Қазақ астығына шетелден сұраныс азайды
|
Жыл басынан бергі 8 айда Қазақстан 2,4 млн тонна астық экспорттады. Бұл өткен жылдың осы уақытындағы көрсеткіштен 10,1% аз.
Ал экспорттан түскен табыс көлемі 10,4% азайып, $381,9 миллионды құрады. Бұл соңғы бес жылдағы ең төменгі көрсеткіш.
Айта кетейік, 2012 жылдан бері қазақ астығы әлем нарығындағы саудасы тұрақты төмендеуде. Мәселен, 2012 жылы экспорттан түскен табыс $1,2 млрд болса, 2013 жылы бұл көрсеткіш 41%, 2015 жылы тағы 35% төмендеген.
Сонымен қатар жыл өткен сайын нарықта астық бағасы арзандап барады. Биыл бір тонна астық бағасы $158,2 болды. Бұл өткен жылғыдан 0,3% арзан, ал 2012 жылғы көрсеткіштен 23,4% төмен.
Астық бағасының арзандауы әлемдік тренд. БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының болжамынша, АҚШ пен Аустралиядағы егістік шығымының төмендегенімен, баға қымбаттамайды. Өйткені әлемдік қор сұранысты толығымен жауып отыр.
Қазақ астығын ең көп сатып алатын елдердің алғашқы бестігінде өзгеріс болды. Өзбекстан мен Тәжікстан негізгі тұтынушылар болып қала берсе, Ресей мен Иран «бестіктен» шығып қалып, олардың орнын Италия мен Қырғызстан басты.