Конституция вакцинаны міндеттеп салуға қайшы емес – Бас прокуратура
Конституция вакцинаны міндеттеп салуға қайшы емес – Бас прокуратура
5 жыл бұрын 2070 Кенжекей Тоқтамұрат

Міндетті екпені алмаған бала балабақшаға алынбайды деген норма жаңа құжатта қолдау тапқан. Бұл жайында azattyq-ruhy.kz ақпарат көзі хабар таратты. 

Мәжілістің бүгінгі күн тәртібіне «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің жаңа жобасы бірінші оқылымда талқыланды. Кодекске қатысты қорытынды әзірлеген мәжілістегі әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Зауреш Аманжолова хабарлағандай, Кодексте екпе міндетті және ерікті деп бөлініп, міндетті екпе түрлерін алмаған балаларды балабақшаға алмау туралы норма қолдау тапқан.

«Инфекциялық ауруларға қарсы вакцинация жүргізудің міндеттілігі бойынша норма қолдау тапты. Бұл ретте екпелер міндетті және ерікті болып айқындалды. Сонымен қатар, вакцинаның сапасын қатаң бақылау нормасы енгізіледі, оның сапасын кез келген уақытта тексеруге мүмкіндік беріліп, тексерулердің арнайы тізіміне енгізілді.

Сонымен қатар, екпе салынбаған балаларды балабақшаға қабылдауға шектеу қою жөніндегі норма қолдау тапты. Яғни, екпе салынбаған балаларды балабақшадағы ұжымдық иммунитеттің жоғары деңгейі сақталған жағдайда ғана алуға рұқсат беріледі», - дейді депутат Зәуреш Аманжолова.

Оның әріптесі, депутат Бекболат Тілеухан болса, бұл норма қазақстандықтардың конституциялық құқығына қайшы келеді дейді. Оның айтуынша, Үкімет вакцинаның міндетті екенін күштеп емес, «алдап-сулап» түсіндіру керек екен.

«Жалпы, заң жобасына көп күш салынды, біраз шаруалар жасалды, қоғамға қажетті біраз нәрселер қарайластырылды. Заң жобасына қолдау білдіремін. Бірақ, кодекстегі 89-баптың көлемінде қоғам дүрлігіп жатқанын жасырмаймыз. Мен сайлаушыларымның аманатын жеткізе отырып, осы 89-бапқа қарсы шығатынымды жеткізгім келеді. Жұмсақ күш, иландыра түсіндіру әдісімен көндірудің орнына бас көз жоқ «міндетті» деп, заңға қондырып, тізеге салудың қандай реті бар?

Үкімет күшіне сенбей ме, әлде еріне ме? Бас прокуратура өкілінен сұрайтыным, бас тартқан адам іс жүзінде заң бұзушы болып шыға келе ме? Конституциямыздағы  «әр адам өзінің денаулығын қорғауға құқығы бар, онымен бірақ міндеттей алмаймыз» деген бапқа қайшы емес пе? Маған түсіндіріңіздерші, маған түсіндіре алмасаңыздар, қоғамға түсіндіруге өте қиын болады. Неге біз міндеттеуіміз керек?», - деді Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен Бас прокуратураның өкіліне сұрақ қойған ол.

Елжан Біртановтың айтуынша,  вакцинадан бас тартудың салдарынан көп жылдан бері кездеспей кеткен инфекциялық аурулар қайта пайда болған.

«Қысқаша айтсақ, вакцинацияны міндетті түрде енгізу себебі – басқа азаматтарды инфекциялық аурулардан сақтау. Себебі, қазір, ата-аналардың екпеден бас тартуының салдарынан жалпы елімізде бұрыннан ұмытылған инфекциялық аурулар қайтып келіп жатыр. Бірақ одан тек қана сол балалар емес, онсыз да көптеген медициналық аурулармен ауыратын балалар ауырып, өліп жатыр. Сондықтан, көп мемлекетте бар тәжірибе, яғни, бәрі емес, кейбір вакцина міндетті түрде салынады, себебі басқа азаматтардың денсаулығын сақтау үкіметтің міндеті», - дейді Біртанов.

Ал, Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов екпеге міндеттеу Конституцияға мүлде қайшы емес дейді.

«Біздің Конституциямыз екі баптан тұрады, жалпы бап пен арнайы бап. Біздің  негізгі заңымызда басты құндылықтарымыз  - ол адам, адамның өмірі, адамның денсаулығы деп көрсетілген. Ал, Конституцияның жалпы бөлімі арнайы бөлімнен бір саты жоғары тұрады. Конституция егер адамның өміріне, денсаулығына қауіп төнсе, заңмен шектеу жасауға толық мүмкіндік беріп отыр. Сонықтан, Конституцияға қайшы емес», - дейді ол.

0 пікір
Мұрағат