Оралдық кәсіпкер, бірінші топтағы мүгедек Біржан Қожақов сал ауруына (ДЦП) ұшыраған балаларға арналған жаңа құрылғы жасап шығарды (фото)
|
Кәсіпкердің сөзіне қарағанда, өткен жылғы қазан айында Астана қаласында әлеуметтік жобаларға арналған жиында Қазақстанда сал ауруына шалдыққан балаларға арналған құрылғы шығаратын кәсіпорын жоқ екендігін, оны еліміз Ресей, Түркия, Германиядан әкелетінін білген. Сол сапардан оралғаннан кейін балаларды емдейтін «Шапағат» медициналық әлеуметтік мекемесінің дәрігер мамандарымен кеңесіп, ресейлік өнімдердің олқылықтарын ескере отырып, тік тұрғызғыштарды (вертикализатор) шығаруды қолға алды. Кәсіпкер отыздан астам тік тұрғызғышты рамазан айында өңірдегі арнайы емдеу мекемелері мен қоғамдық ұйымдарға тегін тарту етіп отыр. Облыста ДЦП ауруымен сырқаттанатын 900-ден астам бала есепте тұр.
Тік тұрғызғыштардың нарықтағы бағасы 250 мың теңгеден бастап 1 млн. теңгеден асады. Ал оралдық кәсіпкер шығарған құрылғылардың құны 35 мың теңге мен 120 мың теңге аралығында болмақ. Мұндай құрылғыларды сатып алу үшін мемлекет жыл сайын 5 млрд. теңгеге жуық қаржы бөледі. Егер жергілікті жерде қолға алынса, шығын екі-үш есе азаяр еді.
Біржан Қожақов басшылық ететін «Ғибадат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде облыс әкімі Алтай Көлгінов болып, кәсіпкердің қадамына қолдау білдірді. Өңір басшысының айтуынша, сал ауруына ұшыраған балаларға арналған құрылғыларды шығару үшін жаңа қондырғыны алуға «Юнисерв» компаниясы көмектесіп, 5,5 млн. теңге бөлген.
Кәсіпкердің мәлім еткеніндей, маусым айында іске қосылатын жаңа қондырғының көмегімен тік тұрғызғыштардың 33 түрін шығаруға болады.
Айта кетейік, 1971 жылы Ақжайық ауданында дүниеге келген Біржан Қожақов жол полициясында қызмет етіп жүрген кезде қыста қатты суыққа ұрынып, қос аяғынан бірдей айырылған. Сонда да мойымай, 2002 жылдан бастап тумбочка, шкаф, керуерт сынды жиһаз жасауды қолға алған. 2010 жылы «Ғибадат» ЖШС-ын құрып, қазір мұнда қырыққа жуық адам еңбек етсе, соның жиырма шақтысы - мүмкіндігі шектеулі шектеулі жандар. Кәсіпорын ұлттық ою-өрнекпен безендірілген бір ғана сандықтың 50-ге жуық түрін шығарады. Бесіктердің жиналмалы түрі де жасалуда. Сол секілді қазақы үстел, жер үстел, орындық секілді өнімдері көрші облыстарға да өтіп жатыр.
Мүгедек балалар үшін осылайша қамқорлық жасаған Б.Қожақов алдағы уақытта тігін цехын да ашып, үйлерінде отырған мүгедек әйелдерді жұмысқа қосқысы келеді.