Қазақ ақпарат көздерінен: "Қазақстанды жоқ" деген Никоновтың орталығы Қазақстанда бар
Қазақ ақпарат көздерінен: "Қазақстанды жоқ" деген Никоновтың орталығы Қазақстанда бар
4 жыл бұрын 2478

Қарағанды қаласында "Орыс әлемі" қорының қолдауымен "Орыс орталығы" ашылды. Бұл Қазақстандағы бірінші орталық емес. Үшінші. Бұған дейін Ақтөбе мен Алматы қаласында ашылған. Орталықтың мақсаты орыс тілді ортаны қолдау, Ресей мен Қазақстанның байланыс аясын кеңейту, мәдениет алмасуды арттыру дейді. Алайда 2014 жылы Украинада "орыс әлемін қорғау" атты желеумен соғыс бастаған Ресейдің әрекетіне қарап, шынайы ниетіне күмәнмен қарамасқа амал жоқ.

"Орыс әлемі" қорының басшысы атышулы Никонов. Иә, Қазақстанның тарихи және территориялық заңдылығына күмән келтірген ресейлік депутат, арандатушыны айтамыз. Естеріңізде болса ол 2020 жылы желтоқсан айында "Қазақстан деген болған емес. Солтүстік Қазақстанда тіпті халық жоқ еді. Халық болды, бірақ тек оңтүстікте. Жалпы Қазақстан аумағы Ресей империясы мен КСРО-ның сыйлығы" деген еді. Міне, солай қазақ жерінің тұтастығына қауіп төндіретін сөздер айтқан Никоновтың орталығы Қарағанды қаласында ащылып отыр. Вячеслав Никонов Алексеевич Ресей Думасының депутаты, "Саясат" қорының басшысы, "Ресей бірлігі үшін" қорының төрағасы, "Орыс әлемі" қорының басшысы болып табылады. Әлеуметтік желілер арқылы арнайы роликтер жасап, КСРО кезеңін қалпына келтіруді қалайтынын ашық білдіреді.

Қазақстанда Қарағандыдағы орталыққа дейін екі орталық ашылған. Олардың мекен-жайы мен байланыс нөмірі жайлы russkiymir.ru сайтының орталықтар каталогінде нақыт ақпарат берілген. Ақтөбе қаласындағы басшысы Емельянова Елена Владимировна, ал Алматы қаласындағы басшысы Уматова Жанна Максутовна деп көрсетіліпті. Каталогке Қарағанды қаласындағы орталық жайлы ақпарат әлі салынып үлгермеген сияқты. Каталогтер тізімінен байқағанымыздай Орталық Азияда Түркіменстан мен Өзбекстанда "Орыс әлемі" орталықтары жоқ.

"4-маусым күні Қарағанды қаласында "Орыс орталығы" ашылды. Бұл біздің Қазақстандағы үшінші орталығымыз. Бұған дейін Алма-Ата және Актюбинск қаласында ашылған еді" деген хабарлама russkiymir.ru сайтында шыққан еді. Алайда бүгінде ол хабарлама сайттан өшіріліпті. Сайтта олар "Алма-Ата, Актюбинск" деген отарлық кезеңнің атауын жазғанына қарап, біздің елімізге деген пиғылын білуге болады.

 

Бөкетов атындағы Қарағанды университеті бұл хабарламаға өздерінің ресми жауаптарын берді. "Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ресми парақшасында келесідегідей ақпарат жарияланды: «6 маусымда А.С.Пушкиннің туған күні қарсаңында тойланатын халықаралық орыс тілі күніне орай филология факультетінде орыс тілі мен әдебиетінің оқу кабинеті ашылды. Өкінішке орай, осыған байланысты кейбір ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жарияланған мәліметтердің шынайы болмағандығын айта кету керек.
Университетте соңғы уақытта тілдерді сапалы оқыту үшін ағылшын, неміс, қытай, түрік тілдерінің кабинеті ашылғандығын атап өткіміз келеді. Аталмыш ашылған кабинеттің «Орыс тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша оқып жатқан білім алушыларға және алыс-жақын шетелден келген студенттерге орыс тілі мен әдебиетін меңгертуді мақсат ететіндігін түсіндіреміз.
Бұл кабинетті ашу мәселесі Қазақстандағы Ресейдің Төтенше және Өкілетті Елшілігімен 2017, 2018, 2019 жылдары талқыланып, шешімін тапқан.
Екіжақты өзара келісімнің негізінде 2021 жылы сәуір айында берілген 1038 дана оқу әдебиеті филология факультетінде орыс тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша оқитын студенттердің оқу аудиториясына қойылды" дейді олар.

Осы хабарламаға байланысты сайттан ақпарат алынған сияқты. Жалпы орыс әлемі деген желеумен Ресейдің өзге елде талай былық жасап жатқанын көз көріп, құлақ естуде. "Қазақстанды жоқ, болмаған" деген Никоновтың орталықтары Қазақстанда болуы ұлттық мүдде тұрғысынан да, елдік тұрғысынан да үлкен сын.

Ка мырза

Abai.kz

Қазақстандағы «Иванов синдромы»...

1965 жылы КСРО Мәдениет министрлігінің шақыруы бойынша франциядан «Coco Chanel» модельдері Мәскеуге келді. Мәскеуліктердің аузы ашылып, көздері бақырайып қалады...

