шығындары арта береді. Шын мәнінде, халық саны көбейген соң және оның сапасы артқан соң барып күнкөріс деңгейі артады, ЖІӨ көбейеді. Барлығы бір-бірімен байланысты. Экономикалық өсім бар жерде ЖІӨ-де артады. ЖІӨ жоғары болғандықтан халықтың тұрмысы, күнкөріс деңгейі де жоғарылайды", - дейді экономист. 

БҒМ ғылым комитетіне қарасты экономика институтының аға ғылыми қызметкері Сәуле Қалиева Қазақстанда  халықтың қартаю процесі дамыған елдердегідей қарқынды жүріп жатқан жоқ, бірақ бұл алаңдауға негіз жоқ деген сөз емес дейді. 

"1995 жылы балалар бүкіл халықтың 30,5 пайызын, 50 жастан асқан адамдар 18 пайызын құраған. Жалпы алғанда, алпыс және одан үлкен жастағы адамдар саны 297,9 мың адамға немесе 19,3 пайызға өсті, ал 15 жасқа толмағандар 230,7 мың адамға немесе 4,7 пайызға азайды. 65 және одан жоғары жастағы адамдардың салыстырмалы санын бағалау үшін БҰҰ үш деңгейлі шкаланы қолдануды ұсынады:

 - 4% -дан төмен – жас тұрғындар;

 - 4-7% – халық қартаю шегіне жақындады;

 - 7% және одан көп – ескі ұрпақ. 

Осы масштабқа сәйкес, Қазақстан «қарттық шегіне жетті", - дейді сарапшы. 

Сәуле Ауғанбайқызының сөзінше, қартаю келесідей проблемалар тізбегін тудырады. 

"Халықтың қартаюы алдымен экономикалық өсімге кері әсер етеді, оның ішінде:

Жұмыс күшіне деген ұсыныстың төмендеуі – еңбекке қабілетті адам саны азайып, еңбек өнімділігі төмендейді. Еңбекке қабілетті адамдардың жұмыс жүктемесі жоғарылайды;

Тұтыну құрылымының өзгеруі, тұтыну шығындарының азаюы – тауарлар мен қызметтердің бағасына және инфляция деңгейіне әсер етеді. Халықаралық валюта қорының бағалауынша қартайған халық дефляциялық қысыммен бірге жүреді, өйткені жиынтық сұраныс төмендейді;  

Ақша-несие саясатының тиімділігі төмендейді.

Зейнетақы жүйесіне, денсаулық сақтау мен әлеуметтік қорғауға, ел бюджетіне түсетін шығындар өседі;

Аймақаралық теңсіздік шиеленіседі", - дейді маман. 

Мемлекет қартаю процесінен зардап шекпес үшін бірқатар сарапшылар зейнет жасын ұзарту керегін айтады. Бұл - әлем елдерінде кең қолданысқа ие тәжірибе. Алайда Қазақстан ол қадамға бара ала ма? Барған күнде ол қаншалықты тиімді бастама болмақ?

"Халық қартайса, еңбек өнімділігі төмендеп, экспорт қысқарып, экономикалық табыс азаяды. Қытайда жүргенде осы сұрақты бір профессорға қойып едім, ол мынадай жауап айтты: Болашақта еңбек өнімділігін арттыру бойынша роботтарды қолданбақшымыз. Егде адамдар зейнетке шыққанымен оның орнына роботтар жұмыс істейді. Қытай бұл проблеманы осындай жолмен шешпекші. Алайда мұндай әдісті тек дамыған мемлекеттер ғана жүзеге асыра алады. Қазақстан сияқты дамушы мемлекеттердің әлеуеті ондай технологиялық прогреске жете қойған жоқ. Зейнет жасын ұзарту проблеманы шеше ала ма? Оған абсолютті жауап жоқ. Әр елдің жағдайында әртүрлі. Дәл біздің жағдайымызда бұл нұсқа да шешім емес. Біздегі басты проблемаға айналған адам капиталы, білім сапасы сияқты факторларды шешпейінше еңбек ету жасын ұзарта түсу түйінді тарқатпайды. Мұндай нұсқа Жапония сияқты елдер үшін қолайлы шығар. Себебі ол жақта еңбек өнімділігі, адами капиталдың сапасы, адамдардың білімі жоғары болғандықтан еңбек өнімділігі төмендемейді. Егде адамдары да сапалы жұмыс істей алады. Сондықтан біз алдымен жүйелік проблемаларды шешіп, сосын барып қана бұл тақырыпқа назар аудара аламыз", - деді экономист Оразбек Мырзақұл. 

Қыркүйек айының соңындағы дерек бойынша, әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қамтамасыз ету шығындарына ел бюджетінің 26,6 пайызы жұмсалған. 

2013-2018 жылдары осы сектордағы мембюджет шығыны жыл сайын орта есеппен 14,3 пайызға өскен. 

Биыл карантинге байланысты екі жарым миллион қазақстандық 42 500 теңге әлеуметтік көмек алды. 

Сондай-ақ, ел бойынша 760 мыңнан астам қазақстандық атаулы әлеуметтік көмек алады. 

Тамыз айының соңында дүниежүзілік банк коронавирус салдарынан Қазақстанда 800 мыңнан астам адам кедейлік қамытын киеді деп болжаған. Статистика комитетінің дерегінше, екінші тоқсанда елдегі кедей адамдар саны 1 миллионға жеткен. Әрине, бұл деректің барлығы елдегі әлеуметтік ахуалдың төменгі шекте екенін айғақтайды. Сондықтан болар жастар кеш үйленеді және аз бала туады. 

Сәуле Қалиева жағдайды реттеу үшін қабылдануы тиіс шаралар кешенін тізіп шықты: 

Егде жұмысшыларды жалдайтын және оқытып, қайта даярлайтын жұмыс берушілерге мемлекет тарапынан салық жеңілдіктері мен субсидиялар беру; 

Жұмыс берушілердің өздері жұмысының икемді кестесін, оның ішінде толық емес жұмыс күнін құру;

Өмір сүру ұзақтығын ұлғайта отырып, зейнеткерлік жасты автоматты түрде түзету (бұл механизм Дания, Нидерланды, Португалия және Финляндияда енгізілген);

Демографиялық ахуалды жақсартуға және халықтың демографиялық мінез-құлқын өзгертуге, жастардың репродуктивті белсенділігін арттыруға, отбасылық қатынастарды нығайтуға, халықтың өлім-жітімін төмендетуге және қоғамда сау өмір сүрудің идеологиясы мен тәжірибесін қалыптастыруға бағытталған іс-шараларды әзірлеу;

Әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясына демографиялық факторды қосу.  Сонымен бірге, демографиялық саясатты кадрлармен қамтамасыз ету, демографиялық сауатсыздықты жою және демографтар мен экономистердің экономикалық дайындығын күшейту қажет. Мұнсыз елдің болашақ әлеуметтік-экономикалық дамуының, алға қойылған стратегиялық мақсаттарға сәтті жетудің белсенді демографиялық болжамдары мен шынайы сценарийлерін жасау мүмкін емес;

Зейнетке бекітілген жастан кеш шыққан кезде және зейнеткерлік жас басталғаннан кейін еңбекке ынталандыру кезінде зейнетақы мөлшерін арттыру механизмін әзірлеу;

Кепілдендірілген зейнетақы жоспарын әзірлеу, атап айтқанда, зейнетақы қызметтерінің бәсекеге қабілетті және ашық нарығын қалыптастыру, мемлекеттік емес зейнетақы қорларын дамыту. 

Оразбек Мырзақұл Қазақстан демографияны көтеру мен елдің тұрмысын түзеуге, білімін арттыруға күш салуы тиіс деп санайды. 

"Әлемде мынадай қызық зерттеу бар. Экономикалық сауаттылықтың артуы елдегі үйлену жасының ұлғаюына және отбасындағы бала санының азаюына әсер етеді екен. Яғни, халық мейлінше экономикалық тұрғыда сауатты болған сайын олар кешірек үйленеді, азырақ бала туады. Себебі ондай адамдар барлығын есептей алады – балалы болудың шығыны – оның біліміне, болашағына қанша ақша жұмсалады деген сияқты. Әрине, бұл дұрыс деген сөз емес. Қазақстан сияқты дамушы мемлекет үшін демографияны көтеру - өте маңызды фактор. Демографияның өсуі еңбек күшінің, тұтыну деңгейінің артуына, инновацияның дамуына әсер етеді. Демография елдің экономикалық өлшемін анықтайды. Кез келген бизнеске бес адамға тауар өндіріп, сатқаннан гөрі 10-20 адамдық нарыққа тауар сатқан ыңғайлы және бизнес өзіне керек адамдарды оңай табады", - дейді ол. 

Ал мемлекет жастарды қалай ынталандырғаны жөн? Экономист бұл ретте Қытай тәжірибесін алға тартады және жағдайды оңалтатын үш айырықша ұсыныс жасайды. 

"Олар жастардың жалақысынан белгілі бір процентті баспана қорына арнап ұстап отырады. Тура біздегі жеке табыс салығы үшін ақша ұстаған сияқты. Біраз жылдан соң еңбек етуші адам сол қаражатқа баспана сатып алады немесе алғашқы жарна үшін төлейді. Бірақ бұл ретте қорды басқару менеджментінің тиімділігі өте маңызды. Біздегі БЖЗҚ-дағыдай проблемалар болса мұндай тәжірибе жемісті бола қоймайды. Ол үшін жиналған қорды басқарушы компания инвестициялық мақсатта да қолданса болады. Яғни, инвестициялық құралдарды пайдаланып қор нарығында, биржаларда қызметтер жасап, ақшаны белгілі бір тарапта көбейтіп отыру деген сияқты. Бұл бірінші жағдай. Екінші жағдай – мемлекет еңбек нарығындағы проблемаларды шешсе – білім сапасын арттыру, адами капиталға инвестицияны арттыру, елде ыңғайлы заң орнату, қоғамда әділдік орнату, қысқасы адамдар үшін жақсы орта, жақсы климат қалыптастыратын болса – онда жастар ертерек үйленуге, көп балалы болуға ынталанар еді. Сосын елдегі әлеуметтік көмектерді алу жолы шытырман.  Осы нәрселердің барлығын нақты, ашық жүйелесе ол да бір ынталандырушы фактор болушы еді. Үшінші жағдай – жастарға мүмкіндік беру. Олар өздеріне үй, көлік сатып алатындай, еркін өмір сүре алатындай болу керек. Ол үшін жақсы жалақы керек. Сонымен қатар жұмысшылардың құқығын қорғайтын заңдарды да күшейту аса маңызды", - деді экономист. 

Ғазиза Молдақұлованың мәліметінше, елдегі табиғи өсімнің төмендігі және эмиграция әсерінен қартаю процесі жылдам жүруде. 

"Болжам бойынша 65 жастағы және одан жоғары адамдар саны 2050 жылға таман 15 пайызға жақындайды. Мұндай тенденцияны Жапония 1990, ал Швеция 1970 жылдары бастан кешірді", - дейді Молдақұлова.  

0 пікір
Мұрағат