Оқушылар ауыр сөмкенің кесірінен ауруға шалдығуы мүмкін
Оқушылар ауыр сөмкенің кесірінен ауруға шалдығуы мүмкін
10 жыл бұрын 5211

Шымкенттік мектеп оқушыларының күнделікті көтеріп жүрген жүгі белгіленген мөлшерден 2 есе артық. Бұған мамандар қала мектептерінің біріне барғанда көз жеткізді. Бұл жайында nur.kz сайты Отырар телеарнасына сілтеме жасай отырып, хабар таратты.  

Облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің мамандарына ауыр сөмкелерді табу қиын болған жоқ. Әсіресе бастауыш және 5-6-сынып ұл-қыздары асынатын сөмкелер шамадан тыс ауыр екені өлшемей-ақ көзге бірден көрінеді.

7 сынып оқушысы Ермек Омаровтың да көтеріп жүрген жүгі 4,5 келіні құрайтын боп шықты. Ал бұл салмақ жеткіншектің жасына сай емес, белгіленген нормадан екі есе артық.

Оқушы сөмкесінде, әдетте, мектеп құралдары, кітап-дәптерлері ғана болуы тиіс. Бірақ, қазіргі оқу бағдарламасына сәйкес күніне 5-6 сабақ болғанда оқушы осы пәндердің оқулықтарын түгел алып келетін болса, салмақтың артық болары да жасырын емес. Ал бұл балалардың денсаулығына зиян дейді мамандар.

"Күнделікті ауыр жүктің бала денсаулығына кері әсері — ол қазір оқушылар арасында кең тараған "сколиоз" ауруына алып келуі мүмкін. Ол бала омыртқасының қисаюына алып келеді", - дейді облыстық тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің бөлім басшысы Меруерт Серікбаева. 

0 пікір
Мұрағат