Оңтүстіктен солтүстікке үш мың студент аттанды
Оңтүстіктен солтүстікке үш мың студент аттанды
9 жыл бұрын 4247 Baq.kz

 Оңтүстіктен солтүстікке үш мың студент аттанды. Жақында тау бөктеріндегі «Бәй­­шешек» спорт-сауықтыру ор­та­­лығында облыс әкімінің орын­баса­ры Ерлан Айтахановтың облыс жастарымен кездесуі өткен.

Алқақотан кеңесте жастар өз­де­рін мазалаған сауалдарға би­лік өкілінен тұшымды жауап күтті. Соның бірі – Созақ аудандық мәдениет үйінде қызмет жасай­тын қарындасымыз баспана, жала­қы мәселесінің өзін қанағат­тандыр­майтынын айтқан. Әкімдік жастарға арнап баспана салмайды, адам көп болған­дық­тан жалақы мардымсыз. Қалай көсегеміз көгереді? Ерлан Қуанышұлы мемлекеттік «Серпін» бағдарламасы жайында жан-жақты талдау жасады. Расы керек, алтын құрсақ Оңтүстік мұ­найға болмаса да адамға бай. Мақ­таарал, Сарыағаш аудандары, Түр­кістан қаласында 250-300 мың аралығында тұрғын тұрады. Былай айтқанда шағын облыс­тың халқымен тең.

Алайда, хал­қы көп екен деп артық штат бө­­­лін­бейді. Сондықтан, маман­дығы бар жастардың жұмыс табу мүм­кін­дігінің шектеулі екендігі белгілі. – Қазақстанның қай жері болсын қазақ баласы үшін туған жері, – деді облыс әкімінің орынбасары. – Сен, қарындасым, солтүстік жаққа барсаң өзің сұраған мәсе­лелерді толықтай шешетініңе кү­мән­данбаймын. Ондай жақсы мысалдар көп. Оңтүстікте жұмыссыз жүрген­дердің солтүстікке барғанда бірінің мәдениет үйінің меңгерушісі, бірінің мектеп директоры болып тағайындалып, жемісті жұмыс жасап жатқандығын өз көзіммен көрдім. Мұнда жұмыссыздықтан қысылып, әлеуметтік мәселелерді шеше алмай жүргенше солтүстікке барып бағыңды сына. Отбасылы да боласың» деген. Біраз жастар бармаққа қопаң­дап қалған. Сол күн де жетті. Жақында оңтүстіктің үш мың студенті «Мәңгілік Ел жастары – индустрияға» бағдарламасы аясында солтүстікке сапар шекті.

«Серпін» бағдарламасы бойынша 19 оқу орнына техникалық және педагогикалық мамандықтарға 5 мың грант, 34 колледжге 1200 грант бөлінген. Павлодардағы Жаяу Мұса атындағы Ақсу колледжіне қа­был­данған Айтілеудің анасы Сұлу Махан баласының болашағы үшін енді алаңдамайтындығын айтады. Кәсібін меңгеріп шығады. Студенттерге шәкіртақы, жатақ­хана және қыстық киімдер бері­леді. Бәрі тегін. Оның сыртында екі рет еліне барып келуге жолақы қарастырылған. Бағдарлама бойынша 6495 жас өтініш жазса, оның 3 мыңнан астамы грант иесі атанды. Екі жаққа да тиімді бағдарлама мезгілі жеткен түйінді осылайша тарқатады.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан».

Оңтүстік Қазақстан облысы.

0 пікір
Мұрағат