Модельдер еліне қайтар алдында қызыл алаңда кеңес әскери формасындағы адаммен суретке түсуді қалапты, бірақ бұл мүмкін емес деген жауапты естиді. Сосын модельдер: «Олай болса қандай бір құқық қорғау органдарының формасындағы адам болса да болады», - деп мәдениет министрлігіне өтініп тұрып алса керек.

Алайда, социализмді орнатушылар үшін буржуазиялық қоғамның адамымен, оның ішінде модельмен бірге суретке түсу масқара деп саналатындықтан, суретке түсуге ешкімнің де батылы бармапты. Себебі олармен бірге суретке түссе «позор» болатын еді, сондықтан олармен бірге суретке түсу мүмкін емес жағдай болатын.

Алайда министрліктің қысымымен жаңадан жол полициясына қызметке алынған Ивановқа жоғарыдан әскери бұйрық беріліп, суретке түсіруге шешім қабылданыпты. Ол: «Маған екі модельмен бірге фотоға түскеннен гөрі граната ұстатып, неміс танкісіне қарсы жіберіңіздер»,- деп жоғарыға өтініш жолдапты. Бірақ сержант Ивановқа: «Бұл Ұлы Отан атынан берілген тапсырма!», - деген нық бұйрық беріліпті.

Ақыры сержант Ивановымыз амалсыз фотосессияға қатысып, ол аяқталғанша басынан аяғына дейін екі көзін тарс жұмып алып суретке түсе берген екен. Тіптен фотосессия аяқталғаннан кейін 10 минуттай көзін ашпай тұрып алыпты. Онысы көзімді ашып қалған кезде жаман буржуазиялықтар байқатпай суретке түсіріп қоймасын деген сақтығы дейді. Осылайша біздің Ивановтың суреті тарихқа айналды, бүгінде оны тарихшылар «Иванов синдромы» деп атайды...

Иә, КСРО кезінде бүкіл кеңес халқы осындай қоғамда, осындай оймен өмір сүрген болатын ...

Ленин құрған Совет үкіметі заманында 70 жыл бойы қазақтар: «Коммунизмге тек орыс тілінде ғана жетуге болады!», - деген үстемдік құрған ұран арқылы, тек тілі ғана емес, миы да орыстанған, санасы да толығымен орыстанған болатын, сол тенденция əлі сақталуда!

Тəуелсіз ел болғанына 30 жыл толғанына қарамастан, елді билеп отырған «орыс тілді» билік əлі күнге «Иванов синдромының» елесінен арылмаған, Кеңес билігінің сарқыншақ әулетінен екені қазақ қоғамына жасырын емес...

Оның қарапайым бір мысалы, «ҚР-ның Мемлекеттік тіл туралы» заң шығарудан әлі күнге дейін өлердей қорқып, «Ивановша көзін тас қылып жұмып алып» ашпай отырғаны!..

Амантай Тойшыбайұлы

Abai.kz 

Орыс тіліне «шет тілі» мәртебесін беру керек – БАҚ

Бұл пікірді ақын, әдебиетші Ықылас Ожайұлы «Азаттық рухы» сайтына берген сұхбатында айтты.

Қазір елімізде орыс тілінің пәрмені қазақ тілінен де асып кетті дейді Ықылас Ожайұлы.

«Біз ұлттық мемлекетпіз бе, әлде федерациялық па? Егер кешегі Алаш арыстары армандаған «әрбір істе қазақ иісі аңқыған» деген ұлттық мемлекет болсақ, онда қазір орыс тілінің пәрмені өте жоғары, ал қазақ тілінің пәрмені төмен деңгейде деп айтуға болады. Жалпы, біз бір нәрседе қателесетін секілдіміз, ол тілге коммуникация құралы деп қарау көзқарасы. Тіл ешқандай коммуникация емес. Ол – болмыс, тағдыр. Тілге деген құрмет – өзіңнің ішкі «меніңе», эгоңа, антологиялық, биологиялық болмысыңа деген құрмет. Егер тіл білу төмендесе, тұтас болмыс төмендейді», – дейді Ықылас Ожайұлы.

Спикер қазақ тілінің әлсіздігінен ұлтымыздың рухани болмысы әлсіреп бара жатқанын айтты.

«Күйшінің, әншінің, этнографтың – қазақ тілді кез келген сала маманының ахуалы әлсіз. Өкінішке қарай, тілмен бірге тұтас ұлт жұпыны халге түсіп тұр. Француз философы Эмиль Шарон: «Адам елде емес, тілде өмір сүреді. Ел дегеніміз бар болғаны тілдің өзі ғана» дейді. Біз өзі елміз бе? Ел болатын болсақ, мына жағдай болмайды.

Менің түсінігімде, орыс тілі Қазақстанда бейне бір бізге қосамжар жаратылған, сөйлемесек болмайтын тіл. Ал дұрысында, мемлекеттік туын тіктеген Қазақстан үшін орыс тілі тек шет тілі болуы керек. Ағылшын тілі сияқты тек шет тілі деңгейінде оқытылуы керек. Пән ретінде оқытудың қажеті жоқ. Өйткені, ол біздің тіліміз емес. Жалпы, біздің ұлттық мемлекетті армандайтын болсақ, орыстан кіндігімізді үзу мәселесін көтеру керек. Бізді ел қылмай тұрған нәрсе – орыспен тілдік, ақпараттық, экономикалық байланыс – эмпатиялық күш. Жалпы, тәуелсіздік дегеніміздің өзі орысқа ғана қатысты дүние. Сондықтан, әуелі осы мәселенің басын ашу керек», – дейді ақын.

0 пікір
Мұрағат