Қазақстан азаматтарына қандай қаруларды иеленуге рұқсат етіледі
|

KAZINFORM – Полиция қаруды тіркеу, сақтау және тасымалдау ережелерін түсіндірді.
Дерекке қарағанда, Қазақстан азаматтарына аңшылық, спорттық және өзін-өзі қорғау мақсатында қару иеленуге рұқсат етіледі.
- Қаруды сатып алу үшін www.elicense.kz порталы арқылы полициядан арнайы рұқсат алу қажет. Сатып алынған қару бір апта ішінде тұрғылықты жердегі полицияда тіркелуі тиіс. Әр 5 жыл сайын рұқсатты жаңарту қажет, - деп түсіндірді ІІМ баспасөз қызметінен.
Сақтау талаптары:
Қару қалыңдығы кемінде 3 мм болатын металл сейфте немесе берік темір жәшікте сақталуы тиіс;
Қару оқ-дәріден бөлек сақталады;
Қауіпсіздік талаптары сақталып, қалалық елді мекендерде дабыл жүйесі орнатылуы керек;
Кәмелетке толмағандардың қаруға қолы жетпеуі тиіс.
- Қаруды тиісті рұқсатпен ғана тасымалдауға болады. Қоғамдық орындарда қару оқталмаған, қаптаулы күйде болуы тиіс.
Ережелерді бұзу қаруды тәркілеуге, әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін білгеніңіз абзал, - делінген жазбада.
Айта кетейік, Алматы облысында заңсыз қару мен ірі көлемде есірткі тәркіленді.
Асхат Райқұл
Елімізде кімдерге үйінде қару ұстауға тыйым салынған
KAZINFORM – Ішкі істер министрлігі Kazinform сауалына жолдаған жауапта азаматтық мақсатта қару ұстау құқығы шектелген азаматтардың санатын атады.
— Қаруды иеленуге медициналық қарсы көрсетпелер болғанда, соттылығы болғанда, тұрақты тұрғылықты жері болмағанда, қаруды сақтау үшін тиісті жағдайлар жасалмаған жағдайларда ішкі істер органдары оны сатып алуға рұқсат беруден бас тартады. Мекенжайдың шекараға жақын орналасуына және басқа да стратегиялық нысандарға іргелес болуына байланысты атыс қаруын ұстауға заңнамада шектеулер көзделмеген. Заңнамаға сәйкес азаматтығы жоқ адамдардың қаруды сатып алуға және сақтауға құқығы жоқ, - деп жазады министрліктегілер.
Заң бойынша полиция өкілдері үйінде азаматтық мақсатпен қару сақтайтын адамдарды жылына бір рет тексеріп отыруы керек.
— Қазіргі уақытта қаруды иеленуді шектеу жөніндегі шараларды күшейтуді көздейтін өзгерістер жоспарда жоқ. 2025 жылдың басынан қару сақтаудың талаптарын бұзған 1 200 факт анықталды. Оның ішінде қаруды сақтау және алып жүру қағидаларын бұзғаны үшін — 677, тіркеу және қайта тіркеу қағидаларын бұзғаны үшін — 591 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Құқық бұзушылық жасаған қару иелері қаруды қауіпсіз ұстау қағидаларын білуін тексеру үшін емтиханды қайта тапсыруға жолданады. Емтихан тапсырмаған жағдайда рұқсаттың күші жойылады, - деп жазылған жауапта.
Кеше ғана бірнеше облыста қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қару-жарақтар табылғаны хабарланған еді.
Қазақстан халқының неше пайызы үйінде қару ұстайды
KAZINFORM – Қазақстанда 200 мыңнан астам азаматтық қару иесі тіркеуде тұр. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі Kazinform сауалына жолдаған жауапта айтылған.
- Қазіргі уақытта елімізде 200 мыңнан астам азаматтық қару иелері тіркелген. 2024 жылы қаруды иеленуге шамамен 1 мыңнан астам қару иелерінің рұқсаттары тоқтатылып, күшін жойған.
Қазақстан Республикасының жиырма бір жасқа толған аңшы куәлігі бар азаматтары аңшылық қаруды сатып алу құқығы бар, - деп жазылған жауапта.
Бұл 20 миллионнан астам адамның 1 пайызы деген сөз. Азаматтық қару иелерінің ең көбі Алматы, Астана қаласында, Алматы және Қарағанды облыстарында тіркелген.
- Қару азаматтық айналымда пайдалану мақсатына (өзін-өзі қорғау, спортпен айналысу және аң аулау үшін сәйкес бөлінеді). Қаруды сақтау мен алып жүруге ішкі істер органдары берген рұқсат негіз болып табылады, - делінген ІІМ мәліметінде.
Кеше ғана бірнеше облыста қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қару-жарақтар табылғаны хабарланған еді.
Қазақстандықтар арасында атыс қаруының қай түріне сұраныс жоғары
KAZINFORM – Қазақстан заңдары бір отбасында неше атыс қаруын сақтауға рұқсат береді? Kazinform Ішкі істер министрлігіне осындай сауал жолдады.
- Заңда бір отбасына қару иелену нормасы қарастырылмайды. Қаруды сатып алу рұқсаты жеке тұлғаға беріледі.
«Жекелеген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау жасау туралы» Заңға сәйкес Қазақстан Республикасының азаматы сатып алған қарудың жалпы саны: аңшылық ойық ұңғылы қаруы – екі бірліктен; тегіс ұңғылы – екі бірліктен; өзін-өзі қорғау қаруы, оның ішінде тегіс ұзын ұңғылы атыс қаруы не газды тапаншалар, револьверлер не электрлі қару – екі бірліктен аспауға тиіс, - деп жазылған жауапта.
Сондай-ақ министрлік мамандары қазақстандықтар арасында аң аулауға арналған тегіс ұңғылы атыс қаруына сұраныс жоғары екенін айтады.
- Олардың қандай түрі мен маркалары сұранысқа ие екенін, қару иесінің таңдауына байланысты деп пайымдаймыз. Себебі қару-жарақ дүкендерінде әртүрлі қару үлгілерінің үлкен спектрі ұсынылады, - делінген министрлік мәліметінде.
Осыған дейін елімізде кімдерге үйінде қару ұстауға тыйым салынғаны туралы жазған едік.
Есімжан Нақтыбай