Қазақстан аумағындағы техногенді-минералдық қалдықтың массасы 55 млрд тонна болды
|

KAZINFORM — Елдегі техногенді-минералдық қалдықтарға инвентаризация жүргізіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын нағаспаев мәлім етті.
— Қазақстанда 1 700-ден астам техногенді-минералдық қалдықтар тіркелген, олардың жалпы массасы 55 млрд тонна болады. Олардың негізгі бөлігі Павлодар, Қарағанды және Қостанай облыстарында орналасқан және 67%-дан астамы бөлу балансын жүргізуді талап етеді. Бүгінгі таңда Сирек металдар және сирек жер металдары саласын дамытудың кешенді жоспары аясында техногендік-минералдық қалдықтарды инвентаризациялау жұмыстары басталды. Осы жұмыстар қалдықтарды бағалауға, өңдеуге және экологиялық жобаларға инвестиция тартуға мүмкіндік береді, — деді Ерсайын Нағаспаев.
Оның айтуынша, аталған 55 млрд тонна қалдықтың 11%-ы ғана өңделеді.
— Ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш 70-80%-ға жетеді. Қазірдің өзінде мыс, алтын, темір және басқа да шикізатты өндіру кезіндегі қалдықтар қайта өңделіп жатыр. Мысалы, Коунрад компаниясы өз кен орнының техногендік қалдықтарын пайдаланып, жылына 12 мың тонна мыс өндіреді — бұл еліміздің бүкіл мыс өнеркәсібінің шамамен 3%-ын құрайды.
Соңғы екі жылда қалдықтарды қайта өңдеуге арналған жалпы сомасы 47,8 миллиард теңге болатын 3 жоба іске қосылды. — Алдағы 2 жылда құны 37,3 миллиард теңге болатын 4 жоба іске асырылады, — деді министр.
Бұған дейін елімізде карбонды полигондар құрылатынын жазған едік.
Есімжан Нақтыбай